Салтанатты рәсімнің қарсаңында Қ.Әбдірахмановтың Иранның жаңадан сайланған Президентімен кездесуі болып өтті. «Бүгін Иранның ғана емес, сіздің еліңіздің барлық достарының өміріндегі айтулы күн. Сізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау мен үшін үлкен құрмет. Соңғы жылдар ішінде сіз Қазақстан басшысымен бірлесіп екіжақты қатынастарды стратегиялық ынтымақтастық деңгейіне көтердіңіздер», деді Қ. Әбдірахманов.
Министрдің айтуы бойынша, екі елдің сыртқы саясат қызметінің міндеті 2016 жылдың ішінде өткен Н.Назарбаевтың Тегеранға және Х.Руханидің Астанаға сапарларының шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың толық іске асырылуына барынша атсалысу болып табылады. Транзиттік көлік, туризм, ауыл шаруашылығы, кен өндіру салаларындағы жобаларды сапалы жүзеге асырудың маңызы зор.
Министр Иран Президентін 10-11 қыркүйекте Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитіне жүргізіліп жатқан дайындық туралы хабардар етті және Қазақстан Президентінің бүкіл ислам әлемі үшін маңызды осы іс-шараға қатысуға шақыруын жеткізді.
Өз кезегінде Иран Президенті де екі елдің даму үстіндегі ынтымақтастығын қанағаттанарлық сезіммен атап өтті. «Президент Н.Назарбаев пен екеуіміздің арамызда екеуара достық және өзара толық түсіністік бар. Қазақстанның басшысы – әлемде аса құрметті тұлға, ол бүкіл өңір үшін көптеген жақсы істер істеді», деп атап өтті Иран Президенті. Х.Рухани Астанадағы ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитінің өткізілуіне ризашылығын білдірді және Иранның осы маңызды оқиғаға қатысатынына сендірді.
Бұдан басқа, Х.Рухани Қазақстан-Түрікменстан-Иран темір жол магистралын дамытуды, Каспийде теңізбен жүк және жолаушылар тасымалдарын жолға қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қоса алғанда, барлық бірлескен экономикалық жобалар бойынша Иранның Қазақстанмен өзара тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін атап көрсетті. Сонымен қатар, Иран басшысы Каспий маңы мемлекеттерінің сауда, кеме қатынасы, экология салаларындағы ынтымақтастығы дамып келе жатқанын жеткізді.
Қазақстан-Иран ынтымақтастығының барынша егжей-тегжейлі мәселелері Қ. Әбдірахмановтың өз әріптесі – Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зарифпен жүргізген келіссөздердің барысында талқыланды. Әңгіме барысында бүгінде бірнеше жүздеген миллион доллар соманы құрайтын 21 инвестициялық жоба әзірленіп жатқаны сөз болды.
М.Зариф Иран үшін Қазақстан маңызды серіктес, тату көрші ел екенін сөз етті. Оның пікірінше, өткен жылғы президенттер деңгейіндегі өзара сапарлар екіжақты қатынастарды айтарлықтай ілгерілетті. Иран жағы Президент Н.Назарбаевқа оның өңірлік және халықаралық істердегі рөлі үшін үлкен құрметпен қарайды. М.Зарифтің айтуы бойынша, біздің еліміз Иранның ядролық бағдарламасы бойынша бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспарына қол жеткізуде және оны іске асыруда пайдалы іс атқарды және Иран Қазақстанның осы мәселеге іскерлік қатысуын жалғастырады деп үміттенеді. Иран министрі кәсіпкерлер үшін оңайлатылған визалық режімді қамтамасыз ету, туристермен алмасуды ұлғайту қажеттігі, сондай-ақ банкаралық байланыстарды жолға қою мәселелерін қозғады.
Келіссөздер барысында тараптар халықаралық күн тәртібінің әртүрлі мәселелері, оның ішінде Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раундына дайындық, Таяу Шығыстағы жағдай, сондай-ақ исламаралық жақындасу саласындағы бастамалар бойынша пікір алысты.
Тегеранға жасаған бір күндік сапарының барысында Қ.Әбдірахманов Қазақстанда жұмыс істейтін немесе біздің елге инвестиция салғысы келетін Иранның ірі бизнесмендерімен консультациялар өткізді. Министр Қазақстан Үкіметінің экономикалық дипломатияны күшейту және экономиканың басым секторларына инвесторлар тарту жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Иран кәсіпкерлерімен кездесу кезінде Қазақстан мен Иранның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды арттыру үшін шешу қажет болып тұрған өзекті проблемалар сөз болды.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»