Аймақтар • 24 Шілде, 2017

Көмір өнеркәсібінің жаңа жетістігі

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы Нұра ауданы­ның аумағындағы «Шұбаркөл Премиум» көмір разрезінде біздің елімізде бұрын-соңды болмаған көмір-химия зертханасы ашылды. Бұл жоба – «SGS» компаниясы мен өңірдегі көмір өндіруші ірі кәсіпорынның арасындағы әріптестік байланыстардың жемісі. Зертхана тұр­ғызуға жер телімін «Шұбаркөл Премиум» берген болатын.

Көмір өнеркәсібінің жаңа жетістігі

– Бұл  «SGS» компаниясының Қазақстан аумағындағы бірінші көмір-химия зертханасы. Аталған компания көмірді инспекциялау мен сертификаттау бойынша әлемнің көптеген елдерінде қызмет жасап келеді. Жаңа зертхана «Шұбаркөл Премиумның» клиенттер базасын арттырып, экспорттық нарыққа шығуына септігін тигізеді. Біздің сертификаттарымызды әлемдік трейдерлердің бәрі де мойындайды және біз мақұлдаған өнімдердің саны мен сапасына сенімді бола алады, – деді ашылу салтанатында компанияның минералды шикізат де­пар­таментінің директоры Алексей Зотов.
Шынында да, бұрын көмір сынамаларын Ресейдің Новокузнецк қаласына апаруға тура келетін еді. Талдаулар енді өзіміздің кен орнында жасалатын болды. Зертхана базасында көмір өндіруші кәсіпорындарға халықаралық үлгідегі сапа сертификаттары беріледі. 

– «SGS» компаниясымен біз бірталай уақыттан бері әріптестік байланыстамыз, – дейді «Шұбаркөл Премиум» көмір разрезі бас директорының бірінші орынбасары Александр Лонтковский. – Бүгінгі ашылып отырған зертхана – біз үшін айтарлықтай жетістік. «SGS» компаниясының көмір өнімдерінің сапасын басқару тәжірибесін пайдаланып, біздің көміріміз тек Қазақстанның ғана емес, сондай-ақ, Ресейдің де нарығын жау­лайды деген үмітіміз зор. 

Жаңадан ашылған көмір-химия зертханасы қазіргі уақытта күкірт құрамын Эшка әдісімен анықтау, күл құрамын анық­тау, ұшпа заттардың шығуын анық­тау, жалпы ылғал құрамын анықтау, отын жануының жоғары және төменгі жылуын анықтау және електік талдау жұмыс­тарын жүргізуде. Қызмет түрлері келе­шекте көбейе түспек. Зертхана талдауы­на өз көмірлерін тілек білдірген кәсіп­орындардың бәрі де өткізе алады. 

Айта кету керек, «SGS» компаниясы инспекциялық қызмет, сараптау, сынау және сертификаттау саласы бойынша әлемдік көшбасшылар қатарынан саналады. Оның дүние жүзінде 2 мыңнан астам кеңселері мен зертханалары жұмыс істейді. Ал 2016 жылдың ақпан айында құрылған «Шұбаркөл Премиум» ЖШС жылына жоғары сапалы 7,5 млн тонна көмір шығарады. Қарағандылық кәсіпорын мен әлемдік компанияның әріптестік байланысы көмір өнеркәсібін жаңа белеске көтереді деп сенеміз.

Мирас Асан,
«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,
Нұра ауданы