Медицина • 03 Тамыз, 2017

Балаларды спортқа баулыған ақсақал

177 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

– Сіздерді ерекше бір азаматпен таныстырғым келеді...

Балаларды спортқа баулыған ақсақал

– Ол өз үйінде спорт залын ашып алған, соңғы бірнеше жылда ауыл балалары топырлап жиналып, жаңашыл азаматтың нұсқауымен неше түрлі жаттығулар жасайды, күндіз-түні штанга, гір тастарын жалықпай көтеріп, сиқыры мол спорт­тың қыр-сырына үйренуде, – деген Аққайнар ауыл­дық округінің бас маманы Серікхан Құр­мановтың сөзінен кейін ойланып жатпастан Уәли Нұр­қасыновтың үйіне тартып кеттік. Мығым дене­лі, өзіне жара­сымды сақал жіберген Уәкең бізді есік алдынан қарсы алды. Кең дәліз ар­қылы түпкі бөлмеге енгенде өз көзімізге сенбедік, дене жаттығуларын жасайтын турник, жүгіруге арнал­ған арнайы жабдық 32, 24,16 пұт­­тық гір тастары, отырып, түрегеліп тұрып жат­­ты­­ғу­лар жасайтын құралдар қаз-қатар тізіліп тұр. Адам денесінің сымбатты болуына, бұлшық ет­тері­­нің бұлт-бұлт ойнап, күшті болуына ықпал жа­сай­­тын неше түрлі жаттығулар жайлы жазылған мақа­ла­лар мен журнал қиындылары бір бұрышқа ілініпті.

– 67 жыл бұрын Аққайнар ауылында дүниеге келдім, осындағы орта мектепті бітірген соң еңбекке араласып кеттім. Орман шаруашылығында қызмет етіп, 9 жыл бойы омарта ұстадым. Он шақты жыл Катон­қарағай мемлекеттік ұлттық паркін­де инспектор болып істедім. Екі жыл болды, зейнеткермін, жұбайым Сайлаугүл ұзақ жыл мектепте ұстаздық етті, Бақыт, Саян деген ұл-қыздарым, үш немерем бар, – деп Уәкең өмір жолын қысқаша айтып берді.

Бұдан кейін Уәкең спортпен бала кез­ден шұғылданғанын, азаматтық боры­шын атқарып жүрген кезде гір тас­тары мен штанга көтеріп, бірнеше рет жарыс­тарға қатысқанын айтты. Табиғаты тамыл­жы­ған тайгада әскер қатарында болған аққай­нарлық азамат елге оралған соң өзі ұна­татын спортты жалғастырған. Ал­ды­мен гір тастарын сатып алады. 32 келі­­лік қос гірді еш қиналмастан бірнеше рет көтеру спорт жана­шы­рына қиындық ту­ғыз­­байды. Ал қысы-жазы үйден шықпай жү­гі­руге арналған құралды сиырын сатып, сол ақшаға сатып алыпты.

– Адам ағзасы 100 жыл, тіпті одан да ұзақ өмір сүруге шыдас береді. Ол үшін не істеу керек? Арақ пен шылымды ұмы­тып, күніне таңертең тұра сала дене жат­тығуларын жасау, кем дегенде 5-6 шақырым жүгірген адамның денсаулығы мықты болып, ұзақ өмір сүретіні белгілі. Мен жаттығуды күн сайын жасаймын, ауа райы қолайлы кезде далаға шығып жүгірсем, көк тайғақ, жаңбырлы күні үйдегі құралға шығып алып, жүгіремін. Ауыл балалары арманшыл ғой, болашақта Илья, Жасұлан сияқты атақты ауыр атлет болғысы келеді. Олар біздің үйге күн сайын келеді, жаттығу жасайды, ол үшін көк тиын алмаймын. Далада қаңғып, арақ ішіп, шылым шеккенше, спортпен айналысса қандай ғанибет. Аққайнар ауылынан болашақта әлем чемпиондары шығып жатса, таңғалмаңыздар, – деп Уәкең ағынан жарылды.

Кеуде мен аяқтың бұлшық еттерін жетілдіретін жаттығуға арналған, бір орында тұрып салмағы бірнеше пұт гір тастарын жоғары көтеретін снарядтар, басқа да спорт құралдарын ауылды қойып, спорт мектептерінен табу оңай емес. Шағын ғана ауылда тұрып жатқан Уәли Нұрқасыновтың спортты серік етіп, ауыл балаларын тәрбиелеп жатқаны ерлікке тән іс емес деп кім айтар?

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы

Суретті түсірген автор