Қоғам үшін ең қымбат адам. Адамдардың тыныш әрі бақытты еңбек етуі үшін барлық жағдайдың жасалғаны орынды. Ал бұл орайда экологияны сауықтыру, адам денсаулығына басты назар аудару шешуші фактордың бірі. Бүгінгі әңгіме еліміздегі түсті металлургияның ту ұстаушы кәсіпорындары қатарына жататын “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоршаған ортаны қорғаудағы жағымды жаңалықтары жайлы болмақ.
2009 жылы аталмыш кәсіпорында экология және қоршаған ортаны қорғауда айтулы істер атқарылғаны бірден көзге түседі. Мәселен, “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургия кешеніндегі экологиялық шаралар қай жағынан болсын үйлесім тауып отырған. Тіпті өткен жылы желсіз күндердің өзінде өркенді Өскемендегі ауа құрамындағы қорғасынның мөлшерден тыс артып кетуі бірде-бір рет тіркелмепті. Бұл туралы деректерді жақында өткен баспасөз мәслихатында “Казцинк” серіктестігінің бас экологы Борис Колпаков пен Өскемен металлургия кешені өндірісті қолдау қызметінің бас маманы Индира Юсупова хабардар етті.
Сөз реті келгенде айта кету керек, “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде айына бір рет немесе кем дегенде тоқсанына бір рет экологиялық мәселелерді талқылайтын жиындар өтіп тұрады екен. Ал ақпарат құралдары өкілдерімен де жиі жүздескен эколог мамандар алып кешендегі қоршаған ортаны қорғаудағы жұмыстар жөнінде жиі ақпарат беріп тұрады. “Біз халықпен біргеміз, олардың денсаулығын күнделікті назарда ұстау басты міндетіміз. Сондықтан болар, экологияны қорғауда қаржыны аямаймыз” деген еді бір кездесуде “Казцинк” ЖШС вице-президенті Андрей Лазарев.
Осы орайда, мына бір маңызды мәселені қалай айтпасқа? Өткен жылдың тамызында облыс әкімі Б. Сапарбаев пен “Казцинк” ЖШС президенті Никола Попович маңызды әлеуметтік ғимараттар салу жөнінде меморандумға қол қойды. “Казцинк” өз тарапынан алты теннис корты мен 240 орындық балалар бақшасын салып, ол аяқталған соң қала бюджетіне беруді ұйғарды. Ал бұл мақсатқа жүздеген миллион теңге жұмсалмақ. Егер қаладағы басқа да ірі кәсіпорындар “Казцинктің” бастамасын құптап, игі дәстүрді жалғастырып әкетсе құба-құп. Қазір аталмыш ғимараттардың құрылысы қызу жүріп жатыр.
Облыстық гидрометерология орталығының өлшемі бойынша жоғарыда айтылған қорғасын қалдығының ауаға тарайтын орташа жылдық мөлшері 0,45 шекті рауалы концентратты құрауы тиіс. Ал мұнда қорғасын шығарылымында сапасыз жанармаймен жүретін автокөліктердің бар екені ешкімге де күмән келтірмесе керек. Облыс орталығында он мыңнан астам көліктің бар екенін ескерсек, жағдай түсінікті болар.
Өскемен металлургия кешенінде өткен жылы қорғасын шығарындысын төмендету бағдарламасы бойынша қорғасын өндіру цехындағы газ тазарту учаскесінде сүзгілерді неғұрлым тиімдісімен ауыстыру жұмыстары атқарылды. Шаң-тозаң мен оның құрамындағы металдарды неғұрлым тиімді сүзуге арналған кезекті төртінші сүзгі құрылып, оған 106 миллион теңге қаржы жұмсалды. Сөйтіп, барлығы жеті сүзгіні ауыстырып үлгердік. Бұл бағдарлама 2013 жылға дейін көзделген. Жаңа қондырғы қосымша қуат беріп қана қоймай үнемге де қол жеткізеді, сондықтан тазартудың екінші бағыты жалғаса бермек, – дейді өндірісті қолдау қызметінің бас маманы Индира Юсупова.
– Аталмыш бағдарлама өміршең. Ол 2005 жылдан 2013 жылға дейін қорғасын шығарындысын 12,8 тоннаға дейін төмендетуге бағытталған. Бүгінгі күні төмендеу 12 тоннаға жетті. Санитарлық нормаға қол жеткіздік, енді оны тоқтатуға да болар еді. Алайда, компания қомақты шығындарға қарамастан, бағдарламаны соңына дейін жеткізуді ұйғарды. “Казцинк” ЖШС мамандары ұзақ уақыттан бері құрамында күшән қалдықтары бар қалдықтарды пайдалану әдістерін қарастырған. Біз де оны жалғастырудамыз. Күшәнді металлургиялық циклдан арнайы даярланған жинақтаушыда орналастырылатын әктас-күшәнді көктер түрінде емес, құрамында темір-кальций күшән бар уыты аз қалдықтар түрінде шығаруға ұйғарылды. Биыл және келер жылы скородит алу үшін химия-металлургиялық бөлім учаскесін қайта құру межеленді. Демек, келешекте бұл іс жүзеге асса, жинақталған қалдықтардан скородит (уыты аз қалдықтар) алуға жағдай бар, – дейді “Казцинктің” бас экологы Борис Колпаков.
Ал енді суларды қорғау мәселелері жайлы айтатын болсақ, негізгі бағыт технологиялық ерітінділерді зиянсыз ететін “ТЕ.СО.МА” (Италия) жетілдірілген қондырғы құрылысын орнату маңызды шаралардың бірі болмақ. Олар буландыру үдерісінен өткен соң алынған қатты тұнба пешке қайтадан жіберіледі. Бұл құрылысқа 400 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Аталмыш қондырғы сұйық қалдықтарды толығымен пайдалануға мүмкіндік бермек.
Енді компанияның табиғатты қорғау шараларына келсек, кен-металлургия бағытында әлемді жайлап алған қаржы дағдарысына қарамастан, жоспарланған экологиялық шараларды қаржыландыру тоқтаған жоқ, қайта бұрынғыдан да ауқымды бола түсті. “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургия кешенінде ғана қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ондаған ірі жобаларды жүзеге асыруға 24,6 миллиард теңге қаржы жұмсапты. Осы орайда өткен жылдың маусымында Елбасы Н. Назарбаевтың “Казцинкке” арнайы келіп, “Жаңа металлургия” жобасымен танысқаны, металлургтермен жүздесіп, әңгімелескені көп жайдан мағлұмат берсе керек. Аталмыш жоба бойынша қазір алып кәсіпорында екі бірдей зауыттың құрылысы салынып, оған 760 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ.
– Жаңа жоба бойынша мыс зауытының құрылысымен бірге қорғасын өндірісін қайта құру жүріп жатыр. Ондағы екі технология экологиялық таза қондырғылармен алмастырылмақ. Өскемен металлургиялық кешеніндегі дәл осы қорғасын өндірісі күкірт диоксиді бойынша шығарынды деңгейі 13 мың тоннаға азаймақ, – дейді бас эколог Б. Колпаков.
“Жаңа металлургия” бағыты бойынша төрт маңызды шара жүзеге асырылмақ. Олар: “ІSASMELT” технологиясына көшу, өзін жақсы қырынан көрсете білген “Lurgі Bіschoff” фирмасының сүзгілерін орнату мыс зауытындағы су айналымы және суды екінші қайтара пайдалану жүйесін өндіріске енгізу, Канаданың “LAVALLІN” үздік технологиясын күкірт қышқылы қондырғысын орнату болып табылмақ.
Иә, “Казцинк” кешенінің келешегі кемел. Биыл да аталмыш жобаларды жалғастыру басталып кетті. Алда тұрған тағы бір міндет – су тазарту үймереттерін кеңейту және қазіргі заманғы шыны-пластикалық материалдардың өндірісін кеңінен қолдана отырып күкірт қышқылы өндіріс жабдықтарын қайта құру істері. “Казцинк” ЖШС Өскемен металлургия кешені бойынша биыл да 5 миллиард теңгеден астам қаржыны қоршаған ортаны қорғауға жұмсамақ.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.