Өзінің кіріспе сөзінде «Уақып» қайырымдылық қорының бағыттарын айтқан Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сауапты іс жасауға талпынғандар көбіне мешіт салып берумен шектелетінін жеткізді. Оның пікірінше, мектеп, аурухана, жол, көпір салу секілді халық игілігі үшін жасалатын жұмыстарды сауапты іске жатқызуға болады.
«Сауап үшін адамдар өз еркімен ақшалай немесе мүліктей қайырымдылық жасай алады. Бірақ мұның бәрі өркениетті үлгіде және қоғамға тиімді болуы тиіс. Осы орайда, қолы ашық, көкірегі ояу Атымтай жомарттарға бүкіл мүмкіншілік жасап беру қажеттігі туындайды. Қорды құрудағы басты мақсат та осы», – деді Нұрлан Ермекбаев.
Министрдің айтуынша, «Уақып» қайырымдылық қоры өздігінен табыс табумен де айналысады. Ол үшін «Уақып» қаржы активтерімен, жылжитын және жылжымайтын мүлік саудасымен айналысады. ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының сөзіне сүйенсек, қор жұмысы кезінде «пайыз» мәселесінің араласып кетуін бақылайтын арнайы топ бар. Олар қор төралқасына кеңес беріп, ұсыныстарын білдіріп отырады.
Сонымен қатар, «Уақып» қайырымдылық қоры елдегі татулық пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында да жұмыс атқарып, маңызды әлеуметтік салаларды іске асыра отырып, дін саласындағы өзекті проблемаларды шешуге атсалысады.
«Қор әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетеді. Сондай-ақ, діни қызметкерлердің жалақысы мемлекеттен бөлінбейтіні мәлім. Олардың еңбекақысы қайырымдылықтан түсетін қаржыға тікелей байланысты», – деген Наурызбай қажы шалғай ауылдарға білімді имам апарудың қиындығын да тілге тиек етті.
Наиб мүфти қор жұмысы аталған олқылықтың орнын толтырып, оң шешім қабылдауға үлес қосатынына сенім білдірді. Наурызбай қажы Тағанұлының ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстандағы 2500-ге жуық мешіттің 500-дейі ғана ҚМДБ тарапынан қаржылай қолдау көріп отыр. Қалған ғибадат үйлері жеке кәсіпкерлердің демеушілігіне мұқтаж.
Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев та бұл деректерді растап отыр. Оның мәліметінше ауылдық жерлерде имамдардың жалақысы 20-30 мың теңге аралығында. Ал аудандық жерде дін жолында қызмет ететіндер 40-50 мың теңге еңбекақы алатын көрінеді. Нұрлан Ермекбаев шалғай жерлерде имамдарға жалақы төлеу бірізділікке түспегенін, жүйесіз жүргізілетінін мәлімдеді.
Брифингте діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу мәселесі де сөз болды. Нұрлан Ермекбаевтың пікірінше, бұл олқылықты жою үшін имамдардың біліктілігі жоғары болуы тиіс. «Уақып» қорының құрылып, шалғай аймақтағы діни қызметкерлерге қаржылай қолдау көрсетуі имамдардың деңгейін арттырып, экстремизммен күресуге жағдай жасайды.
Сондай-ақ, наиб мүфти садақа жәшіктеріне түсетін қаражатқа да тоқталды. Оның айтуынша, садақаны есептейтін 10 адамнан тұратын арнайы топ бар. Олар түскен қаржыны санап, бір тиынын қалдырмай мүфтияттың банктегі шотына аударады. Содан кейін ғана имамдардың жалақысы, мешіттерге қажетті шығындарға ақша бөлінеді. «Жыл сайын Діни басқарма қаржылық есеп беріп отырады. Бүкіл жұмыс ашық түрде жүргізіледі. Қалаған адам мүфтияттан садақаға қатысты мәліметті алуына мүмкіндік бар», – деді Наурызбай Тағанұлы.
«Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры 2017 жылдың мамырында құрылған болатын. Оның қызметіне әлеуметтік жобаларды қаржыландыру, білім және ағартушылық шараларын жүргізу, діни бірлестік қызметкерлері мен діни мекемелер қызметін қолдау кіреді. «Уақыптың» президенті Қайрат Айтбай қордың бір дінге басымдық бермейтінін, Қазақстанда ресми тіркеуден өткен кез келген діни бірлестіктің жұмысына қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»