Қазақстан • 28 Шілде, 2017

Денсаулыққа дем берген пойыз

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Саламатты Қазақстан» мен «Ден­саулық» кеңестік-диагнос­тикалық пойыздарының дәрігерлік бригадалары еліміздің 28 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетті.

Денсаулыққа дем берген пойыз

Мемлекет 2010 жылдан бері бі­лік­ті кадр­лармен, заманауи емдік және диагнос­тикалық құрылғылармен жабдықталған арнайы пойызды жолға шығарған еді.  Былтырға дейін «Денсаулық» пойыздары шалғайдағы 1 052 бекетке барып, 299 мың тұрғынды, соның ішінде 70 мыңнан астам баланы дәрігерлік тексеруден өткізген. Оның сыртында 1,5 миллионға жуық диагностикалық емшара, 4 мың ша­ғын амбулаториялық ота жасалып, 19 телемедициналық кеңес берілген. Сондай-ақ, ақ желеңділер адамдардың бойынан олардың өздері де білмей жүрген 394 мың дертті анықтапты.

Құрамында терапевт, стоматолог, оф­таль­молог, оториноларинголог, хирург, педиатр, гинеколог, эндоскопист, кар­дио­лог, невропатолог секілді мамандары бар дәрігерлік бригада онкологиялық ауру­лар­ды, туберкулез, қант диабеті секіл­ді ауыр сыр­қаттарды бастапқы сатыда анық­тауда үлкен көмегін тигізіп жүр. Мы­са­лы, ар­найы жаб­дықталған зертханаларда қанның құрамындағы қант мөлшері бір­неше секундта анықталады. Науқас жандар­дың қан және несеп сараптамасы, биохимиялық талдау да шұғыл дайындалады. Мұның бәрі диагнозды дәл әрі тез қою­ға мүм­кіндік береді.

Екі құрамға бөлінген пойыздың «Сала­мат­ты Қазақстаны» биылғы 6 қарашаға дейін орталық, солтүстік, шығыс және ба­тыс аймақтарды араласа, «Денсаулық» құрамы 20 желтоқсанға дейін оңтүстік және батыс аймақтарға барады.

Жолға шыққан 96 күнде «Денсаулық»  пойыз­дары жүзге жуық темір жол станса­сы­ның тұрғындарына көмек көрсеткен. Олардың ішінде Қарағанды, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда жә­не Павлодар облыстарынан 5193 бала бар.

Дәрігерлерге қаралғандардың жалпы саны – 192 392. Нақтырақ, айтсақ, 157 013 тұр­ғын диагностикалық тексеруден өтсе, 566 азаматқа амбулатория жағдайында ота жасалған. Маммолог-мамандарға – 873 әйел, тіс дәрігерлеріне –   9949 азамат қаралған.

«Саламатты Қазақстан» медици­на­лық пойызы өткен аптада Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы сапарын аяқ­тады. Қазіргі кез­де жыл­жымалы құрам Павлодар өңірін, ал «Денсаулық» пойызы Қызылорда облысын аралап жүр, дейді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кеңгірбаев.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»