Қаржы • 09 Тамыз, 2017

Грузия Қазақстанға қарызын қыркүйектен бастап төлейді

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Грузия Қазақстанға қарызын алдағы қыркүйектен бастап төлейді. Бұл туралы Қазақстанның Грузиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермұхамет Ертісбаев Астанада өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

Грузия Қазақстанға қарызын қыркүйектен бастап төлейді

Елшінің айтуынша, Грузия қаржылай берешегін Париж клубы жүйесі бойынша, аз пайыздық мөлшерлеме арқылы төлемек. «2013 жылы Грузияға елші болып барғанда бірден осы мәселені көтердім. Келіссөздердің нәтижесінде олар қарызын күзден бастап төлеуге келісті. 20 жылдай бұрын біз Грузияға 27,5 миллион доллар берген болатынбыз», – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Қазақстан мен Грузия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы басталды. Жалпы екі ел арасындағы байланыстың қарқынды жүргізілгенін мынадан байқауға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы ресми іс-сапармен барып қайтты. Соның нәтижесінде, «Казтрансгаз», «Қазмұнайгаз», «Қазтрансойл», «Ромпетрол» секілді көптеген қазақстандық компаниялар Грузияда жұмыс істеп жатыр. Еліміз Грузия экономикасының негізгі инвесторларының бірі болып саналады. 2016 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 67,1 миллион долларды құрады.

Айта кетейік, Грузия президенті Г.Маргвелашвили Қазақстанға ресми іс-сапармен келіп, «ЭКСПО-2017» xалықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған Грузияның ұлттық күнінің ашылу рәсіміне  қатысқан-ды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»