Руханият • 07 Тамыз, 2017

Ер әже

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кезінде қызылша алқабында тер төгіп, Социалистік Еңбек Ері атанған Мәрзия Ибрагимова бүгінде Жамбыл жерінде тұрады. Ғасыр жасаған даңқты әжейдің кейінгі ұрпағына көрсеткен өнегесі де жетерлік. Кейуана өткен күндерден шежірелі естелік шерте отырып, ерлікті, өрлікті дәріптейді.

Ер әже

– Бізге әке-шешемізден бе­ріл­ген қасиет – намысты бәрі­нен би­ік қою болатын. Еңбекте де көш­тен кейін қалуды ұят кө­ре­ті­н­мін. Қандай құрметке бө­лен­сем де намысқойлықтың, ең­бек­қор­лық­тың арқасында жеттім, – дейді абыз ана.
Өткен ғасырдағы қиын-қыстау кезең, ат ауыздығымен су ішкен заман нәзік жандыларды да талай сынаққа салды. Ауыр бейнеттен көз ашпаған әйелдер қауымы елімізде тұтас еңбек армиясын қа­лыптастырды. Қазақ даласының қай қиырында да еңбекқор адамдар сап түзеді. Солардың ішінде Мәрзия Ибрагимова да бар еді. 1938 жылдан бастап Әулиеата іргесіндегі бұрынғы «Красная звезда», қазіргі «Қызыл Жұлдыз» кол­хозында қызылша өсірумен айналысты. Кейінірек қызылша­шы­лар тобының жетекшісі болды. Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің нәтижесі өз жемісін бер­ді. Содан 1948 жылы 30 жастағы еңбек озатына Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді.
Балалық шағы аласапыран заманның аумалы-төкпелі кезеңіне тап келген Мәрзия әжей тұтас ұлтқа нәубет әкелген ашаршылық ауыртпалығын да, қызыл қырғын зар­дабын да, одан соң соғыс қиын­шы­лықтарын да бастан кешірді. 
Ол өзі Рысбай деген ауқатты кісінің қызы еді. Әкесі жылқы, түйе өсіріп, бидай, тары, қауын егіп кү­нел­ткен екен. Алайда кәмпеске кезінде көптеген байлардың айдалып, ұсталып кеткені белгілі. Сондай сорға ұшырағандардың арасында Рысбай да бар еді. Бізбен әң­гімесінде кейіпкеріміз кәм­пес­келеушілер бұлардың үйін­дегі дүние-мүлікті жеті түйеге ар­тып әкеткенін айтты. Сонымен қа­тар, әжей ертеде отбасымен кө­шіп-қонып жүргенде мінетін Ше­гір деген атының болғанын да ұмытпапты. Құндыз жағалы қыл­қара шапан мен шытырма көй­лек киіп, әлгі байталды үкі та­ғып, әше­кейлеп, жабулап мінген кез­де­рін ерекше сағынышпен еске алады. 
Жалпы, Жер-Ананың қасиетін түсініп, қадірін ұғынып еңбек ету де екінің бірінің қолынан келе қоймайтын іс. Десек те егін­шілікпен айналысу, одан жо­ға­ры мөлшерде өнім алу ең­бек­қор­лықпен қатар, жер құ­пия­­сын, жалпы жаратылыс та­би­ғатын білуді де талап етеді. Ма­ман­­дардың айтуынша, кейде қы­зыл­­шаның бір түбінен бірнеше ө­скін шығатыны бар көрінеді. Бірақ көп қызылшашылар оның артығын жұлып тастайды екен. Осы бір шаруашылық ілімін жете меңгерген Мәрзия Ибрагимова қызылшаны көшеттегенде артық өскінді келесі бір жерге отырғызу әдісін қолданыпты. Сонымен қатар, барлық түптердің арақашықтығын бірдей сақтау арқылы тәтті тү­бір­лердің толық әрі ірі болып шы­ғу көрсеткішіне қол жеткізген. Бұ­дан өзге де ерекшеліктер оны даңқ тұғырына көтеріп, мәртебелі биікке бастады. 1947 жылы 4 гектар жердің әр гектарынан межеленген 220 центнердің орнынан 822 центнерден өнім алып, рекордтық нәтиже көрсетіп, еңбек озаты ретінде ел тарихында қалды. 
Бүгінде Жамбыл облысының Құр­метті азаматы атанған Мәрзия Иб­рагимова тағдыр тауқыметімен ті­­ресе жүріп еңбек етсе де, енді бо­­лашақ ұрпақ біз көрген қи­ындықты көрмесін дейді. Ғасыр жа­саған ғаламат тұлға Әули­еата жұ­ртшылығының ғана емес, қазақ ха­лқының мақтанышы. Уақыт өзгергенмен, еңбек қалады. Ең­бек­тің болмысында дәуір, кезең деген ұғым жоқ. 
Еңбек адамзат атаулымен ықы­лымнан жасасып келе жатқан ерекше құбылыс. Еңбектің аты – еңбек...

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы