Әйтеуір, күннің көзі жылынғанда сенбіліктер ұйымдастырылып жатады. Жекелеген ұйымдар тазалық акцияларына ұйытқы болып жүр. Алайда, мұның бәрі келеңсіз көріністерді қаншалықты өзгерте алады? Қысқасы, қоғамдық санаға сәуле түсірмек ниетінде таяу күндері Carlsberg Kazakhstan компаниясы Алматы әуежайының маңындағы көлде «Мөлдір су» экологиялық науқанын қайта қолға алды. Маңыздысы сол, бұл акцияға қосылғандар көлдің көзін бітеген, суын ластаған қоқысты қайта өңдеуге тапсырды.
«Мөлдір су» экологиялық бастамасы негізінен Қазақстан суларының экожүйесін сақтап қалуға, сонымен бірге қоқыстарды бөлек жинау және өңдеу мәдениетінің дамуына үлес қосуға бағытталған. Компания бұл іске өз серіктестерімен қоса, журналистерді және өз еркімен қосылған жандарды да тартып отыр. Осылайша, 2017 жылдың соңына дейін Алматы, Қарағанды, Атырау, Петропавл қалаларының, Алакөл көлінің бес локациясында қоқыс жинау жоспарланып отыр. Оған қоса, үстіміздегі жылы бұл науқан тағы бір қырынан танылатын болады. Қатысушылар қоқыс жинау орындарында қоқыстарды іріктеп, жиналған қоқыстардың бір бөлігі қайта өңдеу үшін арнайы мамандандырылған ұйымдарға тапсырылады. Соның ішінде шара барысында жиналған пластиктен осы жобаның мердігері – Zeta компаниясы қоқыс жинауға арналған контейнерлер жасап, кейін оларды қоқыстан тазартылған аймақтарда орнатуға береді.
Мұндай механизм заманауи шешімдердің көмегімен пластик шөлмектің қалдықтарынан кез келген өнімді жасауға болатын тамаша шикізат шығатынын көрнекті түрде насихаттағалы отыр.
Бір жағынан, бұл бастама Carlsberg Group - Together Towards ZERO ғаламдық тұрақты даму стратегиясының қисынды құрамдас бөлігі екенін айта кетуге болады. Яғни ғаламдық стратегияда «Нөлдік су ысырабы» деп аталатын бұл мақсат бірқатар факторларды басшылыққа алады. Өйткені, бүгінгі таңда әлемде суды оңды-солды тиімсіз жұмсайтын орындар тым көп болғандықтан, судың жетіспеушілігі көкейкесті мәселеге айналып барады.
«Біздің бағдарламамыз биылғы жылы Астанада ЭКСПО-2017 секілді аса ірі шара өткізіліп жатқан уақытта Қазақстан нарығы үшін аса көкейкесті болып отыр. Бұл көрмеде жасыл экономика және энергияның жаңғырмалы көздері саласындағы ең үздік шешімдер мен ең жаңа технологиялар ұсынылуда. Сarlsberg Kazakhstan көптен бері тұрақты дамуды басым мақсат ретінде таңдап, бүгінгі таңда өзінің қызметі нәтижесінде қоршаған ортаға жағымсыз әсерін азайту саласында едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Сөйтіп, 2012-2016 жылдар аралығында электр қуатын тұтынуды – 42%, жылу қуатын тұтыну – 51%, суды тұтыну 47% төмендетті», – дейді серіктестік өкілі.
Не десек те, бұл бастама бір ғана компанияның қоршаған ортаны құрметтеуге қатысты тірлігінің бір парасы. Мұндай мысалдар әр адамның, әрбір өндіріс орны мен өмір сүрген тіршілік иесінің ұстанымы болса онда біз жүрген жер жұмақтың өзі болмай ма?
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ