ЭКСПО-2017 • 09 Тамыз, 2017

Гвинея ұлттық күнін атап өтті

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 көрмесі алаңында Гвинея Республикасы ұлттық күнін атап өтті.

Гвинея ұлттық күнін атап өтті

Мерекелік іс-шарада Қазақстан мен Гвинеяның тулары көтеріліп, әнұрандары шырқалды. Жиында Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов алғысөз алды.

– Алдымен, Қазақ елі атынан, сондай-ақ, өз атымнан Гвинея Республикасының делегациясына және елордамызға келген шетелдік қонақтарға қош келдіңіздер дегім келеді. ЭКСПО-2017 – еліміз үшін маңызды оқиға. Биыл қос мемлекет арасындағы қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Гвинея Қазақстанның Батыс Африкадағы маңызды әріптесі болып есептеледі, – деді Абзал Нүкенұлы.

ЭКСПО көрмесі жасыл энергетиканы насихаттаумен қатар, инвесторларға да ыңғайлы жағдай туғызып отыр. Батыс Африкада орналасқан бұл ел минералды, гидроэнергетикалық және ауыл шаруашылығы ресурстарына өте бай. Сонымен қатар, алмаз, алтын, уран, боксит секілді заттар бойынша әлемде алдыңғы қатарды иеленіп тұр. Бұл мемлекет бүгінде баламалы қуат көзіне толығымен қолдау білдіріп отыр. Осы бағытты дамыту үшін энергетикасы дамыған мемлекеттердің тәжірибесін қолданысқа енгізуді жоспарға алып отыр.

Мәліметтер бойынша бұл мемлекетте қаладан тысқары орналасқан кейбір елді мекендерде әлі күнге дейін жарық жүйесі қойылмаған. Халқының 70 пайызы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді.

– Алдағы үш жылда, яғни 2020 жылға дейін Гвинея Республикасының 65 пайызын электр энергиясымен қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Оған жағдайымыз толық жетеді, қажетті ресурс та бар. Әсіресе, су электр стансаларын көбірек салуға мүмкіндік бар. Міне, қазіргі уақытта осы саланы дамытсақ деп жоспарлап отырмыз. Алайда, бұл мақсатымызды жүзеге асыру үшін қаржы қажет, инвесторларды барынша тартуымыз керек. Қазір арнайы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. ЭКСПО көрмесінің бұл ретте үлкен септігі тиетініне сенімім мол, – деді Гвинея Сауда министрлігінің штаб басшысы Бала Допавоги.

Шара соңында арнайы музыканттар тобы ЭКСПО аумағын думандатып өтіп, Африка плаза павильонына кірді.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»