Бірақ жасыратыны жоқ, қазір елімізде заңдылық және құқықтық тәртіп туралы толық ақпараттың көзін табу оңай емес. Себебі ортақ заңдарымызға сүйенген болып, өз алдына әрекет етіп жатқан салалар да көп екені белгілі. Сондықтан ақ пен қараны айы-руда көз байланып, күмілжитіндер кездесіп қалады. Ал мемлекетіміз үшін заңдылық және құқықтық тәртіп туралы жан-жақты ақпарат алу өте қажет. Халық бәрін біліп отыруы тиіс. Бұл, әсіресе, заңдылықты қадағалау барысында үлкен қолдау болып табылады.
Осы орайда қазіргі күні Бас прокуратураның Құқықық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің құқықтық статистиканы жинақтау мен арнайы есепке алудағы рөлі артып отыр. Соның арқасында Қазақстанның құқықтық статистикалық қызметінің кәсіби қоғамдастықта беделі өсіп, мемлекеттік басқару жүйесінде лайықты орын алды. Құқықтық ақпарат және қадағалау – бұл өзара байланысты құрамдар. Қадағалау шегі жүйелік деректердің негізінде ғана белгіленеді. Онсыз қадағалау ісінде адасу, қателесу орын алуы мүмкін.
Бұл орайда комитеттің ақпараттық жүйелері құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың жұмыс құралы болып отыр. Қолданыстағы жақсы деректер базалары мен түрлі платформалар комитеттің жұртшылықпен байланыс саласындағы жұмысын одан әрі дамыта түспек. Соған орай аталған комитеттің үш негізгі міндетін атап өткен жөн. Ол құқық қорғау жүйесінің процестерін және мемлекеттік органдарды цифрландыру болып табылады, яғни электронды рәсімдерді енгізу қағазбастылықты жойып қана қоймай, мәліметтердің бұрыстығын азайтады, сондай-ақ, істерді тергеу жеделдігін арттырады және сәйкесінше сыбайлас жемқорлық қаупін төмендетеді. Екіншісі, «ақпарат құндылығын арттыру», бұл – міндеті процестерді алгоритмдендіру, талдау жұмысын автоматтандыру, ішкі және сыртқы деректердің байланысы болып табылатын Талдау орталығын құру және сол арқылы криминогендік болжамдар жасау. Үшіншіден, құқықтық қызметтер орталығын құру арқылы «Тиімді шағымдар қоғамына» жобасы арқылы азаматтардың мәселелерін шешу және олардың өтініштерін нәтижелі қарауды жүзеге асыру.
Әрине, қылмыс туралы хабарламалардың толық пішімді статистикалық есебін жүргізу, мәліметті бұрмалаудың кез келген дерегіне шұғыл түрде шара қабылдау – осы жұмыстардың басты бағыты. Бұл ретте прокурорлардың көмекшісі – инновациялық технологиялар. Осы тұста ерекше айтар жайт, комитетте тек қана қылмыстылық туралы ғана мәліметтер емес, сот шешімдері, прокурорлық қадағалаудың нәтижесі, кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік органдармен азаматтардың жүгінулерін қараудағы заңдылықтың сақталуы туралы да мәліметтер жинақталады. Бұл стратегиялық түрде өзін ақтайды, өйткені ол органдарда осы тектес жүйелерді құру қажеттілігі болмайды. Оларға қуатты сервермен және бағдарламамен қамтамасыз етілген комитеттің мәліметтерін қолдану ыңғайлы әрі тиімді. Өйткені, «Қадағалау» ақпараттық жүйесі прокурорлардың күнделікті қадағалау қызметінің есебін тоқтаусыз жүргізеді.
Бұл арада ең басты жетістік, аталған құқықтық статистиканы қалыптастыру және осы салада прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру қызметтерін заңмен бекіту, орталық мемлекеттік органдарды өзге де мемлекеттік органдардың жұмысы туралы жүйелі, толық және анық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін тиімді шара болып табылды. Ал бұған қоғамдағы қылмыстық жағдай, сот пен қылмыстық қудалау органдарының процессуалдық қызметінің сандық және сапалық көрсеткіштері, кәсіпкерлікті қолдау мен қорғау мәселелері жатады. Осылайша, азаматтық-құқықтық статистиканы қалыптастыру бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйелер бүгінгі күні құқық қорғау органдарының жұмысының маңызды тірегі болып отыр. Бұл Елбасымыз ерекше екпін қоятын заңдылықты қадағалау қызметінің атқарылуына үнемі тың серпін беріп келеді.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»