Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Бұл жолы 1413 әкім сайланады

203 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы жылдың 4-24 тамызы аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін сайлау өтеді.

Бұл жолы 1413 әкім сайланады

Ауыл әкімдерін сайлау 2017 жылғы 11 шілдеде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес өткізіледі. Алғашқы ауқымды ауыл әкімдерін сайлау 2013 жылы тамызда өткен еді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.

Орталық сайлау комиссиясының ақ­па­раты бойынша, еліміздің аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің барлық саны – 2440. 2013 жылы сайланған әкімдердің өкі­леттік мерзімдерінің аяқталуына, кейбір ауыл­дық округтердің жо­йылуына, сайланған әкім­дердің өкілеттіктерінің уақытынан бұрын тоқтатылуына байланысты  4-24 тамыз аралығында 1413 ауыл әкімі сайланатын болады.

Ауыл әкімдерін сайлауды ұйым­дас­ты­ратын орган облыстық, аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары болып табылады. Аумақтық сайлау комиссияларының деректері бойынша, қазіргі уақытта 4056 кандидат ұсынылған, олардың ішінде тіркел­гендер саны – 3895 кандидат.

Заңнамаға сәйкес, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынған кандидаттардың ішінен жергілікті қоғамдастық өкілдерімен келіскен соң сайлайды. Жергілікті қоғамдастықпен консультациялар аудан әкімдерінің ауыл, кент және қала жұртшылығының өкілдерімен кездесулері түрінде өтеді. Ауылдық округтер әкімдерін сайлау тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Сайлау тиісті аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының депутаттары – таңдаушылардың отырысында өткізіледі. Отырысқа таңдаушылардың кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып табылады.

Таңдаушылар отырысында аудандық (қалалық) мәслихаттың хатшысы төрағалық етеді. Таңдаушылардың тізімдерін аудандық (қалалық) сайлау комиссиялары тиісті мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша жасайды және бұл тізім дауыс беруге арналған пункт­те ілінеді. Әр таңдаушыға жасырын дауыс беру үшін сайлау бюллетені беріледі. Дауыс беру рәсімі аяқталған соң аудандық немесе қалалық аумақтық сайлау комиссиясы дауыстарды санауға кіріседі. Дауыстарды санау кезінде салыстырмалы мажоритарлық жүйе қолданылады. Яғни, басқа кандидаттармен салыстырғанда сайлауға қатысқан таңдаушылардың көпшілік дауысын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі. Ал аудандық (қалалық) сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша сайлау нәтижелері туралы хаттама жасайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауыл­дар әкімдерін сайлау жанама сайлау құқы­ғы негізінде 2013 жылғы 5-9 тамыз ара­лығында өткен болатын.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»