Футбол • 25 Шілде, 2017

Стойлов: «Астананың» соңғы жылдары Еуропаға шығуы тек сәттілік қана

119 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов Қазақстандағы сапасыз алаңдарды кезекті рет қатаң сынға алды.

Стойлов: «Астананың» соңғы жылдары Еуропаға шығуы тек сәттілік қана

«Қазақстанда футбол деңгейінде көтергіміз келсе, көп нәрсені ауыстыруымыз керек. Ең бірінші, инфрақұрылымға өзгеріс енгізілуі қажет. Стадиондардың жағдайы реттелсе, шетелден үздік ойыншылар, бапкерлер келер еді. Әрине, сапасы сын көтермейтін алаңдарда жоғары деңгейде ойын өткізу оңай емес. Мәселен, «Астана Арена» мен «Қайраттың» стадионында басқа деңгейде матч өтсе, өзге алаңдардағы ойын... Әдеттегі әдіс-тәсілді қолдану оңайға соға бермейді. Сол себепті командалар жиі сынға ұшырайды. Бір-екі матч жақсы ойнаса, ары қарайғы жағдайын өздеріңіз білесіздер», деді «Астананың» бас бапкері.

Ол сондай-ақ, осы мәселе алдағы уақытта өзгермесе, еурододаларды тек теледидар арқылы ғана тамашалауымызға тура келетінін айтып өтті.

«Қазақстандағы сапасыз алаңдар Еуропаның ешбір елінде жоқ. Ол жақта қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Сол себепті деңгейлері де бізге қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан бапкерлердің жаңа тактика ойлап табуына да мүмкіндік бар. Осы мәселелер шешімін тапса, біз де, «Қайрат» та, Қазақстанның өзге командалары да Еуропаға жиі шығып тұрар еді. Футболға жақсырақ көңіл бөлінсе, деңгейі артар күн де алыс емес. Егер жабулы қазан осы күйінде жабулы қалса, келер жылы да бұл тақырыпты тағы қозғайтын боламыз. Ал «Астананың» соңғы үш жылда Еуропаға шығуын тек сәттілік деп айтар едім. Бұл футболдағы бір ғажайып қана. Әрине, бұл жолы да топтық кезеңге жолдама алу үшін «Астана» соңына дейін күресетін болады», деді Станимир Стойлов.

Айта кетейік, ертең елордалық команда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Польшаның «Легия» клубына қарсы ойнайды. Матч жергілікті уақыт бойынша 20:00-де, «Астана-Арена» стадионында өтеді.

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»