Футбол • 03 Тамыз, 2017

Стойлов: Ендігі қарсыластарымыздың арасында осалы жоқ

146 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Варшавада "Легияға" қарсы өткен ойыннан кейін «Астана» футбол клубының бас бапкері Станимир Стойлов өз ойын білдірді.

Стойлов: Ендігі қарсыластарымыздың арасында осалы жоқ

- Шыны керек, алғашқы ойынға қарағанда «Легия» бүгін бізден жақсырақ ойнады. Қарсыластарымыздың бір-екі мүмкіндігі болса, бізде біреу ғана болды. Себебі, бүгін командам үлкен қысымның астында ойнауына тура келді. «Астананың» осымен үшінші рет Чемпиондар лигасының немесе Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнауына мүмкіндік туып тұр. Біз үшін бұл үлкен жетістік. Осы орайда бүкіл Қазақстанды, «Астананың» бүкіл жанкүйерін құттықтағым келеді. Ұжымымызда қызмет ететін әрбір адам, футболшы, бапкерлік алқада жүрген әрбір жанның бұған қосқан үлесі зор. Бұл матчтың қиын болатынын алдын ала біліп келдік. Әрине, осындай үлкен командалармен бәсекелесу арқылы чемпионатымыздың деңгейі де арта түседі. Бұл ойында тіпті, қаптал қорғаушысы Абзал Бейсебековтің де шабуылға араласуына тура келді. Сонымен қатар, Марин де ұзақ уақытқа қатардан шығып қалған сыңайлы.

- Екі футболшыны тым ерте ауыстыру ойынға қатты әсер еткен жоқ па?

- Меніңше, бәрі дер кезінде жасалды. Бізде шабуылда аздап қиындықтар болды. Алғы шепте өнер көрсететін ойыншыларымыз аздау.

- Астана қаласында орталық алаңда мыңдаған жанкүйер алаңға шығып, матчты тамашалады. Олар сіздің гол жібергендегі жағдайыңыз қандай болғанын сұрап жатыр? Жүрегіңіз орнында ма? Денсаулығыңыз?

- Шыны керек, бапкерлерге артылар жүктің салмағы өте ауыр. Бізді қолдаған жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз. «Астананың» құрылғанына көп уақыт болмаса да Қазақстанды Еуропада лайықты деңгейде танытып жүрген бірден бір клуб деп айтуға болады. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Үш жыл бұрын осында келгенімде еурокубоқтық ойындар туралы аса қатты ойламайтын еді. Ал соңғы үш жылда тұрақты түрде кәрі құрлықтың жарыстарынан қалмай келеді. Тағы бір айта кетерім, «Легия» өте мықты ұжым. Бұл команданың жанкүйерлері де, білікті жаттықтырушылары да бар. Олар үшін бәрі жасалған. Алғашқы ойында біз өз жерімізде мықты болсақ, бүгін «Легия» мықтылығын дәлелдеді.

- Сіздің «Астанамен» келісімшартыңыз осы жылы аяқталады. Алдағы уақытта оны ұзарту жоспарыңызда бар ма?

- Мұндай ауыр матчтан кейін бірден жауап беру оңай емес. «Астана» Еуропада жақсы өнер көрсетіп жүр. Дегенмен, біздегі футболда біраз жайтты өзгерткім келеді. Дұрыс бағытта келе жатырмыз. Келісімшартты ұзарту жағын алдағы уақытта талқылайтын боламыз.

- Үшінші іріктеу кезеңіндегі барлық ойындар аяқталды. Келесі кезеңге шыққан он команда анықталды. Ендігі плей-оффта қарсылас команда қайсысы болғанын қалар едіңіз?

- "Марибор", "Олимпиакос", "Копенгагон", "Сельти", АПОЭЛ. Бұл командалардың бәрін фавориттер қатарында есептеймін.

- Мокиннің жарақатты қаншалықты ауыр?

- Шынымды айтсам, білмеймін. Қатты соққыдан кейін аяғы қанағанын көрдім. Сөзімді қорытайын. «Легияға» сәттілік тілеймін! Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алуына тілектеспін!

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"