«Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін қазақтың мақалы да, «Өз тоныңды жамандап, Қамқаны қайдан табарсың?» деп келетін бұрынғы жырау-ақындарымыздың толғамы да, ұлттық сананы сергектендіріп серпілтудің бүгінгі биік талабы да нақ осыған саяды.
Ықылым замандардан бері жер-жаһан танып, ерекше құбылыс ретінде мойындалып келген қазақтың қасиетті киіз үйі және оған қоса күй өнері – халқымыздың қастер тұтар екі мұрасы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, бүкіл адамзаттың асыл қазыналарының қатарына қосылды. Содан бері бұл қатарды қазақтың айтыс өнері, Наурыз мейрамы, қазақ күресі, құсбегілік пен саятшылық толықтырғанын айту лазым. Ендігі кезекте Қорқыт ата мұрасы, қазақтың асық ойыны бүкіл адамзаттық мұралар тізімінен орын алуы тиіс. Ұлттық құндылықтарымыздың әлемдік, халықаралық деңгейде ұлағатталуы жалғаса бермек.
Осы жылдың басында көнеден жеткен көзайымымыз Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болып танылғаны туралы қуанышты хабар алғанымыз жамағаттың есінде болар. Ал Ұлы Дала елінің қаншама ежелгі қалалары Ұлы Жібек жолының бойына орналасып, сол замандардағы әлемдік өркениет ықпалымен өркендеп дамыған. Солардың бірі – бүгінгі Астанамыздың түпатасы Бозоқ. Бір ғана Қызылорда облысының аумағында Жібек жолының бойында тұрған сегіз қала болған екен. Алдағы уақытта Ұлы Жібек жолының ЮНЕСКО тізіміне енетіні де еш күмәнсіз. Олай болса, Қазақстанның ежелгі қалалары да әлем жұртына бұрынғыдан да мәшһүр бола түспек.
«Алтын Емел» мен «Қаратау» қорықтарының да осынау халықаралық мәртебелі тізімнен орын алғанына мерейленеміз. Әлбетте, халқымыз: «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» деп тегін айтпаған. Олай болса, қазақ жерінің інжу-маржандары санатындағы Бурабайды, Алакөлді, Баянауыл-Жасыбайды, асқаралы Алтайды, алтын қойнаулы, кеңқолтық Алатауымызды, Ақсу-Жабағылыдан тартып ордалы Оңтүстігімізді, Каспий мен Балқаштың жаһұт жағалауларын, ұлы тарихтың тұнбасындай Ұлытауды халықаралық туризмнің танымал мекендеріне, тіптен Меккелеріне айналдыру жолында азаматтарымыз білек сыбанып, кеңінен байыптап, қажырлы іс-әрекеттерге кіріскені абзал.
Ежелден бергі ұлттық құндылықтарымыздың бірі һәм бірегейі кәдімгі киіз үйіміз екені белгілі. «Ұранымыз – Алаш, керегеміз – ағаш!» деген тәмсілдің де төркіні осында жатыр. Көшпенді бабаларымыздың бақ-берекелі баспанасы – киіз үйді әлем-дүние арғы замандарда-ақ түстеп таныған, қадіріне жеткен. Көшпелі сақ тайпаларының киіз үйде тұратынын алғаш рет ертедегі грек тарихшысы Геродот жазды. Киіз үйдің табиғатқа үйлесімділігі, адамдарға ыңғайлылығы соншалық, сан ғасырлар бойы бабаларымыз оны өзгертуге, қайта жасауға, басқа пішін беруге еш тырыспаған. Бұл – киіз үйдің мінсіздігінің бір дәлелі. Киіз үйді көзімен көріп, түнеп шыққан сырт жолаушылардың оған таңданбағаны жоқ десе болғандай. IX ғасырда өмір сүрген қытай ақыны Бо Цзюийдің киіз үй туралы ғажап өлеңі осыны аңдатқандай. «Киізіне жүні кеткен мың қойдың, Шаңырағы қайыңынан күнгейдің. Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем, Дей алмаймын ағашына мін қойдым. Сайын дала оның мекен тұрағы, Бірде көрсең терістікте тұрады. Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай, Бір қарасаң түстік жақтан шығады. Шым жібектен мықты белбеу байлаған, Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?!
Кірсең жылы, іші қыз-қыз қайнаған, Көкжиектей дөп-дөнгелек айналаң» деп басталатын Несіпбек Айтұлы аударуындағы осы тамаша жыр киіз үйді сонау көне заманда-ақ келістіре сипаттаған. Ал біздің дәуірімізге дейінгі 107 жылы Үйсін ханына ұзатылған қытай қызы еліне: «Мені ұзатқан Үйсін патшасының елі көшіп жүреді екен. Дөңгелек үйлерде тұрады екен. Оны киізбен жабады екен» деп хат жазыпты. Осыдан 1000 жыл кейін араб саяхатшысы Худуд ал-Алем өзінің «Әлем шекарасы» атты кітабында көшпелілердің жазы да, қысы да өздерінің дөңгелек киіз үйлерінде өтетінін жазып кеткен.
Осы тұрғыдан келгенде, сүйініп айтар сүйкімді істеріміз де жоқ емес. Енді болмаса жоғала жаздап, елес-сұлбасы ғана қалған ақындар айтысын сонау сексенінші жылдары ақберен азамат Жүрсін Ерман бастап көтеріп, кең өріске шығарды. Көп қажыр-қайратын осы айтыс өнерін өркендетіп өрлетуге арнап келеді. Одан бері айтыс халықаралық мәртебе иеленді. Қазақтың айтыскер ақындары ана жылы Париж төрінде де жыр дауылын соқтырғанына өзіміз де күә-дүр болғанбыз. Ресейдің Романовтар әулетінің мұрагер князі қол соққанын көзіміз көрді. Айтыс өнеріміздің осындай ұлағатын басқа ұлттық құндылықтарымызға да жұғысты қылсақ, кәне!
Нақ осы айтыс сияқты, соңғы алты-жеті жылдың әлетінде қазақ күресі де сәтін салып, қазақтың намыскер нарқасқа жігіттерінің арқасында бүкіл Азия құрлығына, арысы әлемге тәп-тәуір әйгіленіп келеді. Белгілі тележурналист, қайраткер Арман Шораевтың бастамашылығымен іске асқан «Қазақстан барысы» аламан додасы ел ішінде де, шет елдерде де қашанғы қазақ күресіне деген ықылас-ынтаны қайтадан арттырып, ұлттық құндылықты ұлықтаудың шынайы үлгісін жарқыратып жайып салды. Осындай жақсы тәжірибені басқа орайларда да оңынан пайдалансақ қолымызды кім қағады!?
Қазақтың жан-дүниесі – қазақтың әнінде. Әуелі, халықтың өзінің әнінде. Бұл арада қазақтың әнін қазақтың күмбірлеген қоңыр күйінен әсте бөлмейміз. Қадыр ақын айтпақшы, нағыз қазақ – домбыра болып қала бермек. Қазақтың жан-жүрегі батырлық және ғашықтық жырларында. Орыстың ұлы ақыны Пушкин Оралға келген кезінде «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырына қызығуы, соның желісімен поэма жазуға құштарлануы тегін емес. Далалықтардың бекзат болмысы толқытқан поляк ақыны Густав Зелинский «Қазақ» деген дастан жазса, екінші бір поляк зерттеушісі Адольф Янушкевич киіз үй ішіндегі қазақтың би-шешендерінің, ақсақалдарының ағынды бұлақтай алапат сөз толғауларына таңдай қағады. Шоқанның досы Григорий Потанин: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деу арқылы қазақтың асқан өнерпаз, сұлу жанды халық екенін айғақтайды.
Осының дәлеліндей, Александр Затаевич қазақтың мың әнін жинап кітап етіп бастырып жатса, Әміре бұл кезде, 1925 жылғы Париждің дүниежүзілік көрмесінде «Ағаш аяқ» пен Ақан серінің «Балқадишасын» бастырмалата шырқап, қазақ әнінің әлемге танылуына алғашқы сүрлеу-соқпақты тартып та жіберген еді. Сол сүрлеу-соқпақтың сүйегі үзілмей, Күләш, Бибігүл, Ермек, Амангелді Сембин сияқты саңлақтар арқылы бүгінгі Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Димаш Құдайбергендерге жетіп, әлемде қазақ әнінің мерейін тасытып жатқанына тағы да мың мәрте шүкір, тәубе дейміз.
Қалай десек те, қазақтың нағыз жан байлығы, ақыл-парасатының азбас-тозбас нұры – кітапта. Сонау бабалар сөзінен бастау алатын осы рухани байлығымызды өзіміз ғана біліп қоймай, әлем халықтарына да оқыту, білгізу – парыз. Бұған дейін «Абай жолы» мен «Қан мен тер» сияқты әйгілі романдарымыз ғана там-тұмдап шет тілдеріне аударылған. Жақында Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» және Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романдары ағылшын тіліне аударылып, Американың баспасында шығып, Батыс жұртына таралып жатқан жағымды хабарына жанымыз сүйінді. Бұған демеушілік жасаған Атымтай жомарт азаматтарға тусаң ту!.. деп алғыс жаудырдық.
Ал енді осы әдебиет пен ғылым, басқа да гуманитарлық шығармашылық салаларындағы ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін әлем жұртшылығына таныстыру ісіне бұдан былайға жерде мемлекет тарапынан ауқымды қолдау, ұйымдық-қаражаттық демеу жасалатынына қайтіп қуанбассың. Төл мәдениетіміздің асыл қазыналары іріктелмек. Әрине, нағыз асылды жасықтан айыру да оңай шаруа емес. Жоғары талғам мен жауапкершіліктен жаңылмағанымыз абзал. Қалай болғанда да, Қорқыт ата, Қожа Ахмет Ясауи, Бұқар жырау, Махамбет, Абай, Мағжандар, жалпы отандық мәдениет әлемнің ең айдынды алты тілінде сөйлемек, мультимедиялық тәсілдермен де әлемнің талғампаз көрермен-тыңдарманына жол тартпақ. Е, бәсе! Ұлттық жауһарларымызды ұлықтасақ осылай ұлықтайық. Қазақтың құндылықтары жаһанға өз ұлағатымен таныла білсін. Шу қаракөк!
Қорғанбек Аманжол,
«Егемен Қазақстан»