Қашаннан-ақ ұлттық экономика үшін сыртқы сауда құрамындағы импорттан гөрі экспорт көлемінің маңызы өте зор екені белгілі. Әсіресе, экспортқа шикізат шығарғаннан гөрі дайын өнім өндіру нәтижелі болары сөзсіз. Өйткені, тек тұтынушыға ұсынылған дайын өнім ғана өндірушіні пайдаға кенелтеді. Оқырманға түсінікті болуы үшін бір мысал: қой терісінің құны арзан, шамалы тиын-тебен тұрады, ал одан дайын тон тіксе, ондаған, жүздеген мың теңгеге сатылуы әбден мүмкін. Ендеше, Елбасы Жолдауындағы «Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр», деген міндеттемесі көңілге әбден қонымды тапсырма екені хақ. Бұл шараны іске асыру үшін, әрине, экспортқа қатысы бар өндіруші кәсіпорындарды «бір шатырдың астына біріктіріп», ортақ стратегия жасау көптен күткен мемлекеттік шешім екені даусыз.
Бүкіл ТМД елдерінің арасында экономикамызға шетелден күрделі қаржы, тікелей инвестициялар тартуда біздің еліміз алдыңғы орында екені рас. Алайда бізден шетелге кетіп жатқан қаржының көлеміне назар салған жөн. Осыған орай, соңғы жекешелендіру және заңдастыру акциясынан түскен қаржы 5,7 триллион теңге болса, оның ішіндегі таза ақша қаржаты 4,1 триллион теңге деп көрсетілген. Бұл да көптен ойда жүрген түйткілді мәселе еді. Қаржының қайтуы көңілге қонарлық нәтиже десек те, көптеген олигархтарымыз шетелде сайрандап, ел экономикасын көтеруден қашқақтап жүргені белгілі. Осы орайда екі жыл бұрын құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына жүктелген міндет ойымыздан шығып отыр. Әрине, шетелден күрделі қаржы, тікелей инвестициялық ресурстарды тартуда арнайы қаржы институтының әрекет етуі қажет екені даусыз. Мәселен, Қытаймын бірлескен инвестициялық жобалар екіжақты мақұлданып, енді іске кірісетін кез келді. Президент бұл жерде электромобиль зауытына аса көңіл аударып отыр. Әрине, шетелге электромобиль шығаруды ықыласпен қуаттауға болады, алайда оны терең зерттеу керек. Осы саладағы жаһандық бәсекелестік бір жағынан, қиындық тудырар болса, екінші жағынан, электромобильдердің аккмуляторларына қуат беретін бекеттердің жүйесін импортқа электромобиль алған елдерде кеңінен тармақтап тарату орасан зор қаражатты талап етері сөзсіз.
Айтпақшы, Жолдауда аталған халықаралық ынтымақтастық аясында қорғалатын ұлттық мүддені, біздің ойымызша, келесі үш қағидатқа сүйене отырып жасаған дұрыс болар еді. Экономикалық теория тұрғысынан осы мәселені қарастырсақ, адамзат тарихында ерекше із қалдырған экономистердің ілімдеріне тоқталуымыз қажет. Біріншісі – XVIII ғасырда «Халықтар байлығы» кітабымен адамзатты дүр сілкіндірген ағылшын классикалық саяси экономиясының ең белді өкілі Адам Смит. Ол қоғамдық еңбек бөлінісі қағидасын зерттей келе, абсолюттік артықшылық деген ұғым енгізген. Халықаралық еңбек бөлінісінде абсолюттік артықшылыққа ие болған ел басқа елдер өндіре алмайтын ерекше мүмкіндіктерді иемденеді. Мысалы, Үндістан – шай, Бразилия – кофе, Гаваи банан өсіріп, өндіріп сату арқылы абсолюттік артықшылықты қолданған ел ретінде, өзіне тән ерекше өнімдерін экспортқа шығару арқылы экономикасын өркендетіп отыр.
Екінші – ойшыл экономист, ағылшын классигі Давид Рикардо салыстырмалы артықшылық теориясын ұсынған болатын. Бұл теория бір өнімді бірнеше ел өндіру мүмкіндігіне ие болса да, ішіндегі бір елдің өнімінің сапасы мен тиімділігі анағұрлым артық болуы мүмкін, сондықтан да басқа елдер осы өнімді өндіруді қысқартып, өзге тиімдірек өнімді өндіріп, өзара саудаға түссе, жалпы өнім қосындысы анағұрлым көп болатынын дәлелдеп, жаһанданудың негізін салды.
Үшіншісі – XX ғасырдың 80-жылдарында өз қағидатын жария еткен экономист Майкл Портер адамзатқа бәсекелестік артықшылық идеясын көлденең тартты. Оның пайымдауынша, бүгінгі күні табиғи географиялық факторларға сүйенетін абсолюттік және салыстырмалы артықшылықтардан гөрі, білім, ғылым және инновацияларға негізделген бәсекелестік артықшылық айрықша рөлге ие болды. Біздің ойымызша, сыртқы саудаға халықаралық еңбек бөлінісіндегі өзіміздің абсолюттік, салыстырмалы және бәсекелестік артықшылықтарымызды бетке ұстап араласқанымыз және өз орнымызды тапқанымыз абзал.
Жанкелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты