Аймақтар • 03 Тамыз, 2017

БҚО-да өртке байланысты үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінде далада болған өрт салдарынан жанып кеткен қой-ешкі саны 598-ге жетіп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

БҚО-да өртке байланысты үш ауданда төтенше жағдай жарияланды

Ауыл әкімі Асқар Есқалиевтің айтуынша, өрт 29 шілде күні көршілес Жаңақала ауданында басталып, содан округ аумағына ауысқан. 30 шілде күнгі таңғы 03.00-дерде сөндірілгенімен, сол күні қайта тұтанып кеткен. «Барлығы 16 ауладан қозы-лағын, бәрін есептегенде, 598 уақ жандық шығынға ұшыраған. Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, материалдық өтемақы төлеудің жолдары қарастырылуда. Сонымен қатар сол үйлерге көмек ретінде 60-70-тей мал жиналды. Ал өрттен денесін 70 пайыздай күйік шалған 1990 жылғы жігіт Жалпақтал ауруханасынан санавиациямен Орал қаласына жеткізілді. Өртке байланысты облыстың үш ауданында төтенше жағдай жарияланса, соның бірі - Қазталов», деді А.Есқалиев.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың сөзіне қарағанда, қазір төтенше жағдай жарияланған ауданның барлық жерінде өрт сөндірілген, жағдай қалыпты деуге болады. Базартөбе ауылдық округінде 40 мың гектардай шабындық және жайылымдық жер күлге айналды. Базаршолан ауылында да осындай жердің тең жартысынан астамы отқа оранды. Томпақ елді мекені маңындағы орманды да өрт шалып, ауыздықталды. Әйтеуір мал-жан аман. Күні бүгін өрттен келген шығын есептеліп, малды қай жерге жаю, мал азығын қайдан алу мәселесі шешілуде. Шабдаржап, Харькин ауылдарында электр байланысы қалпына келтірілді. Базаршолан ауылдық округіне қарасты Жаманқұдық елді мекеніне де электр желісі тартылады.

Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтің мәлім еткеніндей, төтенше жағдай Сайқын ауылдық округінде жарияланды. Мұнда өрттің салдарынан Орда ауылдық округіндегі Нұртай Ахметовтің шаруа қожалығынан (жері Сайқын ауылдық округінде) 25 ірі қара жанып кетті. Сондай-ақ 250 орама, 1,5 мың тайлап буылған шөп өртенді. Малға материалдық өтемақы төлеу үшін тиісті құжаттар жинақталып, комиссияға жолданатын болады.

«Биыл 8 мың гектардай аумақты қамтыған 17 өрт ресми тіркелді. Соның басым көпшілігі әскери полигон жағынан (ракета қалдықтарының түсуіне байланысты өрттің тұтануынан) келуде. Өйткені шөп қалың, жел күшті. Күні бүгін Мұратсай ауылдық округінде Майғара, Мәзілбек, Бисеннің Пайда, Айбас қыстақтары маңында өрт болып жатыр. Өрт сөндірушілер сонда жүр», деді Р.Зұлқашев.

Биылғы жыл басынан бері облыс аумағында 50,3 гектарды қамтыған 2 орман өрті, 19530 гектарды шарпыған 208 жану оқиғасы тіркелді. Өткен жылы осы мерзімде 1769 гектар жерде 90 жану дерегі тіркелген болатын, яғни биыл өрт екі еседен астамға көбейіп кетіп отыр.

Еске сала кетейік, 30 шілде күні Талдыапан ауылдық округінде болған өрттен бастапқыда 200-дей қой-ешкі жанып кетті деп хабарланған болатын.