Жат жұрттың жігітін сүйіп, жар болуға байлам жасағанша бойжеткендер ұзақ жүрді. Күтті. Сол аралықта қарагөздің жүрегін жаулап алса, жарылқаса қайда қалды қазақтың жігіттері? Әйелдің бақыты – бойжетіп, етегін жапқаннан кейін тұрмыс құрып, ана атану. Ана атанып, перзент сүюге тиіс ару жіпсіз байланып жігітті күткенімен, уақыт, физиологиялық мүмкіндігі күтпейді. Тістеніп алып, тұрпайы сөздерді қарша боратып, бұйрық шығарып отырған аузы жүйрік жігіттер көңіл білдіріп, сөз салмаған соң, амалсыз өзге ұлттың жігітіне кете барады.
Орысқа шыққан да, түрікке тиген де, арабтың алақанында жүрген де, неміспен некеге тұрып жатқандар да жетерлік. Қайсысы болса да, үлгі алатын, жарнама жасайтын дүние емес. Бірақ соңғы кездері дау-дамайы өршіп тұрған қытайлық «күйеубалалар» мен африкалықтарға келгенде, біздің қоғам тым қатал-ақ: оларды «атып», «асып тастайды». Ұрынарға қара таппаған кейіппен қара күші тасыған кей жігіттер «қытайға тиген қыздарды не істеуге болады?» деп кәдімгідей бас қатырып ойланады...
Осы байбаламның ішінде қытайға тиген қазақ қыздарының статистикасы да белгілі болды. Соңғы алты жылда 253 қазақ қызы қытай азаматына тұрмысқа шыққан. Ал таза этникалық қытайлықпен некеге тұрғаны – 34 қыз, қалғаны – Қытайдағы өз қандастарымызбен шаңырақ көтерген. Марқұм Мақаш Тәтімов ағамыз көзі тірісінде: «Қытайдың 50 млн еркегінің бір-ақ пайызы, яғни бес жүз мыңы Қазақстанға келсе, олар қазақтың демографиялық ортасын бұзып жіберуге қауқарлы» деп зар қақсайтын. Әрбір еркек пен әйел – қазақ ұлтының генофонды. Ал генофондқа түбірімен қарсы демографиялық геноцид «сақтанғанды ғана сақтайды».
Әрине, қыз біткеннің бәрі Е.Сидоркинді ессіз ғашық етіп, соңынан сабылтып Қазақстанға іздеп келуге мәжбүр жасап, қазақ өнеріне қатар жүріп қызмет еткен Гүлфайрус Исмаилова емес. Аралас некеде тұрғанның бәрі шетел асып жатқан жоқ. Қазақ қыздарының не себепті жат жердің жігіттеріне тұрмысқа шығып жатқанына ерінбей әлеуметтік зерттеу жүргізетін болса, ондаған, бәлкім жүздеген себебі анықталған болар еді. «Экспортқа» кетіп жатқан епті қыздар туралы айтылатын ертегілердің сюжеті де стандартты: өз елінен теңін таба алмай, ақбоз атты ханзадаға жолығып, бір езуінен бал, бір езуінен май ағып, бақытты өмір сүріп жатыр. Шіркін, солай болса ғой. Ата-анасының көңілін жығып, туған-туысын жерге қаратып, төңірегінің талқысына түсіп, жат жұртқа жетіскеннен кетпейтіні және ол жақта жүріп те ертегідей өмір кешпейтіні белгілі дүние. Аралас некеде болған бір әпкеміз «тілі, діні басқа адаммен бірге өмір сүру үнемі стресте жүруге мәжбүрлейді» деген еді. Білген соң айтады да.
Таныс сіңлілердің бірі қарашай жігітіне күйеуге шығатын болды. Отызды орталап қалған, белгілі компаниялардың бірінде тәп-тәуір қызмет істеп жүрген көрікті қызға бәрі де салған жерден өре түрегеліп «мұның не?» десті. Әсіресе ата-анасы, бауырлары ер тоқымын бауырына алып тулады. «Үшінші мүшелімді толтырып, қырыққа аяқ басқан мені қазақ жігіті енді керек ете қоймас. Қыздар әр жігітке бір үмітпен қарайды, ал олар үйленуге асықпайды. Кімді күтетінін, нені күтетінін білмейсің. Сезімін білдіруге қорқатын, жақсы көретінін айтуға жігері жетпейтін, батылсыз жігіттерден шаршадым. Жұмысым бар, көлігім бар, жағдайым бар, отыздан асқанша осының бәрін өз қолыммен жасадым, ендігі жерде не жұмысы жоқ, не жауапкершілігі жоқ, шірік-шірік иномаркасымен түнімен таксилетіп, өз күнін әрең көріп жүрген жігітке қалай күйеуге шық дейсіңдер?» дегенде, аспанға шапшып әл бермей отырған туыстары үндей алмай, көзімен шер шұқыды. Қазір екі баланың анасы. Қап тауының арғы жағынан да, бергі жағынан да қаптап келіп жататын ерінің туыстарының көңілінен шығып, дәстүрін ұстанып, сол елдің салтына сай жасаған қызметіне қай-қайсысы да дән риза. Бастысы, бақытты. Ал, заты әйел болып жаралған соң ол бақытты болуға лайықты. Қыз баласы кімге тұрмысқа шықса да, отбасының шарты біреу ғана – сыйластық, жұбымен сыйласып өмір сүру. Жайнаған жастық шағы төбесінен ауып бара жатқан соң бақытты болуға талпынды, тапты, ол үшін кінәлі емес.
Әңгіме тіпті де қазақ қыздарының шетелдікке тұрмысқа шығуы туралы емес. Қыз баланы кемсіту, әйел затын төмен тұту менталитеті шығысқа тән сипат болса да, ажырасуы атымен жоқ, зәуде бір «талағы» айтыла қалса, құлаққа тұрпайы емес, таң-тамаша естілген дәстүрлі қазақ отбасылық институты бұрын-соңды ері қызын қара есекке теріс мінгізіп, дәл осылай лағнеттеген қарадүрсін кепті басына ешқашан кимеген болар?!
Заман басқа, оқиға бөлек болса да, тектік, ұлттық ойлау жүйесі күшті халық қандай зауал төнсе де, замана ығына құламай затын, тамырын сақтайды. Жан-жағын жайпап келе жатқан жаһандану үрдісінде болмай қоймайтын жат әрекеттің бәрінен ата дәстүрден нәр алған мықты иммунитет қана қорғайтыны белгілі шындық. Аралас некенің астарында саясат жата ма, қыз жатжұрттық жігітпен жарасым таба ма, шетелдікке тұрмысқа шығатын қыздың құқығы заңмен шектеле ме, бәрі де сол үздіксіз үрдістің болмашы бір көрінісі ғана.
Жаһандану дәуірінде «неге жатқа кетесің» деген сауалдың өзі мағынасыз әрі күлкілі екенін тартысты мәселеге орай үн қатқандардың ішінде жалғыз-ақ саясаттанушы Айдос Сарым айтты. Саясаттанушы қазақ жігіттерін еңбекқорлыққа, парасаттылыққа, ынжық болмауға шақырды. Ол: «Жалпы, қыздарымызды ешкімге бермейміз, ойбай-ойбай дегеніміздің өзі аграрлық, архаикалық сана. Яғни, қыздарды жылқымен, басқа малмен тең санау. Жігіттер! Мықты болсақ жұмыс істейік, ынжық болмайық, ит болмайық, бәсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-бақуатты болайық! Ешкімгі тіл тигіздірмейік, тұмсықтыға шоқытпайық, бай мен бастыққа қорлатпайық! Сонда қыздарымыз ешқайда қашпайды, теңін ішінен іздейді»,–деген қорытынды жасады. Бұдан асырып қалай айтуға болады?
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ