Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Екі қолға – бір күрек

299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл аяғына дейін өңірде 24172 адамды жұмысқа тарту міндеті қойылып отыр.

Екі қолға – бір күрек

Тарата айтсақ, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы 13047 адам еңбек ету құқына ие болмақ. «Өрлеу» бағдарламасы аясын­да тұрмысы төмен отбасылар­ды қамтуға бірінші кезекте басым­дық берілген. Осыған орай 270 әлеуметтік келісімшарт жаса­лып, 1200 адам қатысушыға ниет білдірген. Бұрындары бюро­­краттық кедергілер мен қағаз­­бастылықтар салдарынан құ­жаттарды рәсімдеу бірталай қиындықтар тудырса, қазір бұл үдеріс әлдеқайда оңайланғаны байқалады. Жобаға қатысу үшін отбасы егесі болмаса мүшелері тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына не ауылдық әкімдікке қайрылып, тиісі құжат­тарды ұсынса жеткілікті, дейді мамандар.

Бағдарламаның игілігін көру­шілер тиімділігін айқын сезініп отырғандарын айта­ды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында еңбекке жарамды тұр­ғын­дар үлесінің 1,7 пайызға кемуі сөзіміздің бір дәлелі болса керек. Ендігі мақсат кірісі өмір сүру деңгейінен төмен топтағылардың санын 15,1 мыңға дейін азайтуға бағдарланған.

Сөз арасында нәтижелі жұмыс­пен қамту және кәсіпкер­лікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық қазы­на­дан 4,5 миллиард теңге бөлін­генін, шағын несиелеу мөлшері 2,5 есеге артып, 2,3 миллиард теңге қарас­тырыл­ғанын айта кет­кен жөн.

Сол сияқты «Бастау биз­нес» бағдарламасы да өмір­­­шең­дігін көрсетіп келеді. Оның шеңберінде 920 адамды кәсіп­керліктің қыр-сырына үйрету белгіленсе, үштен бірі қысқа мерзімді курстарды аяқтап шыққан. 30 адам несие алу кезегінде тұр. 5 адам 11 миллион жеңілдікті қаражатқа қол жеткізген. Тұтастай алғанда, жұ­мыс­сыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін санаттағылардан алты мыңнан астам қатысушыға мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдікті қызметтері ұсынылған. Ауыл шаруашылығын қаржы­лық қолдау қорының жергілікті филиалы да белсенділігін күшей­­те бастаған сыңайлы.

Ведомоство басшыларының айтуларынша, жыл аяғына дейін жұмыссыздар саны – 600, өзін-өзі еңбекпен қамтитын­дар  5000 адамға азайып, жалда­малы қызметкерлер 3,5 мыңға ұлғаятын болады.

Жыл басынан бері 13 мың солтүстікқазақстандық жұ­мысқа орналасып, бала-шаға нәпақасын айырып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы