Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Қойнауы құт Қостанай

630 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен аптаның аяғы, тамыз айының 5 күні Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қостанай облысының мәдени күндері басталды. Қостанай – қойнауына құт дарыған өлке. Бидай мен дәнді дақылдар егіп-баптауға таптырмас топырағы құнарлы мекен. Бір сөзбен айтқанда, «астықтың астанасы».

Қойнауы құт Қостанай

Амфитеатр сахнасына сән берді

Қостанай облысының мәдени күн­дері­нің ашылу салтанаты мен өңірдің үздік шығармашылық ұжымдарының «То­был-Торғайым, жүректен толғайын» атты гала-концертіне халық көп жи­нал­ды. Амфитеатр лық толып, орын қал­­маса да көрермендердің көбі кеш­кі то­ғыздан өте басталған концертті тікесін­ен тік тұрып көрді. Жанды дауыс­та шыр­қалған әндер, биші қыз-жігіт­тердің кәсібилігі, қазақтың жанымен үндесе­тін қоңыр күйлер бәрімізді бір­ден бау­рап алды. Қостанай облыстық мә­де­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мұндай деңгейдегі кешті ұйым­дастыру үшін жарты жыл­дай дайын­дық жүргізілгенін айтты. «Ас­танаға облыстың ең үздік шығарма­шылық ұжым­дары мен ең үздік жеке орынд­ау­шыларды алып келдік. Олардың ұзын саны 200-ден асады. Оған қоса біздің облыстан шыққан, бұл күнде респуб­­ликалық деңгейде танымал әнші-күйші­­лер де шақырылды. Астанада өтетін мә­дениет күндеріне жылдың басы­нан бері дайындалған болатынбыз. Бес күн­нің ішінде осындағы түрлі мәдени оры­ндарда ауқымды тоғыз шара өткіземіз», – деді ол.

Бұл концертте ірі шығармашылық ұжымдар қатарында қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен орыс ұлт аспаптар оркестрі, «Костанайские зори» би ан­самблі, этнофольклорлық «Забава» ан­самблі мен джаз және танымал әуендер оркестрі көпшілік көңілінен шықты. Ал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арыстан Құрманов «Қостанай» әнін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова «Тархан баба» күйін, «Гауһартас» квартеті «Әдемі», «Менің қалам» әндерін, «Астана Опера» театрының солисі Роза Нұркей «Сильва» ариясын, сондай-ақ Президент оркес­трінің солистері Нұрболат Арзамасұлы, Анар Құмарова «Қостанай» әнін, басқа да жекелеген орындаушылар «Егемен елім – Қазақстан», «Мәңгілік ел» әндерін көрермендерге ұсынды. Айта кету керек, гала-концертте негізінен отаншылдыққа, бірлікке, татулыққа шақыратын әндер орындалып, би қойылымдары ұсынылды.

Қостанай облысының мәдени күн­дерінің ашылуына арналған гала-кон­­церт­тен бөлек ауқым­­ды шаралардың барысында ело­р­да­лықтар облыстың қолөнер шебер­лері­нің, су­ретшілер мен мүсінші­лер­дің туын­ды­ларын, театр әртістері мен спорт­шы­лар­дың өнерлерін тамашалады.

Дәнді өлкенің дәмі

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мырза ақпарат құралдары үшін баспасөз қызметі арқылы таратқан ресми ақпарға қарағанда, биыл өлкенің жергілікті ат­қарушы органдары мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруда белсенді жұмыс жүргізіпті. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі нақты көлемінің индексі – 103,9 пайызды, ауыл шаруашылығы – 100,3 пайызды, негізгі капиталға инвестициялар – 100,9 пайызды, құрылыс жұмыстары – 112,2 пайызды, бөлшек сауда – 102,2 пайызды, жүк айналымы – 102,8 пайызды, жолаушы тасымалы айналымы 103,9 пайызды құраған екен. Индустрияландыру картасы бойынша инвестициялардың жалпы сомасы 124,7 млрд теңгеге жетіп, 84 жоба пайдалануға берілген. Осы арқылы 5 мың тұрғынды жұмыспен қамтып, қазірдің өзінде 421,4 млрд теңгенің өнімі өндірілуде.

Осылай экономикасы өрлеп, жеңіл өнеркәсібі дамыған қостанайлықтар астаналықтарға дәнді өлкенің дәмін тарту етті. Өткен жексенбі күні Есіл өзенінің бір бұрымы Ақбұлақ өзенінің сағасында орын тепкен «Қазақстан» спорт кешені маңында азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған өңірдің 14 ауданы мен қаласы өз өнімдерін әкеліпті.

Облыстық ауылшаруашылық басқар­масының бастығы Байбосын Мурзин мырзаның айтуынша, ауылшаруашылық саласының өнім көрсеткіші соңғы 25 жылда 295 миллиард теңгеге дейін өскен. Астық өндірудің жылдық орташа есебі 5 млн тоннадан асады. Тек өткен жылы 965 мың тонна жоғары сұрыпты ұн облыстан тыс жерлерге жөнелтілген, оның ішінде 860 мың тоннасы немесе 90 пайызы экспортқа шығарылған.

Жәрмеңкеге 50-ден астам кәсіпорын 150 млн теңгенің тауарын әкелген. Мұнда 100-ден аса өнім түрі бар. Барлығы 650 тонна. Нақтырақ айтсақ: ет өнімдері – 33 тонна, сүт өнімдері – 90 тонна, шұжық және жартылай ет фабрикаттары – 59 тонна, макарон бұйымдары – 52 тонна, нан және кондитерлік тауарлар – 57 тонна болса, жұмыртқа 200 мың дана және жоғары сұрыпты 93 тонна ұн астаналықтар үшін саудаға қойылды.

Сатылымдағы тауар құны Астана нарығындағы орташа бағалардан да төмен. Мысалы, сиыр еті – 1250 теңге, жылқы еті – 1500 теңге, қой еті – 1150 теңге, құс еті – 800 теңге, шұжық түрлері – 850 теңге, сары майдың килосы – 950 теңге, жұмыртқаның 10 данасы – 170 теңге, макарон өнімдерінің 1 килосы 140 теңге, өсімдік майының 1 литрі 380 теңгеге сатылды. Көкөністер – картоп, қырыққабат, сәбіз жаңадан алынған биылғы жылдың өнімі екен. Бағалары да қалта көтеретіндей, 70-120 теңге аралығында...

 Қостанайлықтардың арзан өнімін сатып алған астаналықтар зор алғыстарын білдірсе, елордалықтар атынан қала әкімі Әсет Исекешевтің өзі келіп, астықты өлкенің дәмді дәніне дән риза екенін жеткізді.

Тұңғыштар мекені

Қостанай өңірін тұңғыштар мекені десе жарасады. Өйткені, қазақтан шық­қан тұңғыш ағартушы Ыбырай Алтын­сарин, тұңғыш кәсіби журналист Мұ­хаметжан Сералин, қазақтың тұңғыш әліпбиін жасаған Ахмет Байтұрсынов, қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер Мұха­меджан Қарабаев, білімпаз-қайраткер Елдес Омаров, алашшыл тұлға Мір­жақып Дулатов, Ілияс Омаров, сахна саң­лақтары – Серке Қожамқұлов, Елу­бай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Әнуар Боранбаев, сазгерлер Бақытжан Байқа­дамов, Әбілахат Еспаев, жазушы Бейім­бет Майлин, қазақтан шыққан тұңғыш антрополог Оразақ Смағұлов, халық ақындары Нұржан Наушабайұлы, Нұр­жан Ахметбеков деп кете береді.

Жоғарыдағы тұңғыштар салған сүр­леуді тағы бір жаңғырту мақсатында жә­не өлкенің өркендеуіне үлес қосқан тұлға­лар мен Қостанай топырағынан түле­ген зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, облыс әкімі мәслихат-дастарқан рәсімін өткізді.

«Астана төрінде жерлестерімізді жинап сұхбаттасып, пікір алмасу кездесуін өткізудегі мақсатымыз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала­сында: «Әрбір халықтың, әрбір өрке­ниет­тің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп айтып өткеніндей, өздеріңізбен ашық сұхбаттасуға шақы­рып отырмын», – деді әкім Архимед Мұ­хамбетов мырза.

Қазіргі таңда облыс бойынша 30 нысаннан тұратын тізбе жасалып, оның 9-ы республикалық, 21-і өңірлік қасиетті жерлер картасына ұсынылыпты. Сонымен қатар, Амангелді ауданында Кейкі батырдың жаңа кесенесінің құрылысы жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында батырдың бас сүйегін жерлеу рәсімі бо­йынша республикалық деңгейде көлемді іс-шара өткізу жоспарланған. Қостанай ауданында Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып келеді. Таяу уақытта Қостанай қаласында тарихи тұлға Шақшақ Жәні­бекке ескерткіш орнатылатын болады. Бұл іске академик Кенжеғали Сағадиев бастамашылық жасап отыр екен.

Жүздесу барысында зиялы қауым өкілдері Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, экономист Ғалым Байназаров, бел­­гілі меценат Сапар Ысқақов ыстық ықы­ласын жолдаса, 1998-2004 жыл­дары Қостанай өңірін басқарған Өмір­зақ Шө­кеев пен 2004-2012 жылдарда әкім бол­ған Сергей Кулагинге, қарым­ды қа­ламгер Сәбит Досановқа облыстың 80 жыл­дық мерейтойлық медалі табыс етілді.

Этноауылдағы ерекше көрме

Жексенбінің түсі ауғанда қоста­най­лықтардың тойы қала шетіндегі «Этноауылда» жалғасты. Мұнда өңірге аты танымал 20 қолөнер шебері өздері жасаған бұйымдарын көрме сөресіне орналастырыпты. Атап айтар болсақ, қырық жылдан астам қазақ ою-өрнегін зерттеп жүрген танымал этнограф Шөптібай Байділдин өзімен бірге 90 түрлі ою-өрнек түрін көрермен көзайымына ұсынуға әкеліпті. Ағамыздың қорында қа­зақ­тың 1500-ден астам ою түрі бар көрі­неді. Бұған дейін екі кітабы жарық көрген.

Бұдан басқа Арлан Аңқауовтың жұм­сақ жүнді пайдаланып жасаған көркем туындылары да бар. Яғни, ұлпа арқылы аппликацияланған табиғи жүннен сәндік бояулы картиналар салу бұған дейін болмаған дейді мамандар. Бір сөзбен айтқанда, бұл – көркемсурет өнеріне қазақ баласының енгізген жаңалығы. Расында, автордың қолында айрықша патенті де бар көрінеді.

Кестенің шебері Жанар Орын­баева­­ның қолынан шыққан тоқымалы кәдесыйлар мен тері бедеріне акрилді бояумен сурет са­лудың шебері Гүлдана Жор­қабаевалардың еңбегін елемеу мүм­кін емес.

Сонымен қатар, зергер Асылмардан Қабырбаевтың қолынан шыққан күміс сақина, білезік, мойыналқа түрлері әсемдігімен әр берсе, ағаш шебері Таңат­қан Божақовтың бұйымдары шын ше­бердің шынайы үлгісіндей әсер қалды­рары анық. Мүсіншілер Егор Кис­лицин мен Владислав Галбендердің монументалды және станокты мүсіндері, қара тасқа бәдіздеген графикасы, кера­ми­калық туындылары кәсіби деңгейдің межесін әйгілеп тұрғандай.

Екінші бір маңызды дүние – Қос­танай облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан әкелінген жәдігерлер. Осы­лар­дың арасында Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейі қоры­нан алынған Кейкі батырдың кебежесі мен 1916 жылғы ұлт-азат­тық көтеріліс басшысы Амангелді Има­нов­тың домбырасын қызықтап қайттық.

Патша заманында Қостанай өңірі Қарабалық елінде 40 жыл болыс болған Бермұхамед Алдияровтың алтынмен зерлеп, оюмен оқалаған мұрағы (бас киімі) мен оның бәйбішесі пайдаланған күміс зерлі қамзол, алдыңғы қасына ақық тас орнатылған әйелдің ері қатарлы құнды дүниелер бар. Бұл бұйымдарды 1928 жылы Қостанай губкомы қалалық музейге тапсырған. Оған себеп, 1927 жылы Бермұхамед атамыз кәмпескеге ұшырағанда тартып алынған бұл заттар қаланың музей қорына өткізілген. Бұлардан басқа атамыздың былғарыдан жасатып, күміспен көркемдеген қын-қылшалы кісе белбеуін көрдік.

Атшабарда өткен жарыс

Облыс күндерінің жоспары бойынша өткізілуі тиіс тағы бір маңызды шара – ұлттық спорт түрлерінен өтетін жарыстар қала шетіндегі «Қазанат» атшабарында ұйымдастырылды. Жи­налған жұртшылыққа ұлттық ойын түрі қыз қууды көрсеткен қостанайлық ша­бан­доздардың шеберлігіне ел сүйсінді. Одан кейін теңге ілу сайысына қатысқан бес жігіттің арасынан оңтүстікқазақстандық сайыпқыран Сапарбек Мағжан топ жарып, бәске тігілген қаржылай сыйлықты бір демде қағып тастады.

Балуандар үшін бас жүлдені сарап­тауға тігілген 700 мың теңгені қазақша күрестің майталманы, қостанайлық балуан Ерлан Омаров жеңіп алды. Келесі орындарға шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов (400 мың теңге) пен астаналық сақа балуан Ғани Сейділдаев (250 мың теңге) ие болды.

Нағыз көрерменнің қанын қыз­дыр­ған оқиға топ және аламан бәйге жарыс­тарында көрініс тапты. 15 ша­қы­рым­дық бәйге жолына шыққан 23 сәйгү­ліктің арасынан 11 шақырымға дейін 9-ы әрең жетті. Күннің ыстығы ма, әлде қағыр жерге шауып жаттыққан жылқы­лар бәйге жолына төселген қалың құмға шашасына дейін малтығып шаба алмай бұрдықты ма, анығын біле алмадық.

Соңғы айналымға іліккен жеті жүй­ріктің ішінен жамбылдық атбегі Бек­берді Боқаев баптаған төрт жасар ағылшын жылқысы «Бақторы» бірін­ші келіп, бапкері бас жүлдеге тігілген «Ravon Nexia» жеңіл көліктің кілтін алды. Екінші болып шылбыр ұстатқан ақмо­лалық Нұрдәулет Әкімжановтың таза­қанды торысы «Баритон» 1 млн теңгенің сыйлығына ие болса, үшінші орынға тұрақтаған қостанайлық Оразғали Жү­сіповтің «Исток» атты торысына 700 мың теңге бәйге бұйырды. Келесі орын иелері – жамбылдық Айдар Нұрмағамбетовтің «Жұлдызы» мен Алматы қа­ласының тұрғыны Мерхат Бұлғыновтың «Тәуекел» атты үш жасар жылқысы әр­қайсысына тиесілі 300 және 150 мың теңге жүлделерін қанжығалады.

Көрермен көптен күткен аламанға 24 сәйгүлік жіберіліп, бастапқыда аттардың алдына шыққан 17-ші нөмірлі жүйрік соңғы бес айналымға дейін жарыстың алдын бермеді. Жарыс жолының аяқ­та­луына үш айналым қалғанда бұған дейін іркес-тіркес бунақтала шабыс салған жүйріктер топтасты да, соңғы екінші айналымға 12 ат өтті. Басқасы жарыс жолынан шығып қалды. Ақырғы айналымға 8 жүйрік әрең өтіп, бұлардың арасынан қарағандылық Өмірзақ Нұрисламның «Таймасы» топ жарып, бас бәйгеге тігілген «JAG S3» көлігіне қол жеткізсе, екінші жүлде 2 млн теңге қостанайлық жүйрік «Саваш Мерин» (иесі – Оразғали Жүсіпов) атты айғырға бұйырды. Үшінші болып келген Алматы облысының жылқысы «Флейта» 1 млн теңге сыйлық алса, төртінші орын иесі маңғыстаулық Таңатар Әбдіғалидың таза қанды жирені «Джекпот» 500 мың теңгенің жүлдесін жеңіп алды. Бесінші орынға иелік етер жүйрік болмады. Жоғарыдағы төрт аттан басқасы мәре сызығын кесіп өтерлік қауқары болмай болдырып жолда қалды.

P.S. Қостанай облысының мәдени күндері осы аптаның дүйсенбі және сейсенбі күндері де жалғасады. Кеше Астана қаласының орталық алаңында «Славянская песня» атты орыс ұлт аспаптар оркестрі мен «Музыка – душа народа» аты вокалдық-поэтикалық ансамбль концерттік бағдарламасын астаналықтаға ұсынды. Бүгін «Костанайские зори» би ансамблі «Сиқырлы би әлемі» атты хореографиялық шоу өнерін көрсетеді. Ертең, яғни 9 тамызда облыс күндерінің салтанатты жабылуы «Нью-бойс» тобының джаздық әуені аясында Астана қаласының орталық алаңында өтеді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Айгүл СЕЙІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Орынбай Балмұрат,
«Егемен Қазақстан»