Аймақтар • 09 Тамыз, 2017

СҚО-да сэлфиге түспек болған оқушы токқа түсіп қалды

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық 15 жасар жасөспірімнің селфиге әуестігі соншалық, жоғары вольтті бағанаға өрмелеп шыққан.

СҚО-да сэлфиге түспек болған оқушы токқа түсіп қалды

Құтқарушылар дер кезінде көмекке жетпегенде оның ақыры қайғылы оқиғаға соқтырары кәдік еді. Мамлют қаласының  9-сынып оқушысы  айрықша сурет жасап,  құрбыларын таңдандырмақ болған.  Сөйтіп, қолына ұялы телефонын алып, жоғары вольтты бағанаға шыққан. Қас-қағым сәтте ток соққанын өзі де аңғармай қалған.

Мамлют ауданының ІІБ кезекші бөліміне жас жігіттің бағанада асылып тұрғаны жайлы хабарлама келіп түскен.  Электршілер  оқиға  орын алған жерге жедел жетіп, кернеуді тоқтан  ажыратқан. Мектеп оқушысы  шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жедел жәрдем көрсетілген.   Қуанышқа орай,  «өзімшіл» әуесқойдың  селфиге әуестігі  күйік жарақатын алумен ғана  шектелген. Қазіргі уақытта денсаулығы қалыпты болғанымен, әбден үрейленіп  қалғаны байқалады.

«Балалар биік ғимараттарда, судың жағасында және басқа да жерлерде  айрықша суретке түсуге құмар. Былай қарағанда қауіп жоқ сияқты. Бірақ желдің екпіні, электр кернеуі, топырақтың опырылу секілді адам өміріне қауіп төндіретін құбылыстарды ескере бермейтіні өкінішті. Сондықтан ересектер балаларға селфимен әуестенудің қауіптілігін түсіндіруі қажет. Әлемнің көптеген елдерінде моноподтарды пайдалануға арнайы тыйым салынған», делінген облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өмір Есқали.

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы