Үкімет • 25 Шілде, 2017

Елімізде есірткі айналымымен күрес күшейтіледі

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында есірткі айналымын бақылау саласындағы заңнама түзетулерінің жобасы қаралды.

Елімізде есірткі айналымымен күрес күшейтіледі

Осыған орай, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов халықаралық тәжірибеге сәйкес, есірткілер айналымын бақылау бойынша БҰҰ халықаралық комитеттерінің ұсыныстары мен Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің тұжырымы бойынша тыйым салынған заттардың ұлттық тізімін бекіту туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Үкіметтің тиісті актті қабылдауы елдегі тыйым салынған есірткі құралдарының тізімін нарықта пайда болып жатқан психикалық белсенді заттардың жаңа түрлерімен шұғыл толықтыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, есірткілердің ұлттық тізімі 88 негізгі, әлеуетті қауіпті психикалық белсенді заттармен толықтырылады. Бұл ЕАЭО мемлекеттері мен есірткі айналымын бақылау бойынша БҰҰ халықаралық комитетінің бақылауындағы синтетикалық есірткілердің барлық тізімін қамтуға мүмкіндік береді.

Соның нәтижесінде, «Есірткі заттары туралы» заң арқылы тек бақылауға алынған есірткілердің айналымы ғана емес, сонымен қатар болашақта шығуы мүмкін жаңа түрлері де реттелетін болады.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есiрткi құралдары, психотроптық заттар, оларға ұқсас заттар және прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды және Парламент қарауына жіберіледі.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»