Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Келіншектау... cыңсыған тас мүсіндер...

1065 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бөдененің бытпылдық-бытпылдық үні тербеген мына өңір бүгіндікке өзгеше ме деп ем; қойнауда кілкіген мұнарға қараңыз, сосын, анау алыстағы өзеннің арғы жарқабағы қашықтығына қарамай көз алдыңызда тұратынын қайтерсіз; ал оның бәріне, айтасыз-ау, оның бәрі-бәріне таңдай қаға көз алмай қарап, дәл жанындағы арбакеш ақсақалды ұмытып та кетіппіз ғой; әне, ол – арбакеш ақсақал да айналадағы таңғажайып таңғы суретке бір сәтке селт етіп назар салған да жоқ, делбені үш қайтара сілкіген күйі жөткіріп алды да үнсіз шаңдақ жолға тесіле қараған қалпы отыра берді; тек, ұйыған тыныштықты сықыр-сықыр әуенімен бұзған арбаның төрт дөңгелегі екен; жол... жарықтық, жол жиегінде күнбағыс бырттай ашылып жайқала гүлдеп тұр – бастысы кетпеніміздің жүзі таңғы арайдың сәуле шашқан шапағына шағылысып, БІЗ – балалар егістікке асығып келеміз, көңіліміз алабұртып тез-тез жетуді аңсаймыз, ал ырдуан арба асығар ма!

Келіншектау... cыңсыған тас мүсіндер...

...Арбакеш ақсақал делбені тағы бір сілкіді, қыр асып құлаған арба құлдыраң қақты. Неге екен білмедім, өзімнен-өзім таңқалатындай болып отырмын. Құдды бір құрсан қалпымда ғажап кейіпке берілген күйі толғамды сөз таппай аңтарыла ойға беріліп, әлдене іздеймін, мүмкін жаныма керегі өздігінен табылатын секілденеді. Кім біледі, кешегі қоңырқай тартып желеміктенген шуақты әдемі кейіптегі сағыныш бояулы көңілді баураған әспетті сезінгендей сәтте қалдым... Қайдан екенін білмеймін, бір қы­зығы, әйтеуір, есіме енді түсіп отыр, жарық­тық Қаратауда аңызға бергісіз бір әңгіме бар. Қара шал айтып отыратын, мына Ке­лін­шектауыңызда қызық әңгіменің сұлбасы болып еміс-еміс суыртпақталып жететін оқиға оралады, ол былай айтылатын еді:

Жасауы дайындалып жатқан болашақ келіндерге нақыл ретінде сақталған аңыздың сұлбасы баяндалады. «Әлде жүз, әлде мың жыл бұрын теріскейде әйгілі бай өтіпті. Әлгі бай аузы уәлі, ақылы мен дәулеті парапар кісі көрінеді. Сол кісінің қылығы тәтті қызы болған екен. Сол қыз майысып, толқып бой жетіпті. Тана көзі талайдың ішіне шоқ түсіріпті. Күнгей елінен теңі табылыпты ақыры. Әлгі бай жалғыз перзентімнен аярым жоқ деп, екі жасқа батасын беріпті, жасауын бөліпті дейді. Жасауды көрген ақын нешеме күн қисса етіп жырласа да, суреттеп тауыса алмапты деседі. Отаудың үздік дөдегесі марқаның жүнінен басылып, бау-басқұры жібек жіптен тоқылыпты. Шаңырағын алтынмен аптап, уығын күмістен қаптапты. Бар жиһаз жасауды түйеге теңдеп, ал, риза бол қалқам деп, әкесі керуеннің бас жібін қызының қолына ұстатқан көрінеді. Керуен ырғалып-жырғалып Қаратаудың қырқасына көтеріліпті. Қызы құрғыр дүниеге бір табан жақын білем, сол арада түйелерді шөгеріп, жасауды қайыра бір көзден өткізіпті.

Сөйтсе, итаяғы жай өрік ағашынан шабылған екен. Мұны көрген қыз: «Әкем сараңдық жасапты, итаяғымды күмістен соқтырмапты» – деп күйеу жігітті ауылына қайыра шаптырыпты. Күміс итаяққа жұмсаған көрінеді. Бар дәулетін сыпырып, арттырып жіберген ақылды әке әлгі сөзді естіп, қызына қатты налыпты. Сөйтіп, қызына қапаланып, «тас жүрек екенсің, тас бол», – деп теріс батасын беріпті. Ол кезде ғой қарғыстың дөп даритын уағы білем әлгі шөгіп жатқан түйелер, бұйда тартқан қалыңдық солайымен тұрған жерінде тасқа айналып қалыпты. Биік шың Келіншектау аталыпты.
– Жылдар өтіп, жылжып, уақыт озыпты. Бұл дүниеде нешеме ұрпақ ауысыпты – қолдан қашағандай. Әлгі тас түйелер тізіліп жатыр дейді, әлі күнге келіншек мүсіні тамылжып тұрған көрінеді.

Келіншектау... Күн желкемденді ме, көз ұшындағы Қаратаудың таңғы кербез келбетін ғайыптан мұнар көлегейлеп, сұп-сұр кейіпке орай бергені несі екен?

...Алдымен көзге түсетіні орамалын желкем жел желпігендей болған қыздың кейпі көз алдыңда тұрады... Алыстан қарасаң өрнекті кейіп беретін сурет дерсіз. Бір қарағанда қиялыңызға қанат бітіп кеткендей болады, күйсеп тұрған аруана ма деп қаласыз, керуеннің сұлбасы екен ғой деп бір ойлайсыз. Көш енді ғана орнынан қозғала бергендей екен. Шөгіп жатқан түйелер енді орындарынан тұра бастағандай еді. Таудың ұмар-жұмар сәтінің қозғалысын аңғартқандай. Таңғы шапаққа оранған арайлы нұр ерекше кейіпті келіншектің келбетін алаулатып жіберді. Теріскейден ескен самалдан сыңсып шыққан бір үн келеді. Бейуақтағы ауылмен қоштасып бара жатқандай қыз көші ұзады, таудың әр тасы жел екпінімен құбылып сыңсыған қалпы мың өзгеріп, қайырым әуенін соза түсетіндей, кейде үзіліп барып сыңсыған әуен жоғалғандай ізім-қайым жоқ болып кетеді. Қайдан екені белгісіз, осы сәт менің есіме Қара шал айтатын таңданысқа толы қиялға бергісіз бір аңыз оралып, өн бойымды толқытып, әлдилеп тербеткендей, еріксіз аялайды.

Жарықтық Қаратау ол кезде өн бойы айтып тауыса алмас­тай ғажайып бір керім көріністі елес­тететін пейіштің ішіндегі тамсандырар тау екен. Басында мың бұралып бұлақ ағып, төскейінде неше түрлі бой тіктеген ағаш өсіп, қойны толған қатпарлы асыл қазына баурайы көз жауын алған көкмайса болыпты. Сан түрлі сайраған құстар мен даланы андыздай кезген аңдар сонда екен. Адам ата мен Хауа ана пейіште әзәзілдің сөзіне иланған күйі, Алла тағала тыйым салған жемісті ашкөздікпен жеп қояды. Сонда олар өздерінің үстерінен пейіштің киімдерінің түсіп қалғанын, жалаңаш екендіктерін көріп, қатты қысылыпты. Ұят қысып, ұятты жерлерін жабу үшін пейіштегі жеміс ағаштарынан жапырақ беруді сұрайды. Адам ата мен Хауа ананың Алла тағала жеуге тыйым салынған жемісті жеп, күнәһар болғандығына қатты қапа болып тұрған екен. Сонда да Адам атаның тілегін жерге тастамай, төрт жапырақ береді. Адам ата мен Хауа ана жапырақтармен ұятты жерлерін жабады. Алла тағала таудың Адамға неге жапырақ бергенін сұрайды. Сонда тау: Е, жаратушым, Адамды өзің жараттың, Періштелер, тау мен тас, жүгірген аң, ұшқан құс – бәрін Адамға сәжде еткіздің. Ұлық та кінәсі үшін құлын өлтірмейді. Сенің сүйікті Адамыңның жалаңаш тұруын лайық көрмедім, Сені құрмет тұтқандықтан, Адамға жапқыш бердім, – дейді.

Алла тағала таудың сөзін мақұл көрсе де, өзінің рұхсатынсыз, Адамға жапырақ бергені үшін, оны айыпты санайды. Тауды бар саласымен, аңғарымен Адам атаның игілігі үшін Алла тағала жерге түсіреді. Алла алдында Адам атаның жасаған күнәсына ұялып, таудың түсі қарайып кетеді. Содан бастап бір қызығы халық тауды Қаратау атап кеткен деседі.

Ал енді үлкендер айтатын мына аңыз да осымен үндесіп жатқандай... «Алла тағала Адам атаны пейіштің төрінде топырақтан жаратып, оның жанына жан салады. Сонда Адам атаның көзі аршыдағы «Құдай бір, Мұхамед алеки-салам – құдайдың пайғамбары» деген жазуға түседі. Адам ата бұл жазуды көріп, ойға қалады. Алла тағалладан Адам ата мынадай хабар алады: Ол перзенттеріңнің бірі сенің, менің пендем және пайғамбарым, бүкіл әлемнің шапағаты, пайғамбарлардың бақыт салтанаты. Сенің әулетіңнен біреуі күнәһар болып, Мұхамед алейхи - саламға тоба қылып, кешірім сұраса, мен оның күнәсын кешіремін». Бұл сөзді естігенде «Мен күнәһар болсам, ол шапағат қылады-мыш. Мен ата, ол менің балам болса, ол қандай сөз?» – деген пікір туып қалады. Сонда Алла тағала Жәбірейілге Адам атаның көңіліндегі пікірін қырып алып, пейіштің бір жеріне көміп тастауды пәрмен қылады. Жәбірейіл Алла тағаланың пәрменін орындайды. Адам атаның көңілінен қырып алған астам пікірді айтылған жеріне көміп тастайды. Содан жеміс ағашы өсіп шығады. Ол кейін Адам ата мен Хауа ананың пейіштен шығуына себеп болады. Жәбірейіл Адам атаның жанын ауыртуға батылы бармай, оның көңіліндегі пікірді таза қырып алмаған екен, қалған қалдығынан нәпсі пайда болады.

 Дүниені топан су басқанда су Қаратаудан асып, пейіштің қақпасына дейін жетіпті. Сонда әлгі жемістің ағашының бір сабағы суға түскен екен. Топан су қайтқанда, Нұх пайғамбар оны көріп, Алла тағаладан ақыл сұрайды. Алла тағала Нұх пайғамбарға бұл жемістің пейішті бүлдіргенін, бірақ оның қасиетін өзгерткенін, жерге егуге болатынын айтады... Нұх пайғамбар жеміс ағашының сабағын Қаратаудың етегіне егеді. Содан бүлдірген өсіп, көктем келгенде көкорай шалғынға оранып, әдемі әспет алатыны сол кезеңнен деп ойлайсыз. Көз жауын алған жақұттай мөлдіреген бүлдіргеннің бір уысын ауызға салғанда рақат сезімге берілгеніңізді еріксіз еске аласыз. Шіркін Қаратау деп тамсанатыныңыз да содан шығар бәлкім. Шіркін, Қаратау...

 Жел уілдей соқты. Самал сырнайлатып кеп берді. Келіншектің сәукелесі жанарыңды көлегейлей берді... Шөгіп жатқан түйелер иықтарындағы жүктерін қомдап, орындарынан тұруға қамдана бастағандай. Көш ілгері-кейінді ұзақ сапарға қозғалғандай бір сәт. Түйеге артылған сансыз теңдер қозғалған сайын сықыр-сықыр етеді. Сәукелесінің астында желбірегендей болған жаулығы шығар да, бәлкім солай елестей ме екен. Тас мүсіндер сыңсып ән салатындай, құлаққа мұңлы әуеннің қайырымы жеткендей бір үн келеді. Әлде боздаған түйелер ме? Алысқа аттанып бара жатқан Келіншектің сыңсыған үні ме екен?!

Етекте теріскейге қарай мың бұрала қаша жөнелген Арпаөзеннің иір-иір арнасы жылтырайды. Сол Арпаөзеннің арнасында 2765 шимайлы ірілі-ұсақты тастарды ұшыратасыз. Қаратаудың шимайлы тастары біздің заманымыздан бұрын 2 мыңжылдық пен орта ғасыр аралығында тастарға шекілген ғажайып суреттер алдыңыздан шығады.Ондай таңбалы тастар, Қаратаудың шатқалдары мен сайларында көптеп ұшырасар еді. Мәселен, Койбағар сайында 3045 өрнекті тасты кезіктіресіз. Олар тік, қия жартастар мен ірілі-ұсақты қой тастарға қашап салынған. Майдамтал сайындағы бұғы мен таутекенің суреттері біздің заманымыздан бұрынғы 1 мыңжылдықтың ортасындағы жартастағы суреттер екенін ғалымдар айғақтап отыр. Бұл тастардағы суреттер көшпелі тайпалардың салт-санасын, діни таным-түсінігін, ырымдарын әдет-ғұрыптарын білдірсе керек. Онда қалдырған аңдар мен хайуанаттардың нобайларын, байлық пен күштің символы ретінде түйе кескінін келтіреді. Кейінгі жылдары белгілі болған 50-ге тарта жүк арбаларының суреттері де осы өңірге тән болып келеді. Қаратауды мекендеген көшпелі тайпалар аң мен құсты ерекше қадір тұтып, оларды ие, тәңірі, пір деп санағанын білеміз. Қазақта ешкінің иесін «Шекшек ата», қойдың пірін «Шопан ата», түйенің пірін «Ойсылқара», ірі қараның тәңірісін «Зеңгі баба» деп төрт түлік малды аса қадірлеуден туған екенін жатқызуға болады. Қаратауда ұшырасқан көптеген таңбалар суреттері негізінен мал өсірумен айналысқан тайпалардың көктемгі, күзгі мал төлдету, күйек, күзем алу науқандарында өткізілетін салт жоралғыларды бедерлейді. Қаратаудың шимайлы тастары жергілікті халықтың байырғы рухани өмірін көрсететін бірден-бір құнды көне мәдени ескерткіші саналады. Осының бәрін айғақтағандай Арпаөзен шимай тастардың маңдайын сипағандай шымырлап ағады. Келіншектау кербез күйі ағараңдай түседі. Келіншектау десе Келіншектау... Сыңсыған тас мүсіндер... Қара­тауды бөдененің бытпылдық-быт­пылдық үні тербейді.

Келіншектау... Неге екенін қарт Қара­тау­ға әдемі әспет бергендей айрықша кейіп танытады.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы