Қазақстан • 03 Тамыз, 2017

Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен барды

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жарты жылда 75 мыңға жуық азамат мемлекет қолдауына ие болды

Тамара Дүйсенова Оңтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен барды

(Сурет ontustik.gov.kz сайтынан алынды)

Осыдан бір апта бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күндері басталған болатын. Ал кеше аталмыш сала министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен келіп апталықты қорытындылады.

Нақтырақ айтсақ, Тамара Қасым­қызы өңірдегі «Нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдар­ламасы мен «Өрлеу» жобасы сынды маңызды бағдарламалардың орындалу барысын оң бағалады. Министр, сондай-ақ, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесін халыққа түсіндіру жұмыстарын одан әрі жандандыру жайын талқылап, оңды нәтижелерге жетудің жолдарын ұсынды. Әлеуметтік салалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша қаладағы бірнеше нысандарды аралаған министр мен әкім алдымен, «Өрлеу» жобасына қатысушы шымкенттік тұрғын Айнұр Жаманқұловамен кездесіп, тігін цехының жұмысымен таныс­ты. Кәсіпкер жоба игілігін пайдаланып, 500 мың теңгеге жуық қаржы алған. Бүгінде өз үйінен шағын тігін цехын ашып, әйелдерге арналған сәнді киімдер тігумен айналысуда. Айлық табысы 150 мың теңгенің көлемінде. Кәсіпкер алдағы уақытта «Өрлеудің» кезекті мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды көздеп отыр. 

 «Стандарт Цемент» зауытында болып, жұмысшылармен әңгімелескен министр Т.Дүйсенова мемлекет тарапынан жасалынып отырған жеңілдіктерді баяндады. Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар «Стандарт-Цемент» зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн. тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады. Өз кезегінде жұмысшылар өндіріс орнында барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, зауыт басшылығына алғыстарын білдірді.
Министр мен әкім бастаған топ Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығында болды. Бұл орталық 2011 жылы құрылған, ал өткен жылдан бастап жаңа ғимаратта халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Тамара Қасымқызы шаһар жұртшылығын жұмыспен қамту саласына жауапты жетекшілермен тілдесіп, жұмысты одан әрі ширатуды тапсырды. Кездесуге келген қала тұрғындарының министрге қояр сауалдары да аз болмады. Министр оларға нақты жауап берді. 

Облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен тілдескен соң, сапар нәтижесі бойынша облыс әкімдігінде әлеуметтік саланың өзекті мәселелері бойынша жиын өтті. Мұнда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасы аясында атқарылған жұмыстар баяндалды. Сонымен, биыл Оңтүстікте аталған бағдар­лама аясында 64314 адамды жұмыс­пен қамту жоспарланып, жалпы 11,4 млрд теңге бөлінген. Жыл ба­сынан бергі 7 ай ішінде 49,6 мың адам жұмыспен қамтылып, жыл­дық жоспар 77 пайызға орындал­ған. Биыл 1 тамызға дейін 36623 адам­ға жұмыспен қамту шаралары көр­сетіліпті. Оның ішінде, 20882 адам тұрақты жұмыспен қамтыл­са, 4494 адам уақытша жұмыс­қа тұрып, 5900-дей азамат әлеумет­тік жұмыс орындарына, 4644 адам жастар тәжірибесіне жолданыпты. 

Жиында мәлім етілген маңызды мәліметтің бірі − облыста жарты жылда 75 мыңға жуық азамат «Өрлеу» жобасының аясында мемлекет қолдауына ие болды. Осы уақытқа дейін «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 400 біржолғы шартты ақшалай көмек алушы жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп үлгерген. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың кірісі 3,2 есеге өсіп, орташа есеппен жан басына айына 18,7 мың теңгені межеледі. Бұл орайда министр Оңтүстік өңірінің әлеуеті өте жоғары екенін айта келе, кей аудандар жұмысты төмен деңгейде істеп отырғанын назарға салды. Мимырт аяңмен келе жатқан аудандар дереу өз-өздерін қамшыламаса кеш болатынын мәлімдеді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»