«Өзім туып-өскен қалада маған осындай құрмет, ілтипат көрсетіліп жатқанына ризамын. Суретшілерге үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Бұл маған ғана көрсетілген құрмет емес, «Торпедо» командасына көрсетілген құрмет деп түсінемін. Енді қалалықтар Тәуелсіздік көшесімен өткен сайын біздің команданы жақынырақ тани түседі деп ойлаймын», - деген хоккейші қабырғадағы суреттің өзіне 99 пайыз ұқсайтынын айтып, бір жымиды.
Тоғыз қабатты үйдің қабырғасындағы суретті салған – Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының түлектері. Олар графитти әдісімен бедерленген бұл туындыны салуға үш апта уақыттарын жұмсаған және суреттің бояуы 5-6 жылға дейін өшпейтінін, суыққа да, ыстыққа да төзімді екенін айтады. «Бізге сурет салу жөніндегі ұсыныс инстаграмм желісі арқылы түсті. Сосын қалалық әкімдікке өзіміздің эскизімізді ұсындық. Төрт адам жұмыс істедік. Мынадай тоғыз қабатты үйде сурет салу да оңайға түскен жоқ. Суретке қарасаңыздар, жоғарыда Талғат Жайлауов тұрса, оның төменгі жағында Алтайдың асқақ шыңы Мұзтау көрінеді. Бұл арқылы біріншіден, әйгілі хоккейшінің қазақ хоккейіндегі биік орнын, екіншіден, мұз айдынының бейнесін де бедерлегіміз келді», - дейді жобаға қатысқан суретшілердің бірі, аталған оқу орнының магистранты Айбек Нұрбеков.

Өскеменнен түлеп ұшқан Талғат Жайлауовтың суретін туған қаласына салу идеясының авторы қала әкімі Қуат Тұмабаев мұндай туындыларды Ақтөбе мен Талдықорған шаһарларынан көргеннен кейін өзіне осындай ой келгенін айтады. «Әуелде түрлі ұсыныстар болды. Табиғаттың суретін немесе Шығыстан шыққан әйгілі ақын-жазушылардың бейнесін салдырсақ па деп те ойладық. Алайда осы жобаның демеушілері Талғат Жайлауовтың суретін салдырайық деген ұсыныс айтты. Біз қолдадық. Өйткені, Өскемен – еліміздегі хоккейдің Отаны. Сондықтан мұндай шаһарда қаламыздың, облысымыздың ғана емес, ел мақтанышы Жайлауов секілді үздік хоккейшінің суретінің қасқайып тұрғаны орынды деп ұйғардық. Бір қызығы, осы сурет салынғаннан кейін шаһардағы жаны жомарт азаматтардан «тағы да басқа тұлғалардың суреттерін салдырайық» деген ұсыныстар түсіп жатыр. Амандық болса, бірер айдан соң Өскемендегі үйлердің қабырғасының бірінен осындай тамаша суретті көріп қалуларыңыз мүмкін», - дейді қала әкімі.
Осы жобаға қаржылай қолдау білдірген, техникаларын ұсынған «ЮКО» ЖШС-інің құрылтайшысы Қайнар Дүйсеновтің айтуынша, әйгілі хоккейшінің суреті бекерден бекер таңдалмаған. «Жерлесіміз Талғат Жайлауов мыңдаған, миллиондаған жанкүйері бар қазіргі замандағы ең үздік хоккейшілердің бірі. «Торпедоның» чемпион атануына сіңірген еңбегі де зор. Сондықтан қалалық әкімдікке осындай ұсыныс жасадық. Өзім хоккейші болмасам да, бұл спорт түрін ерекше жақсы көремін. «Торпедоның» ойындарын үзбей көруге тырысамын. Талғатты кәсіби спортшы әрі қарапайымдылығы үшін ерекше құрмет тұтамын», - дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН