Аймақтар • 09 Тамыз, 2017

Түркістанның түпкілікті тұрғыны болғысы келетіндер көбейді

241 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Түркістан қаласынан жүз шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1300 метр биік­тікте орна­ласқан сар­қырама-үңгір «Жылаған ата» деп аталады. Сарқыра­ма атау­лыңыздан су үзіл­мей­­тіні мәлім, ал «Жылаған ата­дан» су белгілі бір уа­қыт көлемінде ғана аға­ды. Ешқан­дай уақытқа бағын­бай­тын тылсым, на­ғыз жұм­­бақ сар­қырама. Сарқырама­ға барған әрбір адам кел­ген сәтінен судың аққан жә­не тоқтаған мезеттерін көргісі келеді.

Түркістанның түпкілікті тұрғыны болғысы келетіндер көбейді

Әсіресе, Ресей, Өзбекстан, Қыр­­­­­ғыз­стан, Татар­стан, Қытайдан жә­не еліміздің барлық өңірлерінен келу­шілер көп. Жылына екі мың­ға жуық адам «Жылаған ата» үң­гірі­­нің құдіретіне қайран қа­лып, табиға­тын тамашалап қайтады екен. Келу­шілер саны мұнан да көп бо­лар ма еді, егер жақсы жол салын­са. Әзірге бұл жер­ге арнайы жол талғамайтын көлік­термен ға­на ба­ру­­ға болады. Сонда да та­би­ғат таң­ғажайыбын көру үшін 3 шақы­рым­дай жолды жаяу жүруге тура келеді. Жол қиындығына қара­мастан жыл са­йын таби­ғат тылсымын тама­ша­­лау­­ға келе­­тін­­дердің көбейе тү­суі турис­тік ор­та үшін таптырмас бағыт екен­­­дігін дәлел­деп отыр. Сон­дық­тан Түркістан қа­ла­­лық әкімдігі жол-көлік инфра­құры­лымын қа­лып­тастыру жөнінде ұсыныстар әзірлепті.

Иә, Түркістан тарихи, мәдени жә­не ді­ни жәдігер­лерге бай қала. Қа­ла әкімі Ә.Өсер­баевтың мәлім­деуін­ше, осыдан 4 жыл бұрын қа­­ла­ға 618 мың турист кел­се, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 млн 60 мың болған, оның 24 мыңы алыс-жақын шетел азаматтары. Өт­кен жылы туристерден 4080,0 млн тең­­ге табыс түсіп, бюд­жет көлемі 110,0 млн теңгеге ұлғай­ған. Туризм­ді дамыту мақсатын­да «Көне Түркістан» тұжы­рым­­да­масы жасал­ған. Алды­мен қызмет көрсету сапасын арт­­тыру бағы­тын­да Түр­кіс­тан қала­­сын­да­ғы Халық­­ара­лық қа­зақ-­­түрік университетінде «Гид-­экскурсовод», «Мейрамхана ісі», «Мейрам­хана даяшылары», «Туризм менеджері», «Қонақүй бизнесі» мамандарын қайта даярлау үшін жұмыстар үйлестірілуде. Сондай-­ақ, «Нәти­желі жұмыспен қамту орта­лығы 2020» арқылы туризм сала­сының аталған маман­дықтары бойынша 32 азамат қай­та даярлау курстарынан өткен. ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдер­дің мәдени ошақтарын нақты тарихи си­пат­та, сол елдерге тиісті құрылыс­тарын салдырып, әрі қа­рай өз қара­мағында ұстау туралы ұсы­­ныс беру көзделіп отыр. Түркі тіл­дес елде­рдің ұсынған жо­ба­лары заңдылығына сәйкес инвес­тициялық келісім арқылы жұмыс жүргізілмек. «Түркістан − түркі әлем­нің мәдени астанасы» болып бекі­тілуі де турис­тер санының артуына септігін тигізуде. 

Түркістандықтар бейресми жүр­­гі­­­зіп келе жат­қан ерекше бір ста­­­тис­тика­­лық мәлі­мет бар. Тәуел­сіз­дік жыл­­дарында Елба­сы Н.Назарбаев Түркіс­танға 13 рет ке­ліпті, сондай-ақ, 6 мем­лекет­тің президенттерін осы қала­да қа­был­даған. Бұл де­рек­­тер­дің ма­ңы­­зы те­рең екенін тұр­ғын­дар жақ­сы біледі. Мемлекет бас­шы­сы «Қазақстанның рухани орта­лығы» деп бағалаған Түркістан қала­сының дамып, өркендеуіне ерек­ше ықылас танытып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау­дың нәтижесінде қала күн са­йын көр­кейіп, әлеу­мет­тік-эконо­ми­калық жағ­дайы жақсара түсуде. Мысалы, тәуелсіздік жыл­­дары ішін­­де Түр­кістанда жаңа­дан 38 мек­­­теп ғимарат­ы салынды. Бұ­қа­ралық спорт­ты дамыту мақ­са­тында 48 спорт нысаны пайдалану­ға берілді. Сондай-ақ, 50 балабақша ашылып, медицина саласында 23 ден­сау­лық сақтау нысаны бой көтерді. Жуырда Оңтүстік Қазақ­с­тан облысының әкімі Жансейіт Түйме­баев Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округі­нің орталы­ғындағы ауысымына 100 нау­қас қабылдайтын емхананы ашты. 231 млн теңгеге салын­ған емхананың ғимараты заман тала­бына сай жабдықталған. Облыс әкі­мі сол жолы Жүйнек ауыл­дық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» бала­бақ­шасының ашылу салтанатына қа­тысты. Өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы саласында да ауыз тол­­тырып айтарлық жетіс­тіктер көп. Мыса­лы, ауыл шаруа­шылы­ғы сала­сын­да 1991 жылы шаруа­лар саны 410 болса, қазіргі күні қала аумағында 3600 шаруа қожа­лығы тіркелген. Мал ба­сы­ның бар­лық түрін қосқанда 1991 жылдары 210 мыңнан асса, бүгінде 635 мыңға жетіп, 3 есеге артып отыр. Қа­ла кәсіпорындары өт­кен жыл­дың қорытындысымен 13677,8 млн теңгенің өнеркәсіп өнімде­рін өндірді. Бұл көрсеткіш биыл 103,8 пайызға артады деп күтілуде. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 4465,7 млн теңгеге 18 жоба ен­гізіл­ді. Оларда 885 жұмыс орнын ашу көзделген. Қазіргі таңда құны 2493,0 млн теңге болатын 13 жоба іске қосылып, 574 жұмыс орны ашылған. Оларда 1610,2 млн тең­ге­нің өнімі өндіріліп, жалпы өнер­кәсіп өнімі көлеміндегі үлесі 11,8 пайыз болып отыр.

– Биыл қаламыздағы индус­трия­л­ық ай­мақ­тан жоба құны 7766,0 млн теңге болатын, жаңа 183 жұ­мыс орны ашылатын 3 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал индус­триялық аймақта бой көтерген «Grand Miks» жиҺаз бұйым­­­дарын шыға­­ратын цех жұмы­­­сын бас­тады. Елі­міздің 12 облысына өнім­­­дерін тара­тып отыр­ған цех көлемі алда­ғы уақытта да ұл­ғая түс­пек. Мұн­да жатын жи­һа­зы, ас­ха­на жиһазы, балаларға арнал­ған жиһаздар секіл­ді жылына 24 мың дана түрлі заттар шыға­рылады. Цехта 100 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылған. Оран­ғай ауылдық округінен құны 110 млн теңге, қуат­тылығы сағатына 9 тонна көкөніс өңдейтін, Шаға ауылдық округінен 130 млн теңге­ге, қуат­тылығы тәулігі­не 15 тон­на құра­ма­жем дайын­дай­тын цех іске қосыл­ды. Сондай-ақ, “Яссы құс” ша­руа қожа­лығы етті және жұмыртқа бағыт­тағы ша­ғын құс фабрикасы жоба­сы­ның І-ші кезегі жұмысын бастады. Өткен жылы осы құс фабрикасы 4,4 млн дана жұмыртқа өндірді. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтыл­ған. Қала бойынша жалпы көлемі 57,76 гектар 552 жылыжай бар. Оның ішін­дегі өнеркәсіптік жылы­жай­лар 16,2 гектар. Түркістан қаласы аума­ғындағы жылыжай көлемін 95 гектарға жеткізу үшін жұмыстар жүргізілуде. Осы жоба іске ас­қан­­да қала халқы жылыжайда өн­ді­рілген өніммен, яғни қызанақ, қияр және басқа да көкөністермен толық қамтамасыз етіледі. Одан әрі біз жылыжай өнімдерін өзге аймақ­тарға сау­далайтын боламыз, – дейді қа­ла әкі­мі Ә.Өсербаев.

Сонымен бірге, ауыл шаруа­шы­лы­ғы сала­сында суармалы жер көле­мін ұл­ғайту, қала аума­ғындағы коммунал­дық меншіктегі 11 канал­ға күр­делі жөндеу бағы­тын­да жұ­мыс­тар жүр­гі­зіл­мек. Бұл жоба іс­­ке ас­қан­­да қосым­ша 1580 гектар суар­ма­лы жер айна­лы­мға қосыла­ды. Сондай-ақ, көк­тем­гі ағын суларды игеру үшін қала аума­ғында 4 су қоймасын салу жобасы дайын­далған. 

Қаланың экономикалық-әлеу­мет­тік ахуа­лының жақсарып, рухани орта­лық ата­нуға лайықты болу мақ­са­­тын­да атқа­ры­лып жат­­қан істер­дің нәти­жесі болар, Түркіс­танда өмір сүр­гі­сі келетін­дер са­ны ар­та түсуде. Халықтың өсімі жоғары және ауыл-аймақтар мен тіп­ті көрші­­лес облыс­тардан кө­шіп келіп жат­қан тұр­ғын­дар да бар. Яғни тұр­ғын үй­ге деген сұраныс жоғары. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде 6 мыңнан астам азамат, үйіргелік жер алу үшін өтініш білдірген 25 мыңға жуық азамат кезекте тұр. Соңғы жылдары тұрғындардың өтініш-тілектерін қанағаттандыру мақсатында кешенді жоба қолға алын­ған. Атап айт­сақ, соңғы 2-3 жыл көле­мінде қала­ның жаңа орта­лығын қалыптас­тыру үшін шығыс бөлі­гінен «Отырар» шағын ауданы құрыл­ды. Был­тыр облыс басшысы Жан­сейіт Түймебаевтың қаты­суы­мен 300-ге тарта пәтер, яғ­ни 9 қабат­ты екі үй және 5 қабат­ты екі үй пайдалануға берілді. Ал бү­гін­гі таң­да әрқайсысы 60 пәтер­лі 5 қабат­ты 8 үйді шілде айын­да пайдалануға беру жоспарланып отыр. Одан бөлек тағы да осын­дай 6 көп қабатты үйдің құры­лы­сы бас­талған. Ке­лер жылы осы аумақтан мектеп, бала­бақша салынбақ. Сондай-­ақ, 150 коттедж және 20 көп қа­батты үйлер салуға құжаттар ресім­делуде. Келешекте бұл шағын ауданда 100 көп қабатты үй салынатын болады. Демек, Түркістан ірі қала­лардың қатарына қосылады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»