Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Қазақ күншілдіктен қалай арылады?

738 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түбінде, адам өмірге жақ­сы іс ат­қарып, жа­ғымды сөз ай­ту­ға келеді. Дегенмен, біз жа­­­қын­­дарымыз бен әріптес­тері­міз­дің, таныс­тарымыз және ауылдас­тарымыздың  кейде сыртымыздан айтқан күншіл күңкілін есітіп, алдында ғана шат көңіл күйіміз күрт өзгеріп сала беретінін кө­ріп жүр­міз. Өткенімізді парақ­тасақ, сол «күншілдіктен» ұлты­мыз­дың асыл азаматтары да мол зар­дап шеккенін  сеземіз. Әйт­песе, қазақтың абызы Әбіш Кекіл­бай­ұлы: «Күншілдіктің шабалаң­да­ған күшігінің әупілі алыстан шық­са – құлағыңды, жақыннан шықса – балағыңды тістейді, бі­рақ бәрібір жүрегіңді жаралайды», деп айтар ма еді?

Қазақ күншілдіктен қалай арылады?

Жақында бір азаматтың мерейтойында болдық. Мереке жақ­сы ұйым­дас­тырылған. Асаба жігіт те қуанышты шараны жарасым­ды жүргізді. Қазақ құлағына жа­ғым­­­­ды әндер де көп айтылды. Той иелері де қонақтарын құрақ ұшып, қар­сы алып жатты. Алайда, бір аза­мат өзге бір-екі сыйлы қонақ­­­тардың  айтқан тілектерін орынсыз  мінеп, білместік жасады, «күн­шілдіктің шәуілдеген күшігін» сыртқа шығарып жібер­ді, мәдение­тсіздігін өзі байқа­май көрсетіп алды.  Өкініш­тісі, осыны көпшілік байқамады, нем­құрайлылық танытты. Жұрт жаңағы адамның азаматтарға айт­қан бір жағы әзіл сияқты кө­рін­генмен, екінші жағында зілі бар сөзін жеңіл қабылдады.

Данышпан Абай: «Қазақ «ине­мен құдық қазу қиын» деген на­қыл айта­ды ғой, мен айтсам сол «инемен құдық қазу» кей көкі­ректен қаскөйлікті қуудан оңайырақ па деймін!»,−депті.  Сөз жоқ, ол заманнан ұзақ уақыт өтті. Адамның білімі, ойы, парасаты өзгерді, өсті. Біз бүгін қайсысының жақсы, ненің зиян, теріс екенін шамалаймыз. Ұлы ойшыл тағы: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі – жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсы­сы жибили, қайсысы кәсиби – оны біл­мек ке­рек»,-депті. Шамасы, біз әңгі­мелеп жатқан күншілдік кәсибиге жатады. Өйткені, ол жасанды,  теріс өне­ге­мен тарап, өрбіп келген. Күн­­шілдіктің шығар жері негізі­нен отбасындағы көлеңкелі тәр­бие. Балаларының көзінше ата-анасы өзгені сыртынан сөге-жаман­дап жатса, бұл ұрпақ үшін аса кесірлі. Сондықтан, әулет бо­ла­шағын ойлаған ата-ана ешкім­ді сыртынан сөкпейді, балаларына да осыған тыйым салады.

Өзгенің күншілдігіне кезіккен адам бір зиян шегеді. Ал, күншіл адамның өзі үш зиян көреді, оның пайым-парасаты құлдырайды, ұсақ пендешіліктен санасы тарылады, сондықтан  оның болашағы  бұлыңғыр.

«Күншілдік» пен әділ сынның арасы жер мен көктей. Біз сын айтыл­масын деп жатқамыз жоқ. Бірақ, әділ сын азаматтың өзіне тікелей, көзіне айтылуы тиіс, «дос жылатып айтады»  дегендей. «Жаны тыныштың ұйқысы тыныш» дейді. Ұйқысы тыныштың ертең­гі ісі де сәтті, нәтижелі. Адам­ның ұйқысы теріс ой мен жаман сөз­ден, күңкіл-өсектен бұзылады. Аза­мат­тың ісі мен тірлігі  өнімді бо­лу үшін оның санасы  қолайсыз ойлар­дан таза болуы тиіс. Адам бала­сы іштей біреуге реніш білді­ріп, оған сыртынан кіжініп, өкпе­леп жүрсе оның жүйкесі тынық­пайды,  санасы мен ынтасы оңды істер­ді алаңсыз атқаруға дайын тұрмайды. Осының бәрі өзіміздің «күншілдігіміздің» арқасында иеленетін «сыбағамыз». Өткен заманда шетелдің бір саясаткері: «Қазақ­ты жеңіп, мұқатқың келсе, қазақты өзіне сал», – деген екен. Сонда ол біздің осы «күн­шіл­дігімізді» өзімізге қарсы пайда­лан­ғысы келгені ғой.  Ендеше, біз сол теріс әдетімізден арылайық, сөй­тіп, жоғарыда айтылған ұғым тамы­рына балта шабайық, өзге ұлт алдында  мерейімізді үстем етейік.

Ұлы Абай Жиырма алтыншы сө­зінде: «Мұның бәрі – қазақ­тың қа­зақтан басқа жауы жоқ, бит­тей нәрсені бір үлкен іс қыл­ған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызыландырсам екен демек. Біреуді ызыландырмақ − ша­риғатта  харам, шаруаға залал, ақылға теріс», депті. Өзге жөнінде оның сыртынан айтқан күншілдік сөзіміз ол азаматтың құлағына ертелі-кеш жетеді. Со­дан ол, әрине, ызаланады. Бұл оның шаруасына зиянын тигізеді, оның оңды ісіне кері әсерін беріп, те­жей­ді. Екі азаматтың арасы сал­қындайды, қашықтайды. Екеуі де осыған байланысты ақыл-санасын амалсыздан тежеп, күш-жігерін пайдалы іске емес, құр босқа шығындайды, екеуінің де рухани мүмкіншіліктері зардап шегеді. Тереңірек, таразылап қа­ра­­са, осы көлеңкелі әдетімізге байланысты қоғамда қаншама жақсы мүмкіншіліктер іске аспай қалды, қанша сауапты істер әлі орныға алмай  жатыр. Оның орны немен толады, кім толтырады, қашан толтырады?!

Бұл індеттің емі де жоқ емес. Әдетте күншіл адам өзгені жамандау сөзін үшінші азаматқа айтады. Тың­даушысы қызығушылық білдіріп, қолдап  жатса, ол күш алады, жаман ойы мен мақсатын дамыта түседі. Керісінше, тыңдау­шысы немқұрайдылық білдіріп немесе қарсылық көрсетсе ол ой­ла­­­нады, өзінің ісіне күмәнмен қарай­ды, сөйтіп ол теріс пиғылдан қайтуы да мүмкін. Демек, күн­шіл­дің жолын тұсап, оны түзу бағыт­қа салу – оған қолдау көр­сет­пеу, оның сөзіне ермеу. Күн­шілдіктің қауіптілігі − оның адамнан адамға оңай жұғуында. Көзге көрінбейтін қатерлі вирус сияқ­ты адам санасын жаулап алуын­да. Егер адам өзгенің біреуді сыр­тынан жамандаған сөзін қызығушылықпен тыңдаса, онда оның осы қауіпті әдет тұзағына түсе бастағаны...

Серікбай  ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік  университеттің  профессоры

ҚЫЗЫЛОРДА