ЭКСПО-2017 • 31 Шілде, 2017

Италиялық инвесторлар Қазақстанда биоөндіріс жобасын қаржыландырмақ

232 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Kazakh invest» АҚ мен Италияның «Bionet SrL» компаниясы арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Италия тарапы Қазақстандағы биоөндірісіне 45 миллион еуро көлемінде инвестиция салмақшы.

Италиялық инвесторлар Қазақстанда биоөндіріс жобасын қаржыландырмақ

«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармаларының төрағасы Мақсат Қабашевтың айтуынша, бұл құжатта Қазақстанда органикалық қалдықтардан биоқуат өндіру бойынша инновациялық құрал-жабдықты қолданысқа енгізу үшін инвестиция салу жайы қарастырылған.

«Bionet SrL» жобасы бойынша келіп түсетін шикізатты анаэробты ашыту және биогазды қалпына келтіру арқылы одан электр қуатын немесе биометан алу жолымен шикізаттың энергетикалық әлеуетін пайдалана алатын зауыт құру көзделінген.  «Біздің технологиямызды қолдана отырып жұмыс істейтін зауыт қатты қалдықты өңдей отырып, оны электр қуатына немесе ауылшаруашылығында пайдаланылатын тыңайтқыш өніміне айналдырып кәдеге жаратуға мүмкіндік береді. Осылайша біз қуат үнемдеу және қоршаған ортаны қорғау міндеттерін қатар шешеміз», - деп түсіндірді «Bionet SrL» президенті Норберто Занини.

Меморандумға Италияның Фриули-Венеция-Джулия өңірінің «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі апталығы шеңберінде «Expobetobe Astana» ресми бастамасы бойынша қол қойылды.

Фриули-Венеция-Джулия өңірі Италияның павильоны аумағында 2017 жылдың 30 шілдесі мен 5 тамызы аралығында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің «Келешектің қуаты»  тақырыбымен үндесетін табиғи көздерден қуат өндіру тәжірибесінің тұсаукесерін өткізбек.