Қазақстан • 09 Тамыз, 2017

Жетістіктерге жету жолы

166 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елдің экономикалық өсімі, жалпы әлеуметтік ахуалы алға қойған негізгі мақсаттарға қол жеткізумен, жоспарлы межелерді тиімді игерумен тікелей байланысты. Бұл ретте алдымен айқын бағыт, нақты жоспардың болуы өте маңызды. Әрине, біздің елдің кемел келешекке жол тартқан даму бағдарламалары баршылық. Соның ең бірегейі, сүйекті-сүбелісі – бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан кең ауқымдағы жаңғырту жобасы – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары.

Жетістіктерге жету жолы

Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамды орындаудың іс жүзіндегі кезеңі өткен жылдың қаңтарынан басталған болатын. Осыған дейін мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енді. Бұл 2015 жылдың 30 қарашасында жарияланған Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында айтылған мін­дет­тер­ді межелеудің негізгі бағыт-бағдары. Бес институттық реформа, шыны керек, ел экономикасына жаһандық экономикалық қиын­дықтардың ықпалы зор күрделі кезең­де қолға алынды. Мұндағы ауқым­ды жұмыс – индустриялан­дыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша жаңғыртулар кешенімен тікелей байланысты.

«Біздің ұзақ мерзімді ұста­ны­мымыз экономика қызметіндегі транзакциялық шығындарды ұдайы қысқарту болуы тиіс. Олар­дың көлемі, ең алдымен, мем­лекеттік институттардың қалай жұмыс істейтініне байланысты. Салықтық және кеден­дік әкімшілік жүргізуді жақ­сар­туға бағытталған шаралар зор маңызға ие болады», деді Елбасы Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді межелеу мақсаттарына орай. Бұл арада әңгіме алдымен салықтық және кедендік жүйелерді кіріктіру туралы болып отыр. Екіншіден, табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен көшу қарастырылатыны айтылды. Үшіншіден, салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орындылығы мәселесі қарастырылды. Айталық, салық төлемдері Қазақстанның мемлекеттік кірістерінің шамамен 64 пайызын құрайды. Демек, салық және кеден саясатын оңтайландыру – сапалы экономикалық өсім мен еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңызды бөлігі. Ұлт жоспары аясында бүгінде аталған бағыт бойынша қолданыстағы салық режімдерін оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Салық және Кеден кодекстерінің жаңа жобалары әзірленді. 

Салық тұрғысынан мемлекет тарапынан бизнесті әкімшіліктендіруді жеңілдету, несиелеуді ынталандыру, сон­дай-ақ геологиялық барлау жұмыс­тарына инвестициялар салу көзделген. Сонымен қатар, салық консультанттары институтын, дистанциялық аудит және салық несиелерін енгізу жоспарланған. Ұлт жоспары негізінде жаңа Кеден кодексінде декларациялау­ды цифрландыруға көшу жүзеге асырылады жә­не экспорттық-импорттық операциялар бо­йынша «Бір терезе» қағидаты енгізіледі. «Бір терезе» жобасын 2019 жылдың басынан бастап енгізу жоспарланған. Ұлт жоспарының үшінші бағы­ты аясында жүргізілген шара­лар, сонымен қатар, мүлікті заңдас­тырудың жұмыстарына да оң әсерін тигізген.
Ұлт жоспарының экономи­калық блогына кіретін шаралар ел экономикасының өңдеуші сек­торына кем дегенде 10 трансұлттық корпорацияны тартуды қарастырады. Сондай-ақ, жоспарда экономиканың бір­қа­тар перспективалы секторларын дамыту бойынша шаралар қа­рас­тырылған. Бірінші кезекте ол электр энергиясы секторына және энергиялық тиімділіктің өсуі­не қатысты.

Жоспарда 2020 жылға қарай ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығын 25 пайызға және ғасырдың ортасына қарай 50 пайызға тө­мен­­детуге қол жеткізу керектігі жө­нінде нақты тапсырмалар көз­­делген. Ол үшін энергия сервис­тік ке­лі­сім­шарттар тетігі арқылы энер­гия үнемдеу саласына страте­гиялық инвесторларды тарту қа­жет­тігі айтылады. Жеке энергия сер­вистік компаниялардың дамуын белсенділендірудің, олар­ды энергия үнемдеу саласына қыз­меттер кешенін ұсынуға ын­­т­а­ландырудың маңызы зор. Осы­ған орай бүгінде заңнамаға бір­қа­тар жаңашылдықтар қарас­ты­рылған түзетулер енгізіл­ді. Со­ны­мен қатар, салаға инвес­ти­ция­­лар тартуды ынталандыра­тын жаңа тарифтік саясат іске қосылады. Сондай-ақ, өңірлік желі­лік компанияларды іріленді­руге мүмкіндіктер ашылады. Бұл электрмен жабдықтау сенімді­лігін арттыруға, өңірлерде электр энергиясын жеткізу шығын­дарын қыс­қартуға және соңғы тұтынушылар үшін оның бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Индустриялық-иннова­ция­лық дамудың екінші бесжыл­ды­ғы­ның нәтижелері бойынша да бірқатар шешуші көрсеткіштерге қол жеткізілмек. Бизнестің инно­вациялық белсенділігі ІЖӨ-нің 20 пайызына дейін, инновациялық өнімдер үлесін 2,5 пайызға дейін арттыру межеленген.
Көлік тасымалдары жүйе­сі мен транзитті дамыту мақ­са­тын­да, «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдар­ламасында қарал­ғандай, респуб­ликалық маңыз­дағы 7 мың шақырымнан астам ав­томобиль жолдары қайта жаң­ғыртылатын болады. Оларда ақылы жүйе ен­гі­зу жоспарланған. 2022 жылға қа­рай жол жүруден түскен алымдар шамамен 41 млрд теңгені құ­райды, ал ол рес­публикалық маңыз­дағы ав­тожолдардың бүкіл жүйе­сін ұс­тау­ға жағдай жасамақ.

Қазақстанды халықаралық кө­лік­тік-коммуникациялық ағын­­дарға интеграциялау мақса­тында мультимодальды «Еура­зиялық трансқұрлықтық дәлізін» құру бойынша жоба басталды. Ол жүктердің Азиядан Еуропаға кедергісіз транзитін қамтамасыз етеді, жүк жеткізу құнын 2 еседен астамға төмендетеді. Қазақ­стандық маршруттарға қосым­ша жүк ағындарын тарту көлік­тің барлық түрлерімен транзит­тік тасымалды 2020 жылы қа­зіргі 18 млн тоннадан 33 млн тоннаға дейін және 2030 жылы 50 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Кон­тей­нерлік тасымалдарды мемле­кеттік реттеуден босату таяудағы 5 жылда олардың көлемін 500 мың тоннадан астамға ұлғайтуға жағдай жасайды.

Өткен жылы елдің ішкі жал­пы өнімінің өсімі 1 пайызды құрады. Ал биылғы жыл­дың алғашқы алты айының қоры­тыныдысы бойынша, өсім 4,2 пайызды көрсетті. Бірінші жартыжылдықта өсім өнеркәсіпте 7,8 пайыз, ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісінде 3,1 пайыз болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 пайызға артып, тұр­ғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11 пайызға ұлғайған. Өнді­рістік сектормен қатар, қыз­мет көрсету саласы мен бөлшек саудада да өсім бар. Әрине, бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде Ұлт жос­парының үлесі, көпте­ген саладағы жаңғыру жетістік­тері­нің әсері зор. 

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»