Қазақстан • 03 Тамыз, 2017

Полицейлердің радары метрологиялық тексеруден өтуі тиіс

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қолындағы әрбір жылдамдық өлшегіш құралдары міндетті түрдегі салыстырып тексеруге жатады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитеті Қазақстан метрология институтының метрологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Жолдыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицейлердің радары метрологиялық тексеруден өтуі тиіс

«Егер де кез келген өлшем құралдарының нәтижелері адамдар өміріндегі жағдайларға әсер етсе, ол мемлекеттік метрологиялық бақылау аясында қаралады. Яғни жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің қолындағы әрбір жылдамдық өлшегіш құралдары да бүгінгі таңда міндетті түрдегі салыстырып тексеруден өтеді. Осы ретте олардың сәйкесінше сертификаттары болуы тиіс», - деді Т. Жолдыбеков. 

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда салыстырып тексеру жұмыстарын әрбір заңды тұлғалар жүргізе алады. Атап айтқанда, бұл бағыт нарыққа берілген.

«Міндетті түрде бізге келіп жасау керек деген талап жоқ. Себебі қазіргі таңда бұл сала нарықта. Қазақстан Республикасында өлшем бірлігін қамтамасыз етудің тиісті тізілімі бар. Сонда бүкіл мемлекеттік метрологиялық бақылауда қолданылатын өлшем құралдары енгізілген. Егер осы тізілімдегі жылдамдық өлшеу құралы болса, онда ол міндетті салыстырып тексеруге жатады. Атап өтетін жайт, бұндай жылдамдық өлшегіш құралдарының түрлері көп. Сараптама жасағаннан кейіннен ғана нақты осы құрал тізілімде бар екенін нақты айтуға болады», - деп түсіндірді Қазақстан метрология институтының өкілі.

Осы орайда ол аталған тізілімде жоқ жылдамдық өлшегіш құралы пайдаланылса, бұл әрекет заңсыз болып саналатынын атап өтті. Сондықтан бұндай фактілер анықталған жағдайда, осы бағытта қажетті түгендеу мен тексеру қадамдары керек болады.