Аймақтар • 24 Шілде, 2017

Маңғыстау – мүмкіндігі мол өңір

157 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында нақтыланған міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді. Бұл орайда, бұрыннан қолға алынған ауқымды шаралар оң нәтижелер көрсетіп, шешімін күткен түйткілдер еңсеріліп, жаңа жобалардың ел игілігіне айнала бастағаны көңіл қуантады.

Маңғыстау – мүмкіндігі мол өңір

Каспий теңізінің жағалауында орналасқан Маңғыстаудың бүгінде екінші тынысы ашылғандай. Бұған дейін «қара маржанымен» аты әйгіленген аймақ, енді тараптарды байланыстырып, тонналаған жүк айналымдарының өткізгішіне айналып, сол арқылы ел экономикасының дамуына да, алыс-жақындағы елдермен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға да атсалыспақ. Бұл бағыт­тағы шаралардың барлығы Елба­сы­ның Үкіметке 2020 жылға қарай тран­зиттік тасымалдың жылдық көлемін ұлғайтуға қатысты берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.

Бағзы дәуірде «Жібек жолы» керуен жолының сүрлеуі шиырлаған дала жаңа заманға сай жаңаша серпіліп келеді. Ғасырлар бойы құлазып жатқан сары сахарада жаңа темір жол желілері тартылып, маң далада жаңа ауылдар бой көтерді. Теңіз жағасынан жаңа айлақ­тар ашылып, қазақстандық жаға­лауға келгіштейтін кемелер көбей­ді. Бұған дейін көбіне сырт әлем­мен әуе жолы арқылы байланыса­тын Маң­ғыстауда халықаралық маңыз­ға ие автокөлік, су жолдары және темір­ жол ауқымы кеңейді, желісі ұзарды. Мысалы, Өзен-Болашақ, Шалқар-Бейнеу, Боржақты-Ерсай жаңа темір жол желілері пайдалануға беріліп, 400 шақырымнан астам автокөлік жолы жаңғыртылды. Бұл – тың қозғалыс, үлкен серпін. 

Бұл жаңаша түлеудің басында Мем­­лекет басшысы Н.Назарбаевтың барды бағалай білуге бастаған тапсыр­малары мен міндеттері тұрғаны белгілі. Әсіресе, «еуразиялық транскон­ти­нен­талдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру тапсырмасы – өлкеде атқарылып жатқан алуан жұмыс­тың ұйытқысы болды. Бүгінгі Маң­ғыстау – жаңа еуразиялық логисти­калық инфрақұрылымды дамытуға бел­сене кіріскен өңір. Қазір аймақ­та теңіз порты жүк айналымын арттыру, өңірдің инвестициялық тартым­ды­лығын көрсету бағытында елеулі жұмыс­тар жүргізілуде. Портты өңірде логис­ти­калық жобалар­ды жүзеге асыру – еліміздің Каспий теңізін­дегі қуатын арттыруға негіз­делген. Ақтау халық­аралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңей­ту және Құрық портын жетілдіру жұмыс­тары – Қазақстанға екі бағытта тауар тасымалдауға мүмкіндік береді. Бірінші бағытта Қазақстан арқылы Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне жүк та­сы­малын жүзеге асырсақ, екін­ші бағытта Қорғастан Ақтау портына дейін, Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға, Грузияға шыға алатын боламыз. Бұл елімізге тауар айналымын еселеп өсіруге жол ашады. Осы мүмкіндіктер Маңғыстаудың өткізгіштік, дәліздік белсенділігін танытып, Қазақстанның ірі логистикалық хабы болуына сеп болмақ. 

2016 жылы  Құрық паром кешенінің алдыңғы бөлігі – темір жол желісінің және солтүстік бағытта кеңейтілу жұмыс­тарының іске қосылуы нәтиже­сінде Ақтаудың өткізгіштік қуатын жылы­на 19,5 тоннаға арттырып, тәулі­гіне 5 кемеге қызмет етуге, сон­дай-ақ, жүк өткізуді жылына 4 млн тон­наға дейін жеткізуге жол ашты. Маңыз­дылығына сай бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі және қарқынды сипат ала түсетін болады. 2020 жылға қарай су және темір жол арқылы жүк тасымалы артып, темір жолмен жүк тасымалдау 7 есеге көбейсе, биылғы жылға тауар тасымалын 1 млн тоннаға межелеген Құрық портының екінші кезеңі автомобиль өткелін салумен ол көрсеткіш 6 млн тоннаға жететін болады. Яғни, порттың құрылыс жұмыстары аяқталған соң ол әмбебап айлаққа айналып, мұнда барлық жүк түрлері қабылданады және өзге елдерге жөнелтіледі, флот­тағы кемелер саны 20-ға жететін бола­ды. Сондай-ақ, Құрық портының екін­ші кезеңінің аяқталып, пайдалануға берілуі баламалы бағыттар бойынша автокөлік тасымалын дамытуда бәсекелестік ахуал қалыптастырады. 

Маңғыстаудағы тауар тасымалына қатысты алуан жобалар шетел инвестор­ларының жоғары қызығу­шылығына ие және өңір инвесторларға тек тартымды болып қана қоймай, олардың жемісті еңбек етуіне, өз қиялдарындағы ауқымды жобаларды іркілмей іске асыруына барынша жағдай жасап отыр.

Гүлайым Шынтемірқызы,
«Егемен Қазақстан» 

Маңғыстау облысы