ЭКСПО-2017 • 08 Тамыз, 2017

Болашағын баламалы қуатпен байланыстырған ел

158 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығында Боливия Республикасы ұлттық күнін атап өтті. Дәстүрлі шараның шымылдығы екі елдің мемлекеттік туын көтеріп, әнұранын шырқаумен ашылды. Мерейлі мерекенің көрігін ән мен би қыздырды. Боливиялықтар өздерінің ұлттық өнерін паш етті. Ал әртістер қатысқан ұлттық шеру кешті сәтті қорытындылады.

Болашағын баламалы қуатпен байланыстырған ел

Салтанатты жиынның ресми бөлімінде Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Ол Боливия мемлекетіне ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, халықаралық шараға Латын Америкасы елдерінің қатысуының маңыздылығын әңгімеледі. «Боливияның жаңғырмалы энергия нарығы белсенді дамып келе жатқандығы әлемге аян. Мемлекет басшылығы елде табиғи газдың мол қорына қарамастан, баламалы энергетиканы дамытуға мүдделі. Осы ретте біз мемлекеттің 2025 жылға дейін алға қойған мақсатын атап өтсек дейміз, Боливия жоғарыдағы межеге дейін ел аумағында өндірілетін энергияның 70 пайызын су, күн, жел электр стансаларынан алуды көздеуде. Бұл саясат салада өте құнды деп есептеймін және осы көрме аясында өзге елдермен бөлісуге тұрарлық», деді Талғат Мұхтаров.

Басқосуда Боливия көпұлтты мемлекетінің сыртқы сауда және интеграция бойынша вице-министрі Эндар Вер Валтер Кларэмс сөз сөйлеп, республиканың экономика және энергетика саласындағы жоспарларымен бөлісті. «Біз экономикалық және әлеуметтік даму жоспарымен жұмыс істеудеміз, оған шамамен 35 жоба енгізілген. Басты мақсат – дәстүрлі энергетикалық матрицаны баламалы энергия көздеріне, дәлірек айтсақ, күн, жел, биомасса, геотермалды, су электр стансаларына алмастыруға бағытталған. Мысалы, 2020 жылы 4878 МВт электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде, оның 2592 МВт-ы экспортқа бағытталған. Осы ретте мен  Қазақстанның энергетикалық жеке секторын баламалы энергияны дамытуда менің еліммен жұмыс істеуге және инвестициялауға шақырамын. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесінің біздің басымызды қосудағы басты мақсаты емес пе?» деген Эндар Вер «Қуаттың баламалы түрлері» тақырыбында келушілерге көрсететін жобалары бар екенін жасырмады. «Осы салаға инвестиция көбірек құюымыз керек. Өйткені біздің болашағымыз жасыл энергиямен байланысты болады», – деді ол сөзінің соңында.

Көміртексіз жүретін көліктерді көбейтпек

ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесіндегі Нидер­ла­нд Корольдігі павильонында 3D шоуды көзілдіріксіз тамашалауға мүмкіндік бар. «Шағын ел, шексіз энер­гия» деп аталатын павильон 3 бөліктен тұрады.

Алғашқысында қонақтар мем­лекеттің салт-дәстүрімен танысса, екінші бөлмеге келушілер 3D шоуды алғаш рет көзілдіріксіз тамашалай алады. 3D конструкция үш деңгейлі матадан тұрады. Ол ЭКСПО-2017 көрмесі үшін арнайы Нидерландтан жеткізілген. Ал үшінші бөлмеге ин­терактивті тақ­талар қойылған. Мұн­да ко­роль­діктің жаңғырмалы қуат көз­деріне қатысты тың жобала­ры ту­ралы ақпараттар қамтылған», – дей­­ді павильон қызметкері Ардақ Қо­жахмет.

Интерактивті тақтадан «моби­ль­­ділікті» таңдасаңыз, Голлан­дия университетінің студенттері ой­лап тапқан «Тeamfastа» жоба­сымен танысасыз. Ол – гид­ро­зинмен жүре­тін автобус. Гид­розин – азот пен суте­гі­нің қо­сындысы, сұйық баламалы қу­ат көзіне жатады. Оны жаңа ре­во­люциялық тұрақты отын деп те атау­­ға болады. Гидрозин арқылы ав­­тобус көміртексіз жүреді. Де­мек, қор­шаған ортаға зиянды қал­дықтар шы­ғармайды.

Жоғарыдағы интерактивті тақ­тада Солтүстік теңізінен 85 ша­қы­рым қашықтықта орна­лас­қан, әлем­де­гі ірі «Gemi­ni» жел эле­ктр стансасы да қамтылған. Он­­да «Siemens» жел турбиналары қой­ыл­ған екен. 2017 жылдың со­ңын­да жел электр стан­сасынан өн­ді­ріл­ген қуат­ты 785 ша­руа қо­жа­лығы пай­даланбақ.

Нидерландтың Қазақстан­мен инновация саласында бі­рігіп атқарған жобалары да баршылық.

Қариялар мен жеткіншектер көрмені аралады

Ғаламтор желісінде «Астананың ақ көңілділер клубы» деген атаумен танылған қайырымдылық қозғалысының мүшелері қарттар үйінің қамқорлығындағы қариялар мен ерекше күтімді қажет ететін балаларды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне апарып, экскурсия өткізді. 

«Әлеуметтік мекеменің 60 тұрғыны мен мүмкіндігі шек­теулі 15 жеткіншекті елордада өтіп жатқан халықаралық шараға әкеліп, «Болашақ энергия-
сы» тақырыбындағы қызықты дүниелерді таныстырдық. Ата-әжелеріміз бен балалардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді клубтың негізін қалаушы Гүлмира Абдрашева. Оның айтуынша, еліміздегі ірі қозғалысқа айналып үлгерген аталған ұйым алты қалада жұмыс істейді.

Қозғалыс мүшелері – ерік­тілерге қойылатын басты шарт – жақын кенттерді қамқорлыққа алып, сол жердің тұрғындарымен жұ­мыс істеу.  «Астананың ақ кө­ңілділер клубы» елорда ма­ңындағы бірқатар ауылдарды қамқорлыққа алды. Атап айтқанда, Атбасар қаласы,  Колу­тон, Семенов ауылдары бар. Жа­қын­да олардың қатарына Ново­иши­м ауылы қосылды», деді Г.Абдрашева.

Қайырымдылық қоғамы әлеу­мет­тік аз қамтылған отбасылардан бөлек, бүгінде қараусыз қалған жануарлар мәселесіне, қаланың санитарлық тазалығына қатысты бастама көтеріп, нақты жұмыстар істеп келеді.

Әскери қызметшілер Экспо алаңында

«АрМИ-2017» халықаралық әскери ойындарына қатысып жатқан 17 мемлекеттік әскери қызметшілері ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін тамашалады. Әр елдің команда басшылары елорда төріндегі жаһандық көрмеге арнайы қонақ ретінде шақырылған болатын. Олар ең алдымен, «Нұр Әлем» павильонын аралап, ғимараттан шыққаннан кейін алған әсерлерімен бөлісті.  

«Халықаралық көрмені тамашалауға мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Шараның ауқымдылығы, ұйымдастырылуы, павильондар мені қатты таңғалдырды. Әскери ойындардың арқасында өзге елдегі әріптестермен танысып, тәжірибе алмасып жатырмыз. Осындай достық, татулық байланыстың үзілмеуін тілеймін», – дейді Зимбабве елінің өкілі Мэди Мурулас. 

Қытайлық әскери қызметші Вань Тие Фэнь өзін бейне бір өзге әлемге немесе болашаққа еніп кеткендей күйде қалғанын, өткен тарихқа да бір саяхаттап қайтқанын айтты. «Әр қабаттың өзіндік сырлары бар, солар арқылы өскелең ұрпақ қандай заманда күн кешетіндігін білуге болады. Қазақ елінің мұндай белесті бағындыруы – үлкен жетістік», – деді ол.

1 тамыз күні «Отар» әскери базасында басталған «АрМИ-2017» ойындары аясында «Артиллериядан оқ ату шеберлері», «Мергендер шебі» және «ҰҰА топтарының сайысы» атты үш байқау өтті. Тоғыз күнге жалғасатын байқауда 18 елдің – Әзербайжан, Армения, Бангладеш, Беларусь, Венесуэла, Грекия, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тайланд, Тәжікстан, Өзбекстан және Оңтүстік Африка елдерінің әскери қызметшілері бақ сынасуда. 

Топтаманы әзірлеген

Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсіргендер

Орынбай Балмұрат,
Ерлан Омар,

«Егемен Қазақстан»