Қазақстан • 08 Тамыз, 2017

Елордалықтарға жарты жыл ішінде 500 млн теңге айыппұл салынған

123 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында әкімшілік жауапкершілікке тартылған 11806 адамға шамамен 500 млн 225 мың теңгенің айыппұлы салынған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». 

Елордалықтарға жарты жыл ішінде 500 млн теңге айыппұл салынған

Бұл туралы биылғы жылдың алты айын қорытындылаған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Уәлихан Рахматуллаев мәлім етті. Сот төрағасының айтуынша, 2017 жылы 6 айында аталған сотқа 16498 әкімшілік іс келіп түскен. Оның бүгінге дейін 15857-і қаралған. Былтырғы жылмен салыстырғанда келіп түскен әкімшілік істер 303-ке аз болып отыр.

Әкімшілік істердің азаюын Уәлихан Рахматуллаев Сот кабинетінің қолданылуымен байланыстырады. Оның айтуынша, сот сайтындағы Сот кабинеті, яғни электронды жүйе арқылы арыз-шағымдарын берушілер артып келеді. Электронды жүйеге өткендіктен, іс-қағаздармен жұмыс атқару деңгейі азайған. Мәселен, жоғарыда аталған 16 мыңнан аса істің 9400-ге жуығы (жартысынан көбі) Сот кабинеті арқылы келіп түскен.

Әкімшілік істердің арасында 121 іс биыл (отбасылық жанжал) бітімгершілікпен аяқталып отыр. Ал жалпы қаралған істердің 65-70 проценті жол-көлік оқиғасына байланысты қозғалған. Сонымен қатар, Астанада қоғамдық тәртіпті бұзу жағдайларының көбейгені (2580 іс) анықталған. Құжатсыз жүргендер бойынша 343 іс қаралған.

«Алты айдың ішінде 11806 адамға 497 млн 225 мың 222 теңгенің айыппұлы салынды. Оның ішінде 203 млн 369 мың теңге адамдардың өз еркімен дереу төленген. Әкімшілік қамау жазасына 399 адам тартылды. 1167 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды», - дейді Уәлихан Рахматтуллаев.