– Иә, Шәмші Қалдаяқов атындағы байқау өткен 1992 жылдың 13 қыркүйегі әлі есімде. Ол кез мәдениет саласындағы ең қиын жылдар ғой, – деп еске алады Құрман Шойынбаев. – Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам әнші, сазгерлер бақ сынады. Қазылар алқасының құрамында Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев сияқты қазақ өнерінің қаймақтары отырды. Ақтық сында байқаудың Гран-приі маған берілді. Бірінші орынды Шәкизада иеленді.
Шәмші Қалдаяқов атындағы байқау-фестиваль көптеген өнерпаздың тұсауын кесіп, үлкен сахнаға жолдама берді. «Біз байқаудың бірінші жеңімпазы атансақ, бүгінде өнерімен, дарынымен елге танымал болып жүрген әншілердің бірқатары осы байқауда сыналып, кәсіпқой атанды. Оның ішінде, өзім ұстаздық етіп жүрген М.Әуезов атындағы ОҚМУ түлектері де аз емес. Мысалы, Мамадияр Таукеев, Хадиша Сейітова, бүгінде жастарға ғана емес, бүкіл әнсүйер қауымға жақсы танымал «Жігіттер» тобы әр жылдары Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық әншілер байқауының лауреаты, дипломанттары атанған болатын. Міне, осындай таланттарға бағыт-бағдар беріп, тұсауын кескен, елге танымал жүздеген өнер жұлдыздарын тәрбиелеп шығарған университеттің ректоры Жұмахан Мырхалықов «Музыкалық өнер» кафедрасының заман талабына сай жабдықталуына, оқытушылар құрамының кәсіби деңгейінің жоғары болуына ерекше көңіл бөліп келеді. Жалпы, кафедра түлектері бүгінде еліміздің барлық облысында қызмет атқарып жүр. Мақтанарлық, үлгі етерлік түлектеріміз, студенттеріміз көп», – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев.
Әнші дәстүрлі байқау-фестиваль биыл да небір жас талаптың бағын ашатынына сенімді. Сонау бір қиын кезеңде әнші есімін елге таныта түскен байқаудың деңгейі бүгінде анағұрлым жоғарылаған. Халықаралық деңгейге жеткен. Жеңімпаздарға берілетін сыйлық та қомақты. Әрине еңбек әділ бағалануымен де құнды. Бұл орайда бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де шәкірттерін өнерге баулып жүрген Қ.Шойынбаевтың керемет дауысын ілгеріде Елбасы Н.Ә.Назарбаев жоғары бағалап, құрмет көрсеткен екен. Әнші Елбасының алдында оншақты рет ән айтыпты. «Менің Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алуыма тікелей Елбасының өзі себепкер болды. Ұмытпасам, 1992 жылдың шілдесі еді. Елбасы сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримов екеуі Оңтүстік жерінде кездесті. Алдымен Түркістанға барды. Одан кейін Шардараны аралайтын болды. Оңтүстіктің бір топ өнерпазы кешкі мезгілде Президенттер алдында өнерімізді көрсеттік. Дастарқан басында ресми азаматтар отырды. Елбасы өлең айтып тұрған менің және қасымдағы бүгінде марқұм болып кеткен домбырашы Мәлік Әбіш екеуміздің өнерімізге тәнті болса керек. Ол қасында отырған осы салаға жауапты басшылардан «бұл жігіттердің атағы бар ма?» деп сұрапты. Содан ертеңіне Мәлік Әбіш екеумізді дереу суретке түсіріп, құжаттарымызды Алматыға жіберді. Бір айдан кейін, дәлірегі 13 тамызда екеумізге Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл атақтың мен үшін орны бөлек», – дейді әнші өткен күндерді еске алып.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы