Туризм үшін сұранып тұрған, нағыз табыс көзіне айналатын Баянауылдың енді бағы жанатын түрі бар. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың да түпкі мақсат-мүддесі осы.
– Осындай тамаша табиғат, баға жетпес тарихи құндылықтар бізге мұра болып қалды. Оны көздің қарашығындай сақтау өз алдына, Баянауыл туристер қысы-жазы үзілмейтін орынға айналуы тиіс. Бұл – қолдан келетін жұмыс. Туристер таза ауамен тыныстап, өзен-көлге түсіп, тау-тасқа саяхаттаумен бірге өлкенің бай тарихы мен мәдениетіне де қанығуы тиіс. Сол кезде Баянауыл нағыз брендке айналады, – дейді облыс басшысы.
Осы мақсатқа жету жолында қазір нақты жұмыстар жүзеге асты. Бірінші кезекте Баянауылда абаттандыру мен көгалдандыру, қоршаған ортаны тәртіпке келтіру ісіне ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, айнала сырт көзге қораш болмағаны жөн. Әсіресе, Баянауылдағы тарихи және археологиялық орындар ретке келтіріліп, аяқжол төселіп, үш тілде ақпараттық-көрсеткіш тақталар орнатылды. Жаңадан туристік маршруттар ашылды. Бұл бағыттар бойынша саяхатшылардың атпен немесе жаяу жүруіне болады. Саяхат кезінде туристер ел мен жердің тарихы, осы өлкеден шыққан даңқты адамдар жайлы, археологиялық ескерткіштер туралы ақпаратқа жан-жақты ерекше қанығады.
Баянауылда туристерді орналастыратын демалыс орындары жеткілікті. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған комиссия да ұсақ-түйек саналатын мәселелердің өзін назардан тыс қалдырмауға тырысып отыр. Қонақтар үшін барлығы да жанға жайлы болуы керек.
Баянауылға келген қонақтардың көбі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына барып, тәу етуді қош көреді. Онда алыс-жақыннан келген адамдар дамылдайтын қолайлы орын жоқ болатын. Өйткені, жер шалғай әрі жолсоқты болған кісілер үшін бір мезгіл тынығатын орынның қажеттігі біраздан бері айтылып келе жатқан еді. Бұл мәселе де шешілді. М.Көпейұлының кесенесінің қасында қонақ үй кешені ашылды. Енді бұл да туристер көп баратын орынға айналады деген үміт бар.
Жасыбай орман шаруашылығының аумағында 60-тан астам археологиялық ескерткіш орнатылған. Оның әрқайсысының тарихы бар. Осының бәрі туристерді қызықтыратыны анық.
Қазір ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне жер шарының түкпір-түкпірінен келіп жатқан туристер көп. Олардың біраз бөлігі Баянауылға да ат басын бұрады деген жоспар бар. Өйткені, «Астана – ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Павлодар облысының әкімдігі жасасқан меморандумға сәйкес «Павлодар – Ертістегі қала», «Баянауыл аңыздары-1» (бір күнге), «Баянауыл аңыздары-2» (екі күнге), «Шалдай қарағай орманына саяхат» (Шарбақты ауданы), «Павлодар Ертіс өңірі» (Лебяжі ауданы) деген бес бағыт бойынша туристік маршрут ашылып отыр. Бұл маршруттар қонақтарды бейжай қалдырмайтыны анық. Тіпті керек десеңіз, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Павлодар өңіріне туристерді көбірек тарту үшін алдын ала дайындық жұмыстары жан-жақты жүргізілді. Арнайы бағдарламалар жасалды. Өңірдің мәдениет және өнер мекемелері көрме кезінде 52 мәдени-бұқаралық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
Туризмнің түр-түрі бар екенін жақсы білеміз. Бірі жер-суды жаяу шарлағанды жақсы көреді, бірі тау-тас кезіп, далада қонып, алаңсыз саяхаттағанды қош көреді, енді бірі ел-жұртпен сөйлесіп, ой бөлісіп, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне қаныққысы келеді... Елімізде киелі, қасиетті, тарихи-археологиялық мән-маңызы зор орындар көп. Оны да көргісі келетін туристер аз емес. Әрі жанға жайлы демалыс, әрі саяхат болғанын қалайтындар да бар. Не керек, туризмнің осындай қалтарыстарының бәрін қалт жібермей, жүйелі жұмыс жүргізілсе, бұл сала да табыс көзі. Мәселен, Павлодар облысында Баянауыл ғана емес, Шарбақты ауданында суы шипалы, балшығы ем, талай ақын-сазгердің шығармашылығына арқау болған Маралды көлі бар. Жаз мезгілінде дертіне шипа іздегендер осы жерге ағылып келіп жатады. Енді туристердің де осы орынға көптеп келмесіне кім кепіл? Өйткені, мұнда көпшілікке қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Ең күрделі мәселе инфрақұрылым еді. Басқасын былай қойғанда, күні кешегіге дейін таза ауыз судың өзі тапшы болатын. Қазір бұл мәселе шешілді. Құдық қазылып, тұщы су тартылды. Маралды көліне апаратын жол да ретке келтірілді. Көлдің балшығы мен суына зерттеу-сараптама жасалды. Оның бәрін жүзеге асыруға жергілікті бюджеттің шама-шарқы жетпейді. Бұл үшін инвесторларды тарту қажет. Облыс басшылығының ниеті де осы. Павлодар облысында мұндай тәжірибе жақсы қалыптасқан. Жыл сайын халықаралық инвестициялық форум өткізудің де мәнісі осы – инвесторларды тарту.
– Инвестиция тарту үшін шетел асудың қажеті жоқ. Инвесторларды ең алдымен болашағы зор жобалармен қызықтыра білген жөн. Оның пайдалы екеніне көздері жеткен кезде қаражаттарын құяды. Инвестициялық форум барысында екі жаққа тиімді сондай жобаларға байланысты ой-пікір алмасып, нақты шешімге келеміз, – дейді облыс әкімі.
Шынында да, мұндай басқосулардың нәтижесі көңіл қуантады. Нақты мысал. Бір жылдың өзінде облысқа 430 млрд теңге инвестиция тартылған. Алдағы үш жылда көлемі 975.5 млрд теңге болатын 27 жоба жүзеге аспақ. Бұл облысқа құйылып жатқан қаржы ғана емес, сонымен бірге мыңдаған адамның жұмыс табуына зор мүмкіндік. Инвестициялық жобалар толық жүзеге асса Павлодар облысында 6 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Осындай тиімді жобалардың ішінде туристік орындарды дамыту да қарастырылған. Демек, Маралды көлінің маңы ғана емес, басқа да шешімін күтіп отырған мәселелердің түйінін тарқатуға жол ашылады деген сөз.
Жалпы, Павлодар облысына туристерді көптеп тартудың жолдары мен мүмкіндіктері жеткілікті. Күнделікті өмірде байқай бермейміз, кеншілердің қаласы – Екібастұзға, қалың қарағайлы, ну орманды алқап – Шалдайға, болмаса, тарихы терең Павлодар қаласына саяхаттауды туристердің де қалайтынына дауымыз жоқ. Біз күн сайын көріп жүрген дүниелер туристер үшін таңсық әрі қызық. Сондықтан бұл бағытта туристік ұйымдардың көп жұмыс істеуіне тура келеді. Осы арқылы қазақстандық туризмнің дамуына жол ашылады, қаржы құйылады. Сонымен бірге, ерекше елімізді, кең-байтақ жерімізді жер-жаһанға насихаттайтын боламыз. Қазақстанда Баянауыл секілді бренд болуға сұранып тұрған таңғажайып орындар аз емес. Алыс-жақыннан келіп жатқан туристер, соның бәрін көріп, көзайым болса дегіміз келеді.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»