11 Қазан, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №944

457 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
2011 жылғы 23 тамыз, Астана, Үкімет Үйі Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасын бекіту туралы «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 20) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі        К.МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 23 тамыздағы  №944 қаулысымен бекітілген Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы 1. Жалпы ережелер 1. Осы Кемелердегі, оның ішінде ішкі су жолдарындағы шағын көлемді кемелердегі көлік оқиға­ларын тергеуді, оларды сыныптауды және есепке алуды жүргізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңына сәйкес қабылданған. 2. Қағида Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негізінде ішкі су жолдарында, сонымен қатар транзит мақсатында жүзуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының кеме кiтабында, Мемлекеттiк кеме тiзiлiмiнде немесе жалға алынған шетелдiк кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттік тіркеуге жататын кемелермен, соның ішінде шағын көлемді кемелердегі көлік оқиғаларын тергеуді, сыныптауды және есепке алуды жүргізу тәртібін айқындайды. 3. Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көліктік оқиғаларды тергеуді, сыныптауды және есепке алуды жүргізудің мақсаты жағдайлардың, себептердің салдарлардың, қатысты адамдардың іс-қимылын бағалауды белгілеу, оларды болдырмау жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ авариялардың алдын алу жөніндегі тиісті ұсынымдарын дайындау болып табылады. 4. Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) авария – нәтижесінде адам өлімі не ауыр дене жарақаттары болған көліктік оқиғалар не кемеден адамдар жоғалып кеткен, сондай-ақ кеменің толық конструктивтік қирауы, кемені су басуы, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, теңіз инфрақұрылымы объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуіне әкеп соқтырған көліктік оқиғалар; 2) гидротехникалық құрылыстар – шлюздер, бөгеттер, көпiрлер, порттық және су тартқыш құрылыстар, толқын тосқауылдар, сондай-ақ әуе және кеме жүрiсiнiң шегіндегі су асты өткелдерi (кабельдер, су құбырлары, телефон және электр жүргiзу құбырларының желiлерi, қалқымалы көпiрлер); 3) кемеде жүзу қасиеті – кеменің жүзуде пайдалану жағдайларындағы әрекетін айқындайтын сипаттамаларының жиынтығы: жүзгіштігі, беріктігі, суға батпайтындығы, жүргіштігі, басқарушылығы 4) кемелерді су басу – корпустың суға толық батуы немесе корпусқа судың кіруі немесе аударылуы нәтижесінде жүзгіш қорлардың толық жоғалуы; 5) көліктік оқиға – кемемен болған, оны апатқа және кемеде жүзу қасиетін жоғалтуға, кеменің навигациялық жабдық құралдарын, теңіз инфрақұрылымы объектілерін зақымдап, оларды пайдаланудан шығаруға, кеменің тіркеп сүйреу объектісін жоғалтуға әкеп соқтырған оқиға; 6) пайдалану оқиғасы – аварияға жатпайтын көліктік оқиға. 5. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесі (бұдан әрі – Комитеттің аумақтық бөлімшесі) көліктік оқиғаларды тергеу органы болып табылады. 6. Кемелердегі көліктік оқиғаны тергеу еңбек заңнамалық, қылмыстық, әкімшілік немесе өзге өндіріс шеңберінде жүргізілген басқа тергеуге қарамастан жүзеге асырылады және өзге тергеулерге кедергісін келтірмейді. 7. Комитеттің аумақтық бөлімшесі көліктік оқиға туралы Комитетке және көліктік прокуратураға кідірместен келесі мәліметтерді хабарлайды: 1) көліктік оқиға туралы хабарлаған адамның (ұйымның) тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары; 2) көліктік оқиғаның болған күні және уақыты; 3) кеменің тіркеу нөмірі және түрі, кеме иесі туралы мәліметтер; 4) көліктік оқиға орнының координаталары; 5) кеме қозғалысының бағыты; 6) кеме жүргізушісінің және кемеде болған өзге адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефондары; 7) ауа райының метеорологиялық жағдайы; 8) навигациялық жабдықтардың, теңіз инфрақұрылымы объектілерінің болуы; 9) көліктік оқиғаның себептері, кеменің, навигациялық жабдықтың, теңіз инфрақұрылымы объектілерінің зақымдануының болуы және сипаты, қаза тапқандардың, дене жарақатын алғандардың және кемеден жоғалып кеткендердің саны, қоршаған ортаны ластау; 10) көліктік оқиғаны бағалауға және көмек көрсету мен зардаптарды жою үшін техникалық құралдарды тарту қажеттігі туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін өзге мәліметтер. 8. Көліктік оқиға авария немесе пайдалану оқиғасы болып сыныпталады. 9. Көліктік оқиға болған жағдайда кеме капитаны, кеме жүргізушісі, кеме иесі, гидротехникалық құ­рылыстардың лауазымды тұлғалары меншік нысанына және ведомстволық қатыстылығына қарамастан: 1) 24 сағат ішінде көліктік оқиға туралы Комитеттің аумақтық бөлімшесіне және көліктік прокуратураға хабарлайды; 2) көліктік оқиға болған сәттен бастап 48 сағаттың ішінде оның негізінде көліктік оқиғаны тіркеу­ді жүргізетін Көліктік оқиғаның актісін жасайды және бір данасын Комитеттің аумақтық бөлімшесіне жібереді. Көліктік оқиғаның актісінде келесі мәліметтер қамтылады: 1) көліктік оқиғаның күні және орны, құрушылар туралы мәліметтер (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, ал куәгерлер үшін – тұратын орынның мекен-жайы); 2) кеме және гидротехникалық құрылыс туралы негізгі мәліметер (атауы, түрі, қуаты, жүк көтерімділігі, габариттері, жүк түрлері және басқалары); 3) көліктік оқиғаның қатысушылары туралы мәліметтер (лауазымы, жасы, арнайы білімі, су көлігіндегі, командалық лауазымдарында және атқарылатын лауазымдарындағы жалпы жұмыс өтілі, жұмыс дипломы немесе куәлігі, оларды алу күні және кім берді); 4) көліктік оқиға болған учаскенің гидрологиялық сипаты, ауа-райының жағдайы, көрінуі, кемеде жүзу габариттері және жарияланғанға тиістілігі, штаттық орындарда навигациялық белгілердің болуы және олардың нормативтік тааптарға сәйкес болуы және басқалары; 5) көліктік оқиғаның алдындағы іс-қимылды және оған қатысы бар жағдайларды бағалау; 6) Көліктік оқиғаның жай-күйі (барлық маневрлердің жүйелігін көрсете отырып оқиғаны нақты жазу, жүру жылдамдығы, өкімдер, командалар, дабылдар және басқалар) ; 7) көліктік оқиғаның салдарларын жою, адамдар мен жүктерді құтқару бойынша іс-қимылдарды қоса алғанда кеме жүргізушінің немесе экипаждың кейінгі іс-қимылдары; 8) жарақат алған немесе қаза болған адамдар саны, олардың тегі, аттары, тұратын орындары, туған жылдары) ; 9) корпустың, механизмнің, жылжытқыштардың, жүргізу құралдарының бұзылуы «Кеме техникалық актісінде» еркін түрде ресімделуі тиіс; 10) бүлінудің салдарлары (отсектерді су басуы, жүктің бүлінуі немесе жоғалуы, қоршаған ортаның ластануы, жүру мүмкіндігі және басқалары); 11) осы Көліктік оқиғаның актсін жасағандардың қолы және күні. Гидротехникалық құрылыстармен болған Көліктік оқиғалардың актілері олардың иелері өкілдерінің қатысуымен ресімделеді. Көліктік оқиғаның екі және одан көп қатысушылары кезінде актіні олар бірлесіп жасайды. Көліктік оқиғаға қатысушылардың арасында келіспеушіліктер болған кезде оның себептері және салдары туралы актілер жеке жасалады. Көліктік оқиғаның актісіне мына құжаттар қоса беріледі: 1) көлiктік оқиғаның алдындағы, оқиға болған сәттегі және шағын көлемді кемелерді қоспағанда одан кейiнгi уақыттағы вахта бастығының іс-қимылы енгізілетін уақыт ішіндегі кеме журналынан (вахта журналынан) үзiндi; 2) машина және басқа журналдардан, егер осы кемеде жүргiзiлу көзделген болса, үзiндi; 3) барлық қатысы бар адамдардан түсiнiктемелерi және егер куәгерлер болса, олардың көрсетулерi; 4) көлiктік оқиға болған жерді белгілеумен сызба, сондай-ақ кеменің ретімен орналасуы және басқалары; 5) көлiктік оқиға учаскесiнiң навигациялық картасының көшiрмесi; 6) көлiктік оқиғаға қатысы бар басқа құжаттар мен заттай дәлелдер (радиограммалардың, бұйрықтардың, өкiмдердiң, курсограммалардың көшiрмелерi, фотосуреттер, тахограммалар, тралдау немесе тереңдiктердi өлшеу туралы тетіктер мен қондырғылардың iстен шығуы туралы актiлер, нұсқаулық жөнiндегi журналдар). Көліктік оқиға актісіне қоса берілетін барлық құжаттар кеме капитанының, кеме жүргізушісінің, кеме иесінің, гидротехникалық құрылыстардың лауазымды тұлғаларының қолымен расталуы тиіс. Қосымшалармен бірге Көліктік оқиғаның актісінің бір данасы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жіберіледі, актінің бір данасы көліктік оқиғаға қатысушыларына жіберіледі. 10. Көліктік оқиғаларды тергеудің жүргізілуін бақылауды Комитеттің аумақтық бөлімшесінің басшысы жүзеге асырады. 2. Көліктік оқиғаларды тергеу тәртібі 11. Көліктік оқиғаларды тергеу кемелердің жүзу ауданындағы кеме қозғалысын қалпына келтіру жөніндегі жұмыстарға көліктік оқиғалардың салдарын жоюға және кедергі болмауға тиіс. 12. Ішкі су жолдарында кемелермен, соның ішінде шағын өлшемді кемелермен болған көліктік оқиғаларды тергеу, сыныптау және есепке алу Комитеттің аумақтық бөлімшесінде көліктік оқиға тіркелген сәттен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде жүргізіледі. 13. Аумақтық бөлімшенің қызметкері көліктік оқиғаны тергеу кезінде көліктік оқиға болған жерге келген соң, зақымдалған кемелер мен объектілерді тексеріп қарауды жүргізеді. 14. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көліктік оқиғаның қатысушыларынан және куәгерлерінен жазбаша сұрату жүргізеді, оның барысында мыналар анықталады: 1) кеменің экипажбен жинақталуы, вахтаны жүргізу тәртібінің сақталуы; 2) лауазымын атқару құқығын растайтын құжаттың болуы, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәліктің, шағын көлемді кемеге кеме билеттерінің болуын, шағын көлемді кемені жүргізушінің жүзу өтілі; 3) вахталық журналдағы көліктік оқиғаның дұрыс және толық көрсетілуі; 4) шағын өлшемді кеме экипажының, кеме жүргізушісінің оқиғадан кейін адамдарға және кемелерге көмек көрсету үшін қабылдаған шаралары; 5) көліктік оқиғаға дейінгі және одан кейінгі қозғалтқыштың және жылжытқыштың жұмыс режімі; 6) бақылау-өлшеу аспаптарының көрсеткіштері; 7) көліктік оқиғаға қатысушы кемелердің кеме жүрісінің діңгегі мен шекарасына қатысты бағыты; 8) сигнал оттарының болуы мен олардың көрінуі. 15. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көліктік оқиға орын алғанға дейінгі, ол орын алған уақыттағы және одан кейінгі кемелердің қозғалысы мен орналасуының схемасын құрастырады, бұл ретте көліктік оқиға кезінде орын алған жағдай мен факторлардың әсер ету деңгейін, атап айтқанда: метереологиялық жағдайларды (көріну қашықтығы, желдің, жаңбырдың, тұманның, толқынның және басқа метеорологиялық факторлардың болуы); оқиға болған ауданда басқа кемелердің болуы және олардың көліктік оқиға салдарына әсер етуін белгілейді. 16. Кемелердегі көліктік оқиғаларды тергеуді жүргізуге байланысты барлық мәселелер бойынша Комитеттің аумақтық бөлімшесі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, арнайы сараптамалық комиссиялар зертханаларының құзыреті шегінде олармен тікелей өзара іс-қимыл жасайды. 17. Көліктік оқиғаны тергеу мынадай жағдайларда: 1) көліктік оқиғаға қатысы бар адамдарда күтпеген мән-жайлар (ауыру, іссапар және басқа себептер) туындаған; 2) сараптама, тәжірибе жұмыстарын жүргізу немесе кемелерді су басуын, олардың қирауымен байланысты көліктік оқиғаның мән-жайларын қосымша анықтау үшін; 3) мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, сараптамалық комиссиялар зертханаларының, құзыреті шегінде олардың құжаттарын, материалдарын және қорытындыларды ұсыну үшін Комитеттің шешімі бойынша отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылады. 18. Кемелермен болған көліктік оқиғалардың себептерін білікті және дәйекті белгілеуді қам­тамасыз ету үшін оларды тергеу кезінде Комитеттің аумақтық бөлімшесі ұйымдардың, сондай-ақ ғылы­ми ұйымдар, сараптамалық комиссиялар зертханаларының сарапшылары мен мамандарын тартады. 19. Сараптамалық комиссияны немесе көліктік оқиғалар бойынша жекелеген сарапшыларды Комитеттің аумақтық бөлімшесінің басшысы тағайындайды. Сараптама тағайындалған кезде сараптамалық комиссиясының (сарапшының) алдына сараптама жүргізу барысында шешуге жататын нақты мәселелер қойылады, материалдар ұсынылады. 20. Сарапшылар болып жоғары немесе техникалық арнайы орта білімі бар және кемінде 5 жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар адамдар (кеме жүргізушілері, кеме механиктері, электр механиктері, электр техниктері, радио техниктері, гидротехниктер, корабль жасаушылар, пайдаланушылар) және жобалау-конструкторлық ұйымдардың қызметкерлері тағайындалады. Сараптамаға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйымдар басшыларының келісімі бойынша көрсетілген ұйымдардың мамандарын шақыруға болады. 21. Сарапшылар өз міндеттерін орындау кезінде: көліктік оқиғаларды тергеудің сараптамалық қорытындысы үшін қажетті материалдарымен танысады; кемелерді және олардың құрылғыларын қарап тексеруді жүргізеді, кеме механизмдерінің, жүйелерінің, құрылғыларының, аспаптарының және басқа жабдықтарының жұмыс істеуін тексереді. 22. Сарапшылар қорытындыда сараптамалық комиссиясының алдына қойылған барлық мәселелерге жауаптарды көрсетеді. Қойылған мәселеге егжей-тегжейлі толық жауап беру мүмкін болмаған жағдайда сарапшылар бұған дәлелді түсінік береді. 3. Көліктік оқиғаларды есепке алу 23. Көліктік оқиғаны Комитеттің аумақтық бөлімшесі жүргізетін Көліктік оқиғаларды тіркеу журналына тіркейді. 24. Тіркеу журналы нөмірленеді, тігіледі және Комитеттің аумақтық бөлімшесінің мөрімен расталады. 4. Көліктік оқиғалардың тергеу материалдарын қарау тәртібі 25. Тергеу материалдары бойынша тергеу жүргізген комитеттің аумақтық бөлімшесінің қызметкері көліктік оқиғаны сыныптайды және дәлелді қорытынды жасайды. 26. Тергеу қорытындылары бойынша Комитеттің аумақтық бөлімшесі көліктік оқиға туралы қорытынды жасайды да бір-бір данадан Комитетке және көліктік оқиғаға тікелей жол берген қатысушыларға жібереді. 27. Қорытындыда мынадай мәліметтер қамтылады: 1) кемелердің атауы, қуаты, тиелуі, жүзіп кету әдістері, қозғалыс бағыты; 2) көліктік оқиғаға қатысушылар туралы қысқаша мәліметтер (оларда тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы, лауазымы және жұмыс орны, шағын көлемді кемені басқару құқығына куәлігі туралы мәліметтер, шағын көлемді кемеге кеме билеті, жұмыс өтілі тіркеледі); 3) көліктік оқиғаның уақыты және орны, навигациялық жабдықтың немесе теңіз инфрақұ-рылымы объектілерінің орналасуы және оларға кемелердің қатысы бойынша жағдайы; 4) көліктік оқиғаның, ол болған кездегі жағдайларын және кемеде жүру шарттарын (қозғалыс сипатын, жолдың, навигациялық жабдықтың, ауа-райының және көрінудің жай-күйін, кеме сигнал беруінің және радионавигациялық аспаптардың іс-әрекетін және пайдалануын, кемелерде немесе өзге объектілерде вахталық қызметті жүргізу тәртібін сақтауды, көліктік оқиғаға қатысы бар кеме жүргізушілері мен өзге адамдардың іс-қимылын) қысқаша сипаттау; 5) көліктік оқиғаның себептері; 6) кемелердің, жүзбелі объектілердің зақымдану орнын, мөлшері мен сипатын, жағалау объектілерінің немесе құрылыстарының зақымдануын, адамдардың ауыр дене жарақаттарын алуын, қаза болуын, кемеден жоғалып кетуін сипаттай отырып көліктік оқиғаның салдары; 7) көліктік оқиғаның салдарын жою үшін қолданған техникалық құралдар; 8) көліктік оқиғаға тікелей жол берген немесе оның туындауына ықпал еткен адамдардың тізбесі; 9) кемелердегі көліктік оқиғалардың болуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдар. 28. Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қорытындысы мен көліктік оқиға бойынша материалдар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Комитет оларды қарайды, содан кейін шешім шығарады. 29. Техникалық жай-күйін, одан әрі пайдалану және/немесе жөндеу шарттарын анықтау мақсатында кеме иесі және/немесе кеме жүргізушісі Комитеттің аумақтық бөлімшесінің қоры­тындысын алғаннан кейін «Кеме қатынасы тіркелімі» мемлекеттік мекемесіне кемені, ал Комитеттің аумақтық бөлімшесіне шағын көлемді кемені кезектен тыс техникалық куәландыруға ұсынады.