Аймақтар • 25 Шілде, 2017

Ауруға – ем, сауға – қуат...

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен «Қызылжар жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен облыс-та алғаш рет «Балқымыз» фестивалі өтіп, ұлттық салт-дәстүрлеріміз кеңінен дәріптелді.

Ауруға – ем, сауға – қуат...

– Шара қымыз фестивалі атал­ғанымен, оның аясында ұмы­тылып бара жатқан басқа да дәс­түр­леріміз насихатталатын бола­ды. Фестивальдің символдық бел­­­гі­­сі­не тарпаң мінезді жылқы таң­­дап алынды. Жерлес ғалым Виктор Зайберттің археологиялық зерттеулеріне сүйенсек, бабаларымыз түліктің төресін осыдан бес мың жыл бұрын қолға үйретіп, үй жан­уары ретінде тұрмыста пайдаланған. Бие байлап, қымыз ашытқан. Оны Айыртау ауданы, Ботай қонысынан табылған деректер айғақтайды. Игі бастамаға көпшілік қолдау көр­сетсе, құба-құп болар еді, – деді жи­нал­ғандар алдында сөйлеген сөзінде кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова мен қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ерлік Мұхамеджанов.
Қымыз мерекесі төрт бағытта ұйым­­дас­тырылып, тұлпарлар ше­руімен басталды. Оған өңірдің барлық аудандарынан келген ат­бегілер қосылып, орталық көше­лер­мен салтанатты жағдайда жү­ріп өтті. Сәйгүліктер сайысында жа­­лынан бастап тұяғына дейін кү­міс­пен өрнектелген әбзелдермен бе­­зендірілген Айыртау ауданы бі­рінші орынды иеленді. 

Мерекені қызықтаушылар Ағын­­­­тай мен Қарасай батырлардың ес­керт­­кіші жанындағы үлкен алаң­ға ті­гілген киіз үйлер мен шатыр­лар­ға кіріп, адам ағзасына шипа­сы мол сусынның бал қымыз, уыз қы­­мыз, май қымыз, дөнен қымыз, жуас қымыз, құнан қымыз, тү­немел қымыз түрлерінен дәм татты. Дастарқандарға қазы-қарта, жал-жая, құрт, ірімшік, қоспа, жент, са­ры­май қойылып, ұлттық ас мә­зірлерінің қадір-қасиетін арт­тыра түсті. 800 литрден астам қымыз қолжетімді бағамен лезде сатылып кетті. «Облыста біздің шаруа­шылық қана қымыз дайындаумен айналысады. Қазір 43 бие сауылады. Озық технология пайдаланылады. 270 литр қымыз әзірлеп едік, аз әкелгенімізге өкініп қалдық. Менің ойымша, бір шара аясында шектеліп қалмай, жүйелі өткізуге күш салу керек. Сосын бір айтарым, фестивальға «Қымызмұрындық» деген атау берілсе, құлаққа жылы, көңілге қонымды естілер еді», дейді «Арқалық» шаруа қожалығының жетекшісі Нағашыбай Барлыбаев. 

Ауылдық кеңес әкімі Сайран Байда­лина соңғы кездері «Құлан» бағ­дарламасы арқылы жылқы өсі­руге ниет білдірушілердің Тими­рязев ауданында көбейіп келе жатқанын, солардың бірі «Қып­шақбаев» шаруа қожалығы қымыз өнді­руге кіріскенін жеткізсе, Қы­зылжар ауданының өкілі Қалима Мұ­қажанова қымыздың, құрттың, жент­тің, ірімшіктің бірнеше түрін әке­ліпті. Оның айтуынша, Бескөл ке­нтінде тұратын Ақлима апай ұлттық сусынды баптаудың білгірі көрінеді. Күбіде әбден пісіліп, жылқының не қойдың майы сіңген болмаса үстіне саумал құйылып, жұмсартылған не екі түнегеннен кейін қотарылған қымыздың дәмін бірден айырады. Осындай бесас-пап жандардың тәжірибелерін алып қалуымыз керек. Қазір 10 бие ұстайды, дейді ол.

Қымыздың дәмділігі бойынша Тимирязев ауданы бірінші орынға лайық деп танылды.

Қолөнер шеберлері жұрт­шы­лыққа ағаштан, сүйек­тен, тастан жа­салған туындыла­рын ұсынды. Ағайынды Қал­дыровтардың іс­мер қолынан шық­қан астауды Ресейден келген қан­дасымыз Бо­ран­бай Бижігітов сөзге келмес­тен сатып алды. Жетпістен асқан кел­леровтық ақсақал Дауей Шатарбайұлы Моңғолияда меңгерген ата-баба дәстүрін кейінгі буынға талмай үйретуді мақсат тұтқан. Сүйектен, тастан, мүйізден жасалған бұ­йым­дар көздің жауын алады. Та­йын­шалық Ілияс Баймағанбетов халықтық жәрмеңкеге жүген, құ­йысқан, өмілдірік секілді ат әб­зелдерін, алты, он екі таспа етіп өріл­ген қамшылар алып келіпті. Та­рих пәнінің мұғалімі бола тұра шәкірттерін ұлттық өнерге баулып жүргені сүйсінтеді. 

Ұйымдастырушылардың күш са­луымен қайта жаңғыртылған «Сақа» ұлттық ойынында М. Қозы­баев атындағы Солтүстік Қазақстан мем­лекеттік университетінің сту­денті Ұлан Төшкенов қарсылас шы­датпады. 

Шынында да, «Жылқыдан асқан мал бар ма?, Қымыздан асқан дәм бар ма?» (Ақтамберді жырау).

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
 Солтүстік Қазақстан облысы
 Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ