Футбол • 07 Тамыз, 2017

Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы анықталды

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған ұтыс ойынының иегерлері анықталды. Басты жүлде – 8 тамыз күні Скопье қаласында (Македония) өтетін УЕФА Суперкубогының ойынына арналған екі билет. Ұлттық құраманың базасы орналасқан Талғар қаласында (Алматы облысы) жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Бұл туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы анықталды

Конкурсқа Қазақстан-Черногрия кездесуіне 225 билет үміткер ретінде қатысты. Яғни, осы матчқа билет алған жанкүйер бірден ұтыс ойынына қатысу құқығына ие болды. Жеңімпаз кез келген санды таңдайтын Random сайты арқылы анықталды. Нәтижесінде, Алматы қаласының тұрғыны Ануар Әділхан жеңіске жетті. Ол осы конкурс үшін арнайы төрт билет сатып алған.

- Ануар «Манчестер Юнайтед» клубының жанкүйері. Ол осы арқылы қазақстандық командаларға ғана емес, сондай-ақ, әлемдік клубтарға да қалай жанкүйерлік ету керектігін көрсетті, - деді Қазақстан Футбол федерациясы Алматы бөлімінің директоры Әбдіхалық Базарқұлов. – 1 қыркүйек күні ұлттық құрамамыз Астанада Черногорияға қарсы ойында бізді тағы да қуантады деп үміттенемін. Ануар секілді жанкүйерлердің арқасында бұл мақсатымызға да жетеміз деп ойлаймын.

Салтанатты шараға Қазақстан Футбол федерациясының өкілдерінен бөлек Lufthansa әуе компаниясының қызметкерлері, ұтыс ойынына демеушілік еткен Ирина Рыбалко мен Ольга Медведева қатысты.

- УЕФА Суперкубогының ойынын стадионнан көру мүмкіндігіне ие болғаныма қуанып отырмын, - деді жеңімпаз. – Шамамен 15 жылдан бері «Манчестер Юнайтедке» жанкүйерлік етіп келемін. 8 тамыз күні сүйікті командамды барынша қолдауға тырысамын. Бұл тартысты матч болары анық.

УЕФА Суперкубогында Еуропа лигасының жеңімпазы ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командасы мен Чемпиондар лигасында топ жарған испаниялық «Реал Мадрид» кездесетін болады. УЕФА Суперкубогы осымен 42-ші рет сарапқа салынбақ.