ЭКСПО-2017 • 10 Тамыз, 2017

Астананың айшықты келбеті әлемге көрсетіледі

174 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемге белгілі, 450 миллион көрермені бар «National Geo­graphic» телеарнасы ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесінің бас­ты нысаны – «Нұр әлем» сфе­расы туралы деректі фильм түсірді.

Астананың айшықты келбеті әлемге көрсетіледі

Ажары айшықты елорда көркінен шабыт алған түсірілім тобы бір ғимараттың ғана емес, Арқа төсіне бой көтерген тұтас Астананың қалыптасу тарихын бейнелеуді ұйғарған. Фильм Дубайдағы «Бурдж-Халифа», Куала-Лумпурдағы «Петронас», Ла-Манш бұғазындағы Еуро­тоннель сынды әлемнің атақты ғимараттарының құрылыс тарихы көрсетілетін «Мегағимараттар» деректі сериалының бір эпизоды болып табылады. 
Туындыда Қазақстан аста­на­сын­дағы қолайсыз ауа райы мен күрделі логистикалық, инфрақұрылымдық жағдайларға қарамастан «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы сияқты ірі нысандардың, жаңа вокзал мен Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының тұрғызылуы туралы баяндалады. Басты назар шыныдан тұрғызылған әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат – «Нұр әлем» павильонына аударылады. National Geographic түсірілім тобы сфераның соңғы шынысы орнатылған тарихи мезетті де түсіріп алған. 

Түсірілім жұмыстарына Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, өз идеясынан ту­ған жаңа астананың бой көтеруі тура­лы баян­дап береді. Қырық бес минут­тық «Мегағимараттар: Астана – бо­ла­шақтың қаласы» фильмінің алдын ала көрсетілімі елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесі кешенінде өтті. Фильмнің әлемдік тұсаукесері 40-тан астам мемлекетте 22 тілде ұсынылмақ. 

«Фильмнің негізгі тұсаукесері «National Geographic channel» арнасында өтеді және Ұлыбритания, Ита­лия, Испания, Польша, Сингапур, Үндістан секілді барлық Еуразия аумағында екі жыл бойы көрсетіледі. Әзірге көрсетілімнің нақты саны белгісіз», деген «National Geographic Partners» Еуропа-Африка бөлімінің атқарушы вице-президенті Дебора Армстронг Астана құрылыстары қайта­лан­бастығымен және өзгешелі­гімен таң қалдыратынын, ғажайып әрі тартымды қала екенін айтты.  

«Ең алдымен, бұл Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арманы еді. Аз уақыттың ішінде  оның барлық ойлағаны іске асырылды. Көрме аумағындағы құрылыстар, сондай-ақ, «Нұр әлем» павильоны әлемнің әр түкпірінен көптеген адам­дарды тартады. Біз «National Geog­raphic: «Мегағимараттар: Астана – бо­ла­шақтың қаласы» деректі фильмі­нің көрсетілімі аясында жас аста­наның осындай тамаша нысандары­мен таныстыратынымызға өте қуа­ныштымыз», деді вице-президент.

Телеарнаның Еуропа-Африка бөлімінің атқарушы продюсері Иван Бусо картинада қаланың қалыптасу тарихына ғана емес, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне де баса назар аударылғанын жеткізді. «Біз өз фильмдерімізде адамдар тіпті ойланбайтын нәр­се­лер­ді көрсетеміз. Мен осы жобада жұмыс істей бастаған кезімде – 20 жыл бұрын Астана мұндай тамаша ғимараттарсыз шағын ғана қала бол­ғанын білдім. Қазір қазақ елордасы гүлдене түскен. ЭКСПО-2017 объектілері, атап айтқанда, «Нұр әлем» ұлттық павильоны 21 айда салынып шыққан. Осы сынды тарихтар адамдарды қызықтырып, таң қалдырады. Бұл фильм әлем жұртшылығын Қазақстанға келуге шабыттандыратыны сөзсіз», деді ол. 
Мамандар мәлімдегендей, телеарна ұжымы бұл фильмді әлемнің 170 елінде 37 тілде көрсетуді жоспарлап отыр.

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»