Қазақстан • 02 Тамыз, 2017

Қазақстанда Армия халықаралық ойындары басталды

177 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Отар» 40-шы әскери базасында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылығымен 2017 жылғы Армиялық халықаралық ойындардың салтанатты ашылуы өтті. Жарысқа әлемнің 18 елінен 28 команда, 400-дей әскери қызметші келді.

Қазақстанда Армия халықаралық ойындары басталды

Қорғаныс министрлігінің ресми сайтының мәліметінше, бұл шара елдер арасындағы достастық пен қарым-қатынастардың ынтымақтастығына, сондай-ақ әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық және кәсіби шеберлік деңгейінің артуына оң әсер етеді.

«Армиялық халықаралық ойындарды өткізу шынайы жауынгерлік бауырластық пен адами достықтың негізі болып табылады және Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы тарапынан лайықты қолдау тауып келеді. Армиялық ойындар көлемді әлемдік спорттық біріншіліктерден еш айырмасы жоқ, халықаралық ауқымдағы керемет іс-шара. Біз үшін оны ең жоғары деңгейде Қазақстанда өткізу үлкен абырой», — деді ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник С. Жасұзақов.

Армиялық халықаралық ойындардың ашылу бағдарламасына сәйкес, қазақстандық барабаншылар мен домбырашылар және қазіргі заманғы жауынгерлік техниканың («Арлан» бронды-дөңгелекті машиналары, «Т-72 Б» танктері) сүйемелдеуімен ҚР ҚМ әскери оркестрі өнер көрсетті. Десантшылар ротасының орындауында көпшілікке қарумен қол жекпе-жегі ұрысының көрсетілімі ұсынылды. Қазақстан әскерінің жауынгерлік ұшақтары мен тіккұшақтары пилотаждық тобының әуе шоуы армиялық ойындардың ашылуының шарықтау шегі болғанын атап өту керек. Армиялық халықаралық ойындар шеңберіндегі «Артиллериялық атыс шебері», «Мергендік шебі» және «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының жарысы» байқаулары Қазақстанда 1-9 тамыз аралығында өтеді.