Аймақтар • 24 Шілде, 2017

Кездесу соңы – келісім

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Даму үшін тұмшаланып жатып алу жарамайды. Инвестиция тарту, алыс-беріс, барыс-келіссіз алға жылжу болмақ емес. Алматы облысы шаруашылықтың барлық саласында осындай әріптестікті дамытуға күш салып келеді. Мүмкіндігі мол халықаралық деңгейдегі инвесторлар мен компанияларды ел экономикасының нығаюы үшін пайдалана білу де маңызды. Осы мақсатта облыс әкімі Амандық Баталов «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерциялық емес серіктестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковецпен кездесті.

 Кездесу соңы – келісім

Әрине, Ресей тарапы да бұл кездесуге мүдделі екенін айта кету керек. Себебі, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен болашақтағы жоспары кім-кімнің де өз ісін сенімді түрде бастауына мүмкіндік береді. Бұл турасында әкімнің меймандарды облыстың тыныс-тіршілігімен таныстыру кезінде кеңінен әңгімеледі.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер Алматы облысы – еліміздегі ірі аграрлық өлкелердің бірі болғандықтан мұнда қант қызылшасы, майбұршақ, жүгері өсіріледі. Әсіресе, өңірде қант қызылшасын жандандыруға барынша көңіл бөлудеміз. Өткен жылы Көксу қант зауытын іске қостық. Ал биыл Ақсу қант зауытын іске қосу үшін инвесторлар тартылды. Жалпы, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне қолдау білдіруге, ауылшаруашылығын дамытуға барлық жағдайды жасап келеміз. Инвесторларға көрсетілген зор мүмкіндіктердің арқасында көптеген шетелдік ірі компанияның бірі өз кәсіпорындарын ашып жатса, енді бірі зауыттарының құрылысын бастап та кетті. Соның ішінде ресейлік «Лукойл» және «Роллтон» зауыттары да бар. Әріптестік қарым-қатынас нәтижесінде бұдан да өзге ірі кәсіпорындар мен зауыттар салынады деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Айта кетерлік бір жайт, Олег мырза осы өңірдің тумасы болып шықты. Осыдан алты жыл бұрын арнайы сапармен бір келіпті. Сол кезде 90 жылдардағы кейпінен адам танымастай жаңа кейіп тапқан Талдықорғанға бір таңданса, биылғы сапарында алты жылдың ішіндегі өзгеріске екі таңданып отырғанын айтумен сөзін бастаған «Еуразиялық іскерлік кеңес» коммерциялық емес серіктестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы:

– Осы киелі мекенде өмірге келгендіктен, бұл жер маған өте ыстық. Өңірдің бүгінгі келбетін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Біршама игі істердің атқарылғаны бірден байқалып тұр. Енді алдағы уақытта ынтымақтастықпен халық игілігі үшін қызмет ететін боламыз. Мен төрағалық ететін ұйым Еуразия аумағындағы кәсіпорындар мен компаниялардың арасындағы сауда-экономикалық әріптестікке негізделгендіктен, әрине, сіздердің шақыруларыңызды барынша тиімді пайдаланып, барлық мүмкіндікті жіті таразылаймыз. Сол себепті бүгінгі кездесуіміз қос тарапқа да нәтижелі болатындығына сенімдімін, – деді.

Кездесу соңы – келісім болмағы шарт. Өзара жинақы әңгімеден соң қос тарап сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпалдасу жөніндегі ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Олег Сосковецтің облысқа сапары мұнымен аяқталған жоқ. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен кездесті. Отырыста біздегі шағын және орта бизнестің аяқ алысымен танысып, болашақта екі ел кәсіпкерлері арасында берік ынтымақтастық орнату жайында сөз қозғалды.

Алмас Нүсіп,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы