ЭКСПО-2017 • 31 Шілде, 2017

Ангола айшықтары

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi аясында Ангола Республи­касының ұлттық күнi мерекеленді. Салтанатты шарада Африканың оңтүстігінде орналасқан бұл мемлекеттің танымал әртістері өнер көрсеттi. Олар ұлттық әндерін шырқап, жергілікті халықтың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін бейнеролик қойды.

Ангола айшықтары

Басқосудың ресми бөлімінде Қазақстан тарапынан Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаев сөз сөйлеп, Ангола еліне көрмеге қатысқандары үшiн алғыс айтып, сәттiлiк тiледi. «Баршаға арналған энергия» деп аталатын Ангола павильоны бiздiң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған маңызды әрi ауқымды тақырыпты толық ашады. Энергия адамзаттың өзектi проблемаларының бiрi болып қалып отыр. Әрi ол өмiрiмiздiң көптеген салаларына ықпал етедi», деді министр.


Ангола Республикасының экономика министрі Абрау Пиу Дос Сантос Горжелдің айтуынша, қазiргi заманды энергиясыз елестетуге келмейдi. Сондықтан, Астанада өтiп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесi бүкiл әлем халқын ғаламдық энергетикалық диалог алаңына топтастырады. «Көрменің тақырыбы өте дұрыс таңдалған. Энергия – қатынас құралдары мен өндіріс ошақтарының қозғаушы күші. Ал оны табиғи көздерден өндіру өте маңызды. Ангола осындай халықаралық шараға қатысқанын абырой деп біледі. Көрме түрлі тәжірибені біріктіріп, жаһанды жасыл энергиямен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосады деп сенемін. Қазақ халқының қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын», деді Абрау Пиу Дос.
Мерекелік кештен кейiн қонақ­тар екі елдің павильондарын аралады. Дәурен Абаев Ангола Республикасы экономика министрi­нiң иығына шапан жапты.
ЭКСПО қалашығында ұлттық күнін тойлаған мемлекет билігі кедейлікпен күресіп, жасыл энергияны дамытуды көздеуге көшкен. Осылайша ел экономикасы­ның дамуын жеделдетпек. Ал халық­аралық шара республиканың жасыл энергия саласындағы үздік тәжі­рибесін көрсетіп, өзгемен пікір алмасуға және тың технологиялармен танысуына мол мүмкіндік берді.