Футбол • 25 Шілде, 2017

Стойлов: «Легия» командасын фаворит деп есептеймін

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі «Легия» командасына қарсы ойын алдында БАҚ өкілдеріне арнап жиналыс өткізді.

Стойлов: «Легия» командасын фаворит деп есептеймін

Бізді ертең маңызды әрі жауапты ойын күтіп тұр. «Астана» өз деңгейінен жоғары өнер көрсетуі керек. Соңғы кездері елордалық ұжым өз дәрежесінде ойнай алмай жүр. «Легия» сөзсіз бұл кездесудің фавориті болып есептеледі. Дегенмен, әр ойында фавориттер ғана жеңе бермейтіні бесенеден белгілі. Кімнің жеңіске деген құлшынысы жоғары болса, сол басым болады.

Марин Томасовты тізімге қосып үлгердіңіздер ме?

Әзірге бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Ойыншыларды толығымен тіркеу үшін біздің аздаған болсын уақытымыз бар. Бәрі мен ойлағандай болады деп ойлаймын.

Өткен ойыннан кейін команданың өту деңгейін төмен бағаладыңыз…

Біз жаттығу кезінде қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Максималды деңгейге көтеру үшін тынбай дайындалдық.

Бұл ойында қақпаға гол жібермеу ең басты мақсат па?

Әрине, гол жібермеу басты мақсаттарымыздың бірі. Дегенмен де өз тактикамызды қолданып, жеңіске жетуге тырысуымыз керек.

Синтетикалық алаңда өнер көрсету «Астанаға» басымдылық болып есептеле ме?

Бұрынғы алаң жақсы еді. Қазір жаңасы болғандықтан аздап қиындау. Доп та жылдам ұшпайды. Бірақ бастысы екі команда бір алаңда ойнайды емес пе?!  

«Спартак», «Тобыл» командаларына қарсы ойындағы негізгі құрамда өзгеріс бола ма?

Томасовтың жағдайы әзірге нақты белгісіз. Бәрін ертең ойын алдында жігіттердің дайындығына қарай көреміз.

Ласло Кляйнхайслер ертеңгі ойында алаңның қай тұсында ойнайды?

Ласлоның қай тұста ойнайтыны ертең бір-ақ белгілі болады.

«Тобылға» қарсы ойында қақпаға Ненад Эрич шықты. Ал ертең кімді шығаруды жоспарлап отырсыз?

Қақпашыларымыз қазір жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондықтан ертең кімді шығаратыным қазір белгісіз.

«Легияның» соңғы ойындарын көрдіңіз бе? Бұл ұжымға қандай баға бересіз?

Әлбетте. Олардың чемионаттарының деңгейі жоғары. Ол жақта чемпионаттың соңғы турлары өтіп жатыр. Бәрі барын салып өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, өткен айналымда «Спартак» командасына қарсы ойыннан кейін Станимир Стойлов польшалық ұжымнан өту мүмкіндігін бес-ақ пайызға бағалаған болатын. Ал «Легияға» қарсы ойын ертең 20:00-де «Астана Арена» стадионында өтеді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»