Медицина • 25 Шілде, 2017

Қаржы пирамидасы да бір, қақпан да бір

775 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қарапайым халықтың қалтасын қағатын қаржы пирамидалары айылын жияр емес. Оп-оңай жолмен олжалы болғысы келетіндер талай адамды үптеп келеді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бізге берген мәліметі бойынша, қаржы пирамидаларына қатысты тек биылғы 6 айдың ішінде өндіріске 21 қылмыстық іс келіп түскен. Тексерудің нәтижесінде 9 қыл­мыстық іс сотқа жөнелтілген. Олардан келген жалпы шығын 11 миллион тең­гені құрапты. Ал іске күдікті тұлғалардың 2,6 миллион теңге көлеміндегі мүл­кі тәркіленген. Қалған қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амал­дары жүргізілуде. Жалпы, осы мерзім ішінде қаржы пирамидасының тұ­за­ғына түскен 100-ден астам адам құзырлы органға шағымданған екен.

Қаржы пирамидасы да бір, қақпан да бір

Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен...
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тар­тады» демекші, ел жұмыссыздыққа, қаржылық дағдарысқа тап болған кезде қаржы пирамидалары да қаптап кете­ті­ні заңды. Алайда, қазір соншалықты қы­сыл­таяң кез емес. Іздесең жұмыс та табылады. Бірақ көптеген адамдардың қаржы пира­ми­дасының қармағына түсуіне не түрткі бо­лып жүр?! Жұртшылық жеңіл жолмен ақша табуға құнығып кеткен бе дейсің осындай кезде.

Адамзат тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасын 1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф ұйымдастырды. «Ғасыр пирамидасы» атанған бұл алаяқтық жүйе 40 жылдық ғұмырында 50 миллиард қаржыны құрдымға жіберіп, 3 миллион адамды күйзеліске ұшыратқан. Уолл-стритті дірілдетіп жіберген ғасырдың ең ірі қаржы пирамидасының күйреуі 2007-2008 жылдардағы Америкадан бастау алған қаржы дағдарысымен тұспа-тұс келді. Бұл пирамидаға талай америкалық банктер мен халықаралық қорлар ақша салған деседі...2009 жылы Бернард ұсталды. Оның айла-шарғысынан әбден күйген Нью-Йорктің соты Бернардты бірден 150 жылға соттап жіберді. Бұл туралы биыл «Лжец. Великий и Ужасный» деген фильм де шықты. 
 Ал ТМД елдеріндегі ең үлкен қаржы пи­ра­мидасы «МММ» компаниясы болды. Әлем­дегі үлкенді-кішілі бәсекелестерінен оқ бойы озып, шырқау биікке көтерілген пи­рамида 15 миллионға жуық салымшы жинаған. Оның негізін қалаған Сергей Мавроди ұсталып, тұтқындалды да. Бірақ жаза­сын өтеп шыққаннан кейін де ол бірнеше қаржы пирамидасын құрастырды. Ресей билігі тарапынан талай рет қудалауға ұшыраса да оның пирамидасы бертінге дейін жұмысын жалғастыра берді. 

Ал Қазақстанда 1994 жылдары дағдарыс етектен тартқан тұста «Смағұлов және Ко» деген шығып, аңғал халықтың 630 миллион теңгесін үптеп кеткенін білеміз. Оның негізін қалаушы Н.Смағұлов 35 мың адамды алдаған деседі. Былтырлары «Оптовка» деген шығып, жұртшылықтың қалтасын сыпырды. «Qnet» деген атышулы компания да түкке тұрғысыз заттарын сатып, талайды қақпанына түсіргені мәлім.

Міне, көріп отырғандай, қаржы пирами­да­ларының жұртшылықты байлыққа ке­нел­тейін деген ойы жоқ. Олардың мақсаты – өзгенің есебінен өздерінің қалтасын қам­пай­ту.

Тұзаққа түсіретін түзілім
Қаржы пирамидасының құрылу сызба­сы­ның өзі адамды арбайды. Мұнда әрбір адам пирамида құруға кіріседі. Ең төменгі сатысы – жүйеге жаңадан кірген адам. Ол байи келе, пирамиданың ұшар басына жетіп, бас айналдырарлық табысқа кенеледі-мыс. 

Зерттеулерге сүйенсек, қаржы пи­ра­ми­да­ларын екі топқа бөліп қарастыруға бо­лады. Алғашқысы, қаржы пирамидалары өз­дері құрған жүйемен жұмыс істейді. Ал екін­шісі, әу баста заң шеңберінде қаржы институттары болып құрылып, кейін біртіндеп пирамидаға айналғандар. Бұлар микрокредиттік ұйымдардың атын жамылып жұмыс істейді, жарнамасын жүргізеді. Сол себепті ешқандай кепілсіз, белгілі бір талап-шартсыз шағын несие беремін немесе кәсіпкерлік құрып беремін деген жарнамашыл ұйымдардан аяқ тарта жүрген абзал. 

Қаржы пирамидалары адамдарды арбаудың небір айла-шарғыларын мең­гер­ген. Қазіргі таңда елімізде «Questra Holdings Inc.» компаниясының дәурені жү­ріп тұр. Бұлардың «жоғары пайыздық мө­л­шерлемемен сыйақы береміз» деген құр­ғақ уәдесіне сенген аңғал жұрт аталған ком­панияға еуролап қаржысын салып жатыр.

«Квестра» өзін салымшыларына инвес­ти­циялық компания ретінде таныстырады. Клиенттеріне ұсынатын сыйақысы да қо­ма­қ­ты. Мысалы, «Квестраның» ең арзан «White» пакеті бойынша €90 көлемінде инвес­тиция салсаңыз, ол қаражатыңыз ер­тегі батырларындай сәт санап өседі. Апта­сына – €4, айына – €16, ал жылына €187 табыс табасыз. Бұл енді сұмдық өсім. Ап­та сайын телефоныңызға ақшаңыздың кө­бей­іп жатқаны туралы хабарлама келіп тұр­а­ты­нын қайтерсіз?! Бірақ мұның бәрі – виртуалды қаржы. 

«Квестра» компаниясы туралы ақпарат­ты интернеттен біз де іздестірдік. Бірақ ком­панияны жарнамалаған бірнеше бейне­ро­ликтер мен түрлі-түсті фотосуреттерден бас­қа ештеңе таппадық. Жарнамалық сайтта Questra World компаниясының лицензиясы, басшылығы, мекенжайы және байланыс нөмірлерінің көрсетілмеуі де күмән ту­ғызады. 

Еліміздің Бас прокуратурасы Ұлттық банк­пен, Ішкі істер министрлігімен, Мем­лекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, «Questra Holdings Inc.» компаниясының қызметін жан-жақты зерттеген. Сөйтсе, «Квестра» Кабо-Верде Республикасында ор­на­ласқан «Atlantic Global Asset Manag­me­nt» компаниясының еншілес кәсіп­оры­ны бо­лып шыққан. Олар «клиенттерін» ком­па­нияның өкілдері мен веб-сайты арқылы тартады екен. 
Бас прокуратураның Қылмыстық қуда­лау заңдылығын қадағалау департаменті бас­тығының орынбасары Бақыт Абаевтың мә­ліметінше, бүгінде «Questra Holdings Inc.» компаниясының іс-әрекетіне қатысты қылмыстық істер қозғалып жатыр. Айталық, Қызылорда облыстық ІІД-мен бірге, биыл наурызда компанияға қатысты Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Мамыр айында Қызылорда облысының құқық қорғау органдарымен «Квестраға» қатысты тағы да 3 қылмыстық іс қозғапты.

Аталған қылмыстық істер Бас прокура­ту­раның нұсқауымен бір өндіріске бірік­ті­ріліп, тергеуді жүргізу үшін Ішкі істер ми­нистрлігіне жолданған. Қазіргі кезде кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Қаржы пирамидаларын құру және оларға басшылық етумен айналысқан «Квестра» өкілдеріне қатысты осындай қылмыстық істермен Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының ішкі іс­тер департаменттері де айналысып жатыр. 
Ал Ұлттық банктің мәліметі бойынша, «Квестра» қаржылық ұйымдардың тізіміне енгізілмеген. Олардың депозит қабылдауға, ашуға және банктік есеп шоттарды жүргізуге лицензиясы да жоқ. Австрия, Бельгия, Чехия, Словения және Ұлыбритания секілді елдердің ұлттық банктерінің ресми сайттарында «Квестраға» ақша салуға қатысты ескертулер айтылғанын біз де көпшілікке ескертіп қояйық.

Алаяқтар ауыздықталуы тиіс
Қаржы пирамидасы жүйесімен алаяқтық жасайтын үлкенді-кішілі компаниялардың көбейіп кетуіне байланысты еліміз осыдан үш жыл бұрын Қылмыстық кодекстің 217-бабына қаржы пирамидасын құру мен оған басшылық етуге қатысты жаза түрін енгізді. Осы бап бойынша, кімде-кім қаржы пирамидасын құрса, оған басшылық жасаса, қылмыстың ауырлығына байланысты мүлкін тәркілеумен қоса, он екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы кодекстің 150-бабында қаржы (инвестициялық) пирамидасы қызметiнiң жарнамасын шығарған, таратқан және ор­наластырған азаматтар әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылатыны айтылған. 

Қаржы пирамидаларының іс-әрекеті қаншалықты қауіпті екенін құзырлы орган­дар айтып-ақ келеді. Қаржы министр­лі­гінің Мемлекеттік кірістер комитеті бас­қармасының бас сарапшысы – аса маңыз­ды істер бойынша аға офицер Жұма Ерден­нің айтуынша, барлық қаржы пирами­да­сына ортақ бірнеше белгі бар. Олар банк депозиттерінің жылдық пайызынан әлде­неше асып түсетін жоғары кірісті уәде етеді. Бі­рақ табысты қайдан алатынын, негізгі ба­ғыт-бағдарын, инвестициясын ашық көрсетпейді. Тек аңғал халықты жинап алып, әдемі сөйлеп, мерекелік безендірген буклеттер таратып, қысқа мерзім ішінде жоғары мансапқа қол жеткізетіні туралы тәтті «ертегілер» айтумен шектеледі.

Тиісті орган қор нарығында жоғары кіріс­терді уәде еткен осындай компания­лар­ды тексерген кезде, олардың ешқандай да бир­жа нарығында сатылым жүргізбейтінін, тек жаңа салымшылар есебінен қаржысын көбей­тіп отырғанын анықтаған. Сондықтан маң­дай термен келген әрбір тиын ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін сақ болған жөн, дейді Жұма Ерден. 

Түйін 
Қаржы табудың пирамидалық тәсілі – бұрыннан дәлелденген алдамшы жүйе. Мұндай компаниялар белгілі бір жоспарын орындаған кезде көкке ұшқандай ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Сан соғып, жер сипап қалатын баяғы қараша халық. Әлемдегі ең мықты деген инвестициялық компанияның өзі жылына 30 пайыз сыйақы беруі мүмкін. Ал қаржы пирамидасының уәде ететін үстемесі айына – 20 пайыз. Мұндай «батпан құйрық» болған емес, болмайды да. Егер ақшаңыз соншалықты асып-тасып жатса, нарықта аты белгілі, қаржы жүргізуге құқы бар инвестициялық компанияларға немесе екінші деңгейлі банктерге салыңыз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»