Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Ымыра бар жерде ырыс бар

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тірлікте ұрыс-керіс, дау-дамай болмай тұрмайды, бірақ орын алған келеңсіздікті одан әрі ушықтырып, сотқа жүгінбей-ақ адамгершілік тұрғысында өзара түсінісу жолымен шешуге де болады. Бүгінде көпшілікке «медиация» атауымен таныс бұл әдістің, іс-әрекеттің арғы тіні қазақтың билер қазылығында, шешендер сөз саптауында жатқан секілді.

Ымыра бар жерде ырыс бар

Қазір медиаторлардың кө­ме­гіне жүгініп, күрмеуі қиын бол­ған ісінде екі тарапты да риза етер оң шешімге қол жеткізіп жүр­гендер жоқ емес.

Тараптарды татуластырудың оңтайлы жолы саналатын ме­диация әдісі жоғары бағала­нып, 5 тамыз еліміз бойынша ме­диаторлар күні болып белгі­­ленген еді. Аталмыш мере­кені Маңғыстау облысының Қазақ­стан халқы Ассамблеясы, «Қоғам­дық келісім» КММ жанынан арнайы ашылғаннан бері өз жұ­мы­сын тұрақты және жемісті жүр­гізіп келе жатқан Медиа­ция кабинеті де атап өтті. Мере­кеге орай Ақтаудағы Достық үйінде «Ашық есік» күні өтті. «Ашық есік» күнін тоқсан сайын өт­кі­зіп, алуан істердің оң шешілуі­не, сондай-ақ айтары бар тұрғын­дар­дың талап-тілегін тыңдауға отыратын кәсіби медиаторлар бұл күні де іске белсене кірісті.

«Ашық есік» күні Ақтау­дағы «Медиацияны дамыту ор­талығы» РҚБ кəсіби медиа­тор­лары А.Иманқұлова, Н.Сы­ды­­қова, М.Нұржанов, А.Қа­дыров С.Нәбиев және Қ.Аман­жол  ке­зекшілік етіп, қала тұрғын­дарына тегін кеңестер берді.

Ашық есік күні тұрғындардың өтініштері немесе басқа да медиациялық процедуралар тегін жүргізіліп, бұзақылық, ұрлық, қызметін асыра пайдалану, алимент өндіру, қарыз ақша өндіру, ажырасу даулары бойынша медиациялық келісімге бірнеше арыз қабылданды.

– Медиация кабинетіне халық­тың сұранысы, қызғушылығы жоғары. Келушілердің талғамына сай қызмет ету – медиаторлардың да басты мақсаты. Сондықтан, олар да өз кәсіби біліктілігін ұдайы жетілдіріп, курстар мен семинарларда шыңдалып отырады, өзге іс-тәжірибелермен бірге, халқымыздың шешендік сөздерін оқып, билер тағылымына сусындайды. Қиын істерде екіжақты келісімге келіп, ортақ дауларға оң шешімдер тауып, татуласып жатқандар да аз емес, дейді «Қоғамдық келісім» мекемесі директоры А.Жайылханова.

«Ағайын тату болса, ас көп» дейді халық тағылымы. Берекелі, мерекелі өмір сүру – әрбір адам үшін басты қажеттілік.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы