Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Таразым – тарих ақ таңы, Астанам – елдің мақтаны!

589 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Негізінен Әулиеата өңірінің бай тарихы, терең шежіресі жө­нін­­де нақты хатқа түскен дерек­­тер мен дәйектер баршы­лық. Кезін­де әлемге әйгілі ғалым­дар­­дың өзінің қаламына ілігіп, ең­бегіне арқау болған Тараз тари­хы бүгін де терең қалыпта, ас­қақ биікте.

Таразым – тарих ақ таңы, Астанам – елдің мақтаны!

Ал еліміз дамудың даң­ғыл жолына түскен шақта өз­ге­лерге тарихымызды таныту да тағылымды іс болмақ. Осы орайда, Астана қаласында өтіп жат­қан ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесінің еліміз үшін де айтарлықтай маңызы зор. Әлем алдында әрбір қазақ азаматының мақтаныш сезімін оятқан көрме экономикалық, инновациялық әлеуетімізді көрсетіп қана қой­май, тарихымызды танытуға да кең жол ашады. Аталған көрме ая­сында елорда төрінде Жамбыл об­лысының мәдениет күндері өтіп, Астана тұрғындары мен қонақ­тары игі істің куәсі болды.

 Жалпы, ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалаушы қонақтар үшін Әулиеата өңірінің тарихын таныту мақсатында ұйым­дас­тырылған іс-шараға Жам­был облысының әкімі Кәрім Көкі­рекбаев бастаған жамбыл­дық­тар келді. Әншілер, ақын-жазу­шылар мен суретшілер өз өнерлерін көрсетіп, өңірдің тарихымен де таныстырды.

 Ел мерейін асырып отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көр­ме­сінің құрметіне орай, мамыр айында Тараз қаласынан «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан ас­қақ Астанаға тарту» керуені жол­ға шыққан еді. Араға екі айға жуық уақыт салып, Әулиеатаның Бай­зақ, Құлан, Меркі, Мойынқұм жер­лерін және Қарағанды облы­сының Балқаш қаласын басып өтіп, Астана қаласына жеткен керуен Астана тұрғындары мен қонақ­тарының шынайы ықы­ла­сына ие болды. Аталған кер­уен­ді көпшілік «Ғашықтар сая­ба­ғында» орналасқан ашық аспан астындағы «Көне Тараз әлемі» тарихи-мәдени экспо­зициялық кешенінде күтіп алды. Шара барысында қолөнер ше­бер­лерінің өнерінен сыр шер­тетін «Шеберлер» ауылы, ұлттық орта­лық­тардың «Достық» ауы­лы, ақ­жаулықты әжелердің ән тар­туы, «Қарахан мен Айша бибі» көрінісі, «Наз» би ансамблі, Тараз қаласы, Жуалы ауда­ны Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы және М.Х.Дулати атын­дағы Тараз мемлекеттік уни­ве­р­ситетінің және Тараз инно­ва­циялық университеті көрке­м­­­өнер­паздарының концерттік бағ­дарламалары мен салт-дәстүр көрі­ністері ұйымдастырылды.

Астана қаласында өткен Жам­был облысының мәдениет күн­дері аясында облыстық тари­хи-өлкетану музейінің «Тараз – тарих­тың алтын діңгегі» атты көш­­пелі көрмесі қойылды. Күні бойы тарихы ғасырлар қой­науынан бастау алатын шаһар тура­лы музей қызметкерлерінің таныс­тыры­лы­мы да қатар өріліп, мәдени іс-шара­ның маңызын аша түсті. «Көрмеде облыстың және екі мың жылдан аса бай, мазмұнды тарихы бар қаланың Сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылды. Сондай-ақ, көрмеге үш жүзден астам жәдігер қойылды», дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Бұдан кейін ЭКСПО аумағын­дағы «Амфитеатрда» Жамбыл облысы өнерпаз­дары­ның «Әуені әсем Әулиеата» атты мерекелік кон­церті ұйым­дастырылып, атал­ған мәдени шара Астана аспа­нын әсем күйге бөледі. Мереке­лік кон­­цертте көпшілікке танымал «Тараз» триосы, Бағдат Сәме­динова, Әсел Уашева, Мәди­на Сағын­­бекова, Жанна Асан­құлова және өзге де өнер­паз­дар өнер көр­се­тіп, көптің ықы­ласына ие болды. Жал­пы, ЭКСПО көрмесі аясында өт­­кен Жамбыл облысының күн­д­ерін­де облыстың барлық аудан­­­­дары өнерпаздарының да кон­­­церт­­тік бағдарламалары ұйым­дас­тырылды.

Жамбыл облысының мәде­ниет күндері аясында ас­таналық қауым Астана қала­сы­ның «Жас­тар» театрында Жам­был об­лыстық қазақ драма театры­ның сахналауы­мен қойылған Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» тарихи драмасын тамашалады. Сонымен қатар, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең жақ­сы еркек» спектаклі де көп­­тің кө­ңілі­нен шықты. Ал «Қазанат» қа­ла­лық ипподромы аума­ғындағы «Этно­ауылда» Жам­был облысы қолданбалы қол­өнер шеберлерінің көрмесі өтті.

Жалпы, ежелгі Шығыс әде­биетінде Тараз туралы көп­теген деректер бар. Шығыстық поэтикада да Тараз жайлы жиі айтылады. Сондықтан да Тараз шаһары ежелгі шайырлардың мекені ретін­де де көпшілікке белгілі. Өт­кен мен бүгінді сабақтастыру мақ­сатында және өңірден шық­қан шы­ғар­машылық иелерін қол­дау ора­йын­да Астана төрінде бел­гілі ақын­дар мен әншілердің бір­лескен «Бір өлең – бір әуен!» ән-жыр кеші өтті. Оған Астана тұрғын­дары да көп­теп қатысып, қазақ поэзия­сы­ның және ән өнері­нің құдіретіне су­сын­­дады. Қазақ­стан Жазушылар ода­ғы төр­аға­сының орынбасары, ақын Марал­­тай Райымбекұлы және Ха­лық­ара­лық «Алаш» әдеби сый­­лы­­ғының иегері, ақын Ғалым Қали­­бек Алматы қаласынан арнайы келіп, жас ақындарға қолдау білдірді.

Астана төрінде өткен Жам­был облысының мәдениет күн­дері ән мен жырға толы болды. Астаналық жұртшылық іс-шара аясында Жамбыл өңірінен шық­қан эстрада жұлдыздары Құрмаш Маханов, Досымжан Таңатаров, Индира Расылхан және өзге де өнерпаздардың қатысуымен өткен «Таразым – тарих ақ таңы, Астанам – елдің мақтаны!» атты гала-концертті тамашалады. Сондай-ақ, «Көне Тараздан тағ­зым» хореографиялық композициясы, Жамбыл облысының шығармашылық ұжымдарының «Жамбылым қандай тамаша!» атты шығармашылық концерті, Жамбыл облысы өнерпаздарының «Күй керуені», «Алатау сазы», «Думанды елім» атты концерттік бағдарламалары да қазақ өнерін танытқан таңдаулы дүниелер қатарынан көрінді.

Жамбылдықтар апта бойы ЭКСПО көрмесі аясында Астана төрін ұлы дүбірге бөлеп қайтты. Нәтижесінде өңір тарихы терең танылып, бұл сапар еліміз ғана емес, шетелдік келушілердің де қызығу­шылығын тудырды. «Мөп-мөл­дір көздің қарасын, Тараз­­дан ғана табасың» деп ұлы Фирдоуси жырлағандай, Тараз­дың тарихы, Әулиеатаның әсем­дігі, Жамбылдың жылылығы Астана аспанында өшпестей болып қалды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Суреттерді түсірген

Ақәділ РЫСМАХАН