Қазақстан • 03 Тамыз, 2017

«Нұрлы жол» бойынша салынатын тұрғын үйлердің сәулетіне де мән беріледі

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірбетон бұйымдарына сұраныс артып келеді.

«Нұрлы жол» бойынша салынатын тұрғын үйлердің сәулетіне де мән беріледі

 

Серіктестік директоры Александр Дворцевой құрылыс материалдарын өндіру бағытында атқарылып жатқан озық технологиялар жайлы Baq.kz тiлшiсiне айтып берді.

Бүгінде комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Қазір өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің сәулетіне де мән беріледі. Көкшетаудың темірбетон бұйымдарын шығаратын комбинаты еліміздің басқа өңірлерімен де жұмыс істеуге әзір.

«Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының 3 түрін ғана шығардық. Бүгінде шығарылатын өнім түрлерін көбейтудеміз. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға алды. Құрылыс комбинатының өнімдері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына пайдаланылуда. Өнімнің негізгі бөлігі елорданың құрылыс нысандарына жөнелтіледі»,–дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой.

Тұрғын үй комбинатында 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. Қалада тағы екі панельді үйдің іргетасы қаланады деп жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуына қарағанда қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. 18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен щебенді пайдаланып отыр.

Құрылыс комбинаты тұрғын үйлерді жылдам тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс. Мамандар тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдары пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтып отыр.

Кəсіпорын басшысының айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы – пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» шағын ауданында былтыр қолға алынған тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС жүргізді. 90 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй жақында пайдалануға берілмек.

–Жоба құны 750 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға сәйкес көпқабатты тұрғын үйде 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлер болады. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Қабырға панельдері үшқабатты, ортасына пенопласт плиталар салынады. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынуда. Ірі панельді үйлер тез салынады. Бұрын 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй монтажына екі аптадан артық уақыт жұмсалса, біздің құрылысшылар осы жұмысты тоғыз күнде аяқтады. Қазіргі кезде ғимараттың тоғыз қабаты тұрғызылды.Үй құрылысына энергия үнемдеу технологиясы қолданылды, – дейді кәсіпорын басшысы Александр Дворцевой.