Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьорн Ягландпен кездесті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Палата Төрағасы қалыптасқан байланыс туралы айта келіп, Қазақстан 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» бағдарламасын жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етті. Онда мемлекетіміздің ішкі реформаларын жүзеге асырудың арқасында еуропалық стандарттарға жақындату жөніндегі стратегиялық жоспары айқындалған.
О.Мұхамеджанов өз сөзінде мейманның сапары ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңына сәйкес келіп отырғанын, осы кезең ішінде Қазақстан халықаралық деңгейде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың басшылығымен айтарлықтай табысқа жеткенін айтты. 1991 жылы 29 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл әлемдегі ірі сынақ аймақтарының бірі болатын. 2010 жылы сәуір айында Вашингтон қаласында ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық Саммитте Президент Н.Назарбаев ядролық қарусыз әлем декларациясын әзірлеу қажет екені, МАГАТЭ шеңберінде ядролық отынның халықаралық банкін Қазақстан аумағында орналастыруға әзір екені жөнінде ұсыныс жасады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында сөйлеген сөзінде Президент осы бастамасын тағы да жария етті, деді Мәжіліс Төрағасы.
Мәжіліс Төрағасы мейманға мемлекет саясаты туралы жан-жақты айта келіп, Қазақстан 2010 жылы ТМД елдерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін, биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік ету жөніндегі маңызды міндетті өз қолына алғанын мәлімдеді. Кездесу барысында тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі ұлттараралық және діндераралық келісімге негізделген ішкі тұрақтылық екені айтылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш рет съезі болып өткені, 2012 жылы төртінші съезі өтетіні мәлімделді. Еліміздің басқа табыстары да аталды.
Мейман өз кезегінде: «Қазақстан – біз үшін маңызды мемлекет. Біз Қазақстанды тұрақтылықтың мекені, ядролық қарусыздану және әлемді қауіпсіздікпен қамтамасыз ету бастамашысы деп білеміз», – деді. Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы өзара саяси ынтымақтастық байланыс алдағы уақытта да жоғары деңгейде дами беретініне сенім білдірді.