Алқалы жиынға модераторлық еткен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған V Азаматтық форумға еліміздің барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан 365 делегат келіп қатысқанын, олардың өңірлерде өткен ҮЕҰ-лардың конференцияларында сайланғанын, сонымен қатар, форум жұмысына АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қырғызстан елдерінен ҮЕҰ-лар өкілдері келгенін атап өтті. Бұдан кейін Өмірзақ Шөкеев сөзді Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевқа берді.
Біз сіздермен ел өміріндегі аса маңызды тарихи кезең – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында кездесіп отырмыз. Небәрі 20 жылдың ішінде өзінің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығының нәтижесінде Қазақстан экономикасы қуатты, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты, демократиясы дамыған дербес мемлекетке айналды. Сөйтіп, біз терезесі тең, керегесі кең әлем таныған әлеуетті ел болдық, деді өзінің сөзінде Мемлекеттік хатшы.
Кешегі дүниежүзілік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамай, ауқымды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кірістік. Жер-жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, мыңдаған тұрғын үй, жүздеген шақырым жол салынды. Шәкіртақы, зейнетақы, жәрдемақылардың көлемі жыл сайын өсіп жатты. Осы жетістіктің баршасы ел бірлігінің, қоғамда қалыптасқан келісім ахуалының арқасында болды, деп жалғады сөзін Қ.Саудабаев.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы баршамызға, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар үшін айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың көреген саясаты азаматтық бастамалардың жүзеге асуына кеңінен жол ашты. Ол азаматтық қоғам институттарының қалыптасып, нығаюына негіз болды. Тәуелсіздігімізді нығайту жолында билік пен бизнес, азаматтық қоғам өкілдері әрдайым бірлесіп іс-қимыл жасап, қоғам алдындағы жауапкершілікті бірге көтерді. Сондықтан ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы Қазақстанның барша азаматтары үшін шын мәнінде үлкен асу, ортақ мерейтой, деді өз сөзінде Қанат Бекмырзаұлы.
Сондай-ақ Мемлекеттік хатшы 2003 жылдан бастап мемлекет тарапынан ҮЕҰ-лар жобаларын орталық және жергілікті деңгейде қаржыландыру көлемі 10 млрд.-тан астам теңгені құрағанын, тек ағымдағы жылдың өзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға 1 мыңнан астам ұйым тартылғанын, еліміздегі құқықтық базада әлеуметтік тапсырыстарды орындайтын ҮЕҰ-лар үшін салық төлемдері бойынша жеңілдіктер қарастырылғанын, мемлекеттік басқару органдарының барлық деңгейінде ҮЕҰ-лармен консультативтік кеңес органдары жұмыс істейтінін атап өтті.
Қ.Саудабаев сонымен бірге, мемлекеттік ҮЕҰ-лардың қандай мәселелерге көңіл аударуы маңызды екеніне тоқталды. Менің ойымша, ҮЕҰ-лар жетекші идеялармен және инновациялық жобалар негізінде қоғамдағы сан-салалы әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен әлеуетке ие, деді осы орайда Мемлекеттік хатшы. Үшінші сектор түрлі бағдарламалар әзірлеуге, оның ішінде мамандарды даярлау және қайта даярлау мәселелеріне қатыса алар еді. Сондай-ақ олар инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік және азаматтық институттар әріптестігінің жаңа үлгісін ұсына алады.
Ендігі бір маңызды мәселе Казнеттің, оның ішінде қазақ тілді контенттің дамуы. Осы орайда, уәкілетті органмен бірлесіп, қазақстандық ресурстардың жұмысын белсенді етуді және қолдауды да сіздер жүзеге асыра алар едіңіздер. Сонымен бірге, жұртшылықты мемлекеттік органдардың жұмысы мен олар көрсететін қызметке мониторинг жүргізу үдерісіне кеңінен тарту керек. Және қоғамдық сараптамалық тетіктерді мемлекеттік бағдарламалармен қоғамдағы маңызды мәселелерге қатысты тыңдауларды жүзеге асыруға да қолдануға болады, деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы жиналғандарға Елбасының құттықтауын жеткізді. Президенттің құттықтауында: «Форумның Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында өтіп отырғаны ерекше маңызды. Тәуелсіздік алып, қоғамды демократияландырғаннан кейін ғана елімізде азаматтық белсенділікке, қоғамдық бастамаларды іске асыруға және үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға кең жол ашылды.
Бүгінгі таңда еліміздің күмәнсіз жетістіктерінің бірі мыңдаған қазақстандықтар үшін азаматтықтың жоғары мектебі саналатын, маңызды стратегиялық бағдарламаларды әзірлеу мен іске асыруда мемлекеттің сенімді әріптесі болып отырған дамыған үкіметтік емес сектор болып табылады.
Осы жылдардың барлығында мемлекеттің күш-жігері үшінші сектордың қарқынды дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталды. 2006-2011 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы сәтті іске асырылды. Заңнамалар жетілдірілуде, әлеуметтік маңызды жобаларға арналған мемлекет шығыстарының көлемі артып келеді. Барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен үнқатысуы нығаюда, халықаралық институттармен ынтымақтастық аясы кеңеюде.
Бүгінде үкіметтік емес сектор ел өміріндегі маңызды міндеттерді шешуде, әлеуметтік маңызды бағдарламаларды іске асыруда мемлекеттің тең әріптесі бола білуде.
V Азаматтық форумның үкіметтік емес ұйымдардың одан әрі дамуына, олардың мемлекетпен ынтымақтастық тетіктерін нығайтуға жаңаша серпін беретініне сенімдімін.
Форумның қатысушылары мен қонақтарының жұмысына сәттілік және қоғам игілігі жолындағы қызметтеріне зор табыстар тілеймін!» делінген.
Өмірзақ Шөкеев форумға халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестердің айрықша назар аударғанын атап өте келе, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Зеньердің атынан құттықтау хат келіп түскенін жеткізді. Бұл құттықтауда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық сақтау ұйымының Бас хатшысы ретінде Л. Зеньер Қазақстанның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы тегеурінді қимылын айрықша атап өтіпті. Бұл ретте Бас хатшы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалық етуі мен Астана саммитіне тоқталып, 20 жыл ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктерін, әсіресе, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформалардың басым көпшілігінің орындалуында азаматтық қоғамның үлес салмағы айрықша екенін атап көрсеткен.
Азаматтық қоғамды одан әрі дамыту ісіне сәттілік тілеген осындай құттықтаулар Венгрия, Дания, Израиль, Италия, Польша, Түркия, Швейцария, Германия, Чехия, Қырғызстан, Беларусь елдерінің үкіметтік емес ұйымдарынан да келіпті.
«Коммерциялық емес құқық халықаралық орталығының» вице-президенті Наталья Боржелли мінберге көтеріліп, 20 жылдың ішіндегі Қазақстандағы ҮЕҰ-лар жеткен жетістіктердің айтарлықтай екеніне баса мән бере сөйледі. Азаматтық форум – азаматтық қоғамды дамытудың тиімді индикаторы және ол Қазақ мемлекетінің ашықтығын білдіреді. Саяси күш-жігер мен заңнама – азаматтық қоғамды дамытудың бірден-бір тетігі. Сондықтан, біздің ұйым халықаралық сараптамалық талдау орталығы ретінде ҮЕҰ-ларды заңнамалық тұрғыдан жетілдіруге күш салып келеді. Қазақстанда 1997 жылдан бастап жұмыс атқарып келеміз, осы жылдар ішінде Қазақстандағы азаматтық қоғамның белсенді дамуын көзімізбен көрдік. ҮЕҰ-лар саны едәуір артып, үшінші сектор кәдімгідей күшке айналды. Есімде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ҮЕҰ-ларды қаржыландыру шетелдің гранттары көмегімен жүзеге асырылатын. Ал қазір олар өздерінің шаруашылық қызметі арқасында халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып отыр. Жергілікті бизнестен және мемлекеттен ауқымды көмек алуда. ҮЕҰ-лардың осындай түрлі көздерден қаржылай көмек алуы олардың өз жұмыстарын атқару барысында тәуелсіз болуына қол жеткізді. Оларға деген көзқарас та өзгерді. Ендігі жерде үшінші сектор үкіметке қарсы сөйлейтін ұйымдар емес, олар еркін ой айтатын тәуелсіз сарапшылар, үкіметтің әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырудағы әріптестері, деді шетелдік мейман.
Бұдан кейін форум мінберіне бірінен соң бірі облыстардан келген делегаттар шықты. «Әлеуметтік әріптестік орталығы қоғамдық қорының» төрағасы Әлібек Бәймешов: «Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдағы маңызды жетістіктерінің бірі – азаматтық қоғамның қарқыны дамып келе жатқан негізгі институты – үкіметтік емес сектор деп санаймын. Қазіргі таңда 18 мың ҮЕҰ болса, ол ұйымдарда қоғамға бей-жай қарамайтын жарты миллионнан астам адам еңбек етіп келеді. Оның мысалы біздің облысымызда да көп», деді. Және ол Павлодар облысындағы бұрынғы банк қызметкерінің үшінші секторға келуінің арқасында микрокредит алу арқылы қалай тігін цехын ашқанын мысалға келтірді.
Қостанайдағы «Жастар және балалар ұйымдарының» белсенді мүшесі Наталья Шпагинаның мемлекеттік тілді еркін меңгеруі форумға қатысушыларға жақсы әсер еткенін айту абзал. Менің ойымша, өзіңнің мүмкіндіктеріңді кеңінен жүзеге асырудың ең тиімді тәсілі – қоғамдық ұйымдарда жұмыс жасау. Мемлекет пен ҮЕҰ-лар арасында әріптестік жастар үшін де жаңа көкжиектер ашады. Мен бірнеше жыл бойына Қостанайдағы Жастар ассоциациясында жұмыс істеймін. Оның нәтижесінде азаматтардың өздеріне қажетті ақпараттар алуларына мүмкіндік туғызғанымызға көңіліміз марқаяды. Біз аға буын ұрпақтың жолымен еркін әрі парасатты қоғамды құруды жалғастыруға дайынбыз, деген қостанайлық делегат қыз қазақ тілін еркін меңгерген жастардың республикалық ақпараттық тобын құру жөніндегі ұсынысын жеткізді. Біз елді мекендерге барып, жастармен кездесіп, Қазақстан мәдениеті мен тілдерді дамыту идеясын таратсақ дейміз, деді осы орайда Н.Шпагина. Қостанайлық қыздың сөзіне риза болған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Тіл туралы мың әңгімеден осындай бір сөз қымбат», деп жалпы елдің ықыласын жеткізгендей болды.
«Қазақстанның іскер әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Қазыбекова біздің қоғамдық бірлестік осыдан 10 жыл бұрын кәсіпкер әйелдер мүддесін қорғау мақсатында құрылған. ҮЕҰ-лар іскер және көшбасшы әйелдердің қатарын көбейтуде үлкен рөл атқаруда, дей келе, еліміздегі гендерлік саясатты дамыту бағытында айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Бұдан кейін «Еуропалық құқық институты, адам құқығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Марат Башимовқа сөз берілді. Марат Советұлы елімізде азаматтық сектор мен билік арасындағы қарым-қатынас жақсы жолға қойылғанына назар аударды. Мысалы, еліміздің заңнамалық жүйесін жетілдіруде үкіметтік емес ұйымдардың рөлі үлкен. Біз әрдайым, заңнамалық жобалардың жасалу барысына сараптама жүргіземіз. Қоғамдық бірлестік елімізде ғана емес, шет елдерде де өткізілетін іс-шараларға қатысып, қазақстандық азаматтық қоғамның үнін жеткізуге тырысады, деді ол.
Ал Ақтөбе қаласындағы «Сал болған жандарды қорғау қоғамының» төрайымы Құралай Бәйменова мүгедек жандардың үшінші сектордағы белсенді қызметіне тоқтала келе, Ақтөбе қаласында арбаға таңылған мүгедектерге арнайы 40 пәтерлі кең тұрғын үйдің пайдалануға берілуін айтуы да жиналғандарды елең еткізді. Шынында да, онсыз да тағдыр салған тауқыметі бар жандарды осындай қолдау барлық жерде керек-ақ. Тағдырларымен тайталаса жүріп, белсенді өмір кешіп жатқан осындай жандар өмірі кейбір қол-аяқтары балғадай, бірақ қамсыз жүретін жандарға үлгі боларлықтай-ақ.
«Темекі түтінінен ада Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова әңгімесін осыдан 7 жыл бұрын өздерінің қозғалыстарын бастап, журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, заң жүзінде темекіге тосқауыл қоямыз дегенде, олардың «бұл мүмкін емес» деп өздерін күлкі еткенінен бастады. Бірақ бүгінде біздің бастамамыз өзінің айтарлықтай нәтижесін берді. Қазір кешке қарай отбасылар өз бала-шағаларымен қоғамдық орындарда темекі түтінінен қорықпай, демалуларына болады. Бұл – Парламент депутаттары, Денсаулық сақтау министрлігі және қоғамның ортақ жеңісі. Бұдан біз нені көреміз? ҮЕҰ-лармен мемлекеттік органдардың әріптестігінен адамдардың денсаулығына зиян жоқ, елдің экономикасына нұқсан келмейді, орасан зор қаржы үнемделіп, темекі рыногындағы сыбайластыққа тосқауыл қойылады. 26 қыркүйекте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігін халықтың денсаулығын сақтаудағы тегеурінді саясаты үшін қолдап, ресми құттықтады, деді шешен.
Ақмола облысы Аршалы ауданындағы «Ақбота» қорының директоры Татьяна Нельцман ҮЕҰ-лардың ауылдардағы сан-салалы мәселелерді шешуге жәрдемдесетінін алға тартты, сондай-ақ, ол өздерінің тәжірибесімен де ортақтасты. Осы орайда, мектептерде жылыжай салып, тамшылатып суару әдісімен көкөніс өсіріп, оқушыларды әрі бағасы арзан, әрі сапалы көкөністермен қамтамасыз етіп отырмыз. Осылайша, біз бүкіл Аршалы ауданы тұрғындарына аз қаражат жұмсап, мол өнім алуға болатынын дәлелдедік. Бір сөзбен айтқанда, үкіметтік емес ұйымдардың ауылдарда атқарып жатқан жұмыстары Қазақстан экономикасына қолдау көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік реформалардың да жүзеге асуына септігін тигізіп отыр, деді Т.Нельцман.
Бұл күнгі форум жұмысы тек жарыссөздермен аяқталып қалған жоқ, оның соңы «Таным» сыйлықтарын тапсыру салтанатына ұласты. Аталған сыйлықтар үшінші сектордың белсенді өкілдеріне табысталды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.