Қазақстан • 01 Тамыз, 2017

Елжан Біртанов МӘМС-ті енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жайында есеп берді

134 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бағытында атарылған жұмыстар жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елжан Біртанов МӘМС-ті енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жайында есеп берді

«1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша  денсаулық сақтау реформасы басталды. Міндетті әлеуметтік медициалық сақтандырудың заңнамалық базасын жетілдіру аясында міндетті  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңнамаға бірқатар  өзгерісті енгізуді көздейтін заң қабылданды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жеке кәсіпкерлерден жарналар мен жұмыс берушілерден аударымдар  түсе бастады. Қазақстанның 16 өңірінде қордың филиалдары құрылып, олардың басшылары тағайындалды», - деді ол.

Біртановтың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыруды енгізу жөніндегі комиссия Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде құрылған. Комиссия құрамына 14 мемлекеттік орган мен мүдделі ұйымдардың өкілдері кірді. Облыстардың, Алматы, Астана қалалары әкімдіктерінің қатысуымен комиссияның төрт отырысы өткізілді. МӘМС аясында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл мәселелері ақпараттық түсіндіру жұмысының барысында қаралды.

«МӘМС енгізу тәуекелдері мен басқару мәселелері жөніндегі кешенді ведомствоаралық іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспар 14 тәуекелді қамтиды және мынадай 4 бөлімнен тұрады. Бірінші  - мемлекеттік және  жергілікті атқарушы органдар жүргізетін ақпараттық түсіндіру жұмысы. Екіншісі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамыз ету. Үшіншісі - ақпараттық жүйелермен оларды интеграциялау. Ал төртіншісі - нормативтік-құқықтық актілерді дайындау. Әрбір тәуекел бойынша нысаналы топтар мен тәуекелдерді жою бойынша қажетті іс-шаралар белгіленді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішінен жауапты орындаушылар бекітілген», - деді Елжан Біртанов.